Әлем • 23 Мамыр, 2021

Даудың басы – Еуропадағы вакцина саясаты

353 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Вакцинаның бір компонентін алу мүлде екпе салғызбағаннан гөрі жақсы. Бірақ еуропалықтар арасында вакцинаның бір бөлігімен шектеліп жатқандар аз емес. Сондықтан аймақта «жасыл сертификат» саясаты енгізілмек. Ал бұл мемлекеттер арасында саяхаттауға қалай әсер етеді?

Даудың басы – Еуропадағы вакцина саясаты

Oxford пен AstraZeneca екпесін салдырғандар қайтпек?

Жақында елімізде бірқатар ғимаратқа, тіпті елорда мен Алматыдағы әуежайға кіру үшін коронавируспен ауырғанымыз не вакцина алғанымыздан хабар беретін  Ashyq бағдарламасы арқылы тексеру міндеттелді. Бұл – басқа мемлекеттерде де қолданысқа енгізілген тәжірибе. «Дижитал жасыл сертификат» деп аталатын Еуропа елдеріне ортақ жүйе азаматтың денсаулығына қатысты ақ­парат береді. Яғни құжат оның бұрын-соң­ды коронавиус жұқтырғанын, ауырып жүр­генін, науқастармен байланыста бол­ғанын көрсетеді. Ал ел арасында емін-ер­кін сая­хат­тау үшін вакцина алу шарт. Еуропа хал­қы вакцина вирустан толықтай сақта­май­тын болса, оның қажеті не деген сұрақ қояды. Одан бөлек, вакцина ектірсек, қанша компоненті қажет деген тағы бір сауал ортаға салынды.

Еуропа Одағы 4 вакцинаны мақұлдады. Бүгінде халықты вакциналау жүргізіліп жатыр. Вакцина дайындаушылардың басым бөлігі вирусқа қарсы екпені екі компонентте дайындаған. Арасына уақыт салып егу тиімді дейді өндірушілер. Ал Johnson & Johnson компаниясы бір дозаның өзі жеткілікті дейді.

Бір қызығы, Германия мен Франция бұған дейін Oxford пен AstraZeneca дайндаған вак­цинаның бірінші компонентін  алып үлгер­гендерге вакцинаға қатысты даудан кейін енді екінші доза ретінде mRNA вакцинасын егіп жатыр. 

Бір айта кететіні, бірнеше ел Еуропа медицина агенттігінің рұқсаты берілмеген вакцинаны алдырды. Оның қатарында қытайлық вакцина да бар. Ал бұл екпе, агенттіктің ай­туын­ша, тиімділігі жағынан аймақта қол­даны­латындардан төмен.

Мүлде алмағаннан біреуін алған жақсырақ

Вакцинаның толық компоненті егілген­нен кейін тиімділігін анықтау үшін бірнеше сынама жүргізілді. BioNTech/Pfizer екпесінің екі дозасының арасына 21 күн салынады. Ал тиімділігін анықтау кезінде оның вирус­тан қорғау күші 95 пайыз екені мәлім болды. Мұн­дай тиімділік тек алғашқы 7 күннің ішінде.

Modernа толық компонент алынғаннан кейін алғашқы 14 күннің ішінде 94,1 пайыз вирустан қорғай алады. Ал екі дозаның арасы – 28 күн. 

Екпе дайындаушы компаниялар вирус­тан қорғану үшін вакцинаның екі дозасы да қажет дейді. Алайда Еуропаның «жасыл сертификатын» алу үшін алғашқы дозаны ектіру де жеткілікті болсын деген ұсыныс көп.

Мұндай сұраудан кейін компаниялар алғашқы доза егілгендердің вирус жұқ­тыруын бақылауға алды. Modernа бір доза ғана егіл­геннен кейін 14 күн ішінде вакцина вирус­тан 95,2 пайызға қорғай алатынын анықтады.

Oxford университетінің ғалымдары өздері дайындаған AstraZeneca вакцинасының бір дозасының тиімділігін зерттеді. Нәтижесінде, бір доза 76 пайыз тиімділік көрсетсе, екі доза вирустан 90 пайыз қорғауға қауқарлы болып шықты.

Бір ғана доза алу жеткілікті деген Johnson & Johnson өндірушілері вакцина тиімді­лігі 66 пайыз деген мәлімдеме жасады. Зерт­ханадағы сынамалар осындай нәтиже бер­генімен, аймақтағы ахуал әлі де тұрақсыз.

Мәселен, Италия науқастар саны бойынша әлі де алда. Сондықтан Istituto Superiore di Sanità медицина университеті Еуропада рұқсат етілген барлық вакцинаға өзінше талдау жасады. Бірінші доза алынғаннан кейін 28 күнде екпенің әсері айтарлықтай құлдырайтынын, ал 35 күнде тіпті жоғалаты­нын анықтады. Дегенмен вакцина алмаған азаматтардың ауруханаға түсу жиілігі 89-90 пайызға жоғары болып шықты.

Медициналық статистика шын деректен алшақ па?

Тәуелсіз зерттеуден кейін италиялық инс­титут BioNTech/Pfizer екпесінің ком­по­ненттері арасына 21-25, ал Moderna ком­поненттерінің арасына 28-30 күн салу керек деген шешімге келді. Ғалымдар дәл осындай жиілік екпенің тиімділігін арттырады деген сенімде. Oxford/AstraZeneca вакцинасының екінші бөлігі 35 күнде салынуы керек-мыс.

Мұндай мәлімдемеден кейін Англияның Қоғамдық денсаулық сақтау ұйымы да қарап қалмады. Өздері өткізген сынамадан кейін Oxford/AstraZeneca мен BioNTech/Pfizer екпелерінің бір дозасы өлім қаупін 80 пайызға азайтады деген шешімге келді. Ал екпе алғандардың ішінде BioNTech/Pfizer-дің екі компонентін алғандардың өлім қаупі 97 пайызға төмен. Олар вакцинаның бір бөлігімен шектелмей, екі компонентін толық алу дұрыс әрі қажет деген мәлімдеме жасады.

Еуропада мақұлданған вакциналар ішінде Oxford/AstraZeneca вакцинасы ком­поненттерінің арасы алшақ. Бұған қатысты Oxford университетінің зерттеушілері жеке зерттеуін назарға ұсынды. Онда клиникалық зерттеу нәтижесінде компоненттер арасында 6 апта салынғандардың вирус жұқтыру қаупі 55,1 пайыз болса, 12 апта өткізгендер 81,3 пайызға аз жұқтырғанын айтады. Осыдан кейін Ұлыбритания Вакцина комитеті екі компонент арасын мейлінше алшақ қылу керегін айтқан-ды. Бұл шешім қалған вак­цинаға да қатысты деген қате пікір халық арасында тез тарады. Өйткені азаматтар компоненттер арасына мейлінше үлкен интервал салу тек вирустан қорғану үшін емес, антидененің қалыптасуы үшін маңызды деген ойда. Себебі медиада вакцина антидене қалыптастырады, ал вирустан қорғанудың бірден-бір жолы – антидене деп түсіндірілді.

Өз еркімен шара іздеп жатқандар

Кейбір ел тіпті екі түрлі екпе егіп те бақылап көрді. Әзірге тек Oxford/AstraZeneca-дан кейін BioNTech/Pfizer егілгені мәлім. Британия мұның нәтижесін тек маусымда жариялай алатынын айтты. Бұл қатарға Франция да қосылып, өз бақылауын ортаға салатынын хабарлады.

Осы ретпен егілген азаматтар екпенің әсері қатты байқалғанын айтты. Көбі денесі қалтырап, шаршап, бастары ауырғанын айтты. Тұмаудың белгілері анық сезілгенін айтып шағымданғандар да басым болды.

Тағы да басқаша талап қылғандар қатарында Мажарстан, Сан Марино, Чехия мен Словакия бар. Олар да – «жасыл серти­фикатқа» қатысушылар. Дегенмен ал­ғаш­қы екеуі Еуропада тіркелмеген ресейлік Спутник V вакцинасын алдырса, Чехия мен Словакия Қытайдын Sinopharm екпесін алдырды. Ендігі кезекте ресейлік вакцинаға тапсырыс беруді жоспарлап жүрген көрінеді.

Тіркелмеген вакцина салдыруға тыйым болмағанымен, «жасыл сертификат» енгі­зілсе, мемлекеттер арасында саяхаттау­да қиын­­дықтар пайда болуы мүмкін. Яғни Еуро­па Одағы мақұлдаған вакцина ектір­гендер елдер арасында емін-еркін жүрсе, олар­дан ерекшеленген елдердің азаматтары баратын елден қосымша рұқсаттама алуы керек болады.

Ал Еуропаға саяхаттағысы келетін Одақ­қа мүше емес елдер азаматтары да қосым­ша рұқ­сат алуға мәжбүр. Өйткені олар ек­тір­ген вак­цинаны европалық ел қабыл­дап-қабылдамайтынын анық­тап, басқа да ақпарат беріп, вакцина пас­портын алдын ала көрсетулері шарт. Бұл ше­шім бірқатар елдің Парламентінде тал­қы­ланып жатыр. Нақты уәж айтылмайынша, бар­лығы осы үрдіс бо­йынша саяхаттауға мәжбүр.