Құтқарушылардың диспетчерлік пунктіне 24 мамыр күні таңғы сағат 5.40-та Құрманов көшесіндегі ғимараттардың бірі өртеніп жатқаны туралы ақпарат келіп түскен. Оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндірушілер тілсіз жаудың бетін қайтарып, қызыл жалынның басқа да тұрғын үйлерге өтіп кетпеуін қамтамасыз етті.
Сондай-ақ құтқарушылар ғимараттан төрт газ баллонын шығарып, жарылыстың алдын алған. Зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ.
Қазіргі таңда өрттің неден шыққанын жылжымалы зертхана мамандары анықтап жатыр.
«Өрт тараған аумақ – 495 шаршы метр. Тілсіз жаумен күресуге жеке құрамның 40 қызметкері мен 9 бірлік техника тартылды. Сондай-ақ жедел әрекет ету қызметтерінің мамандары жұмылдырылды. Өрттің басқа ғимараттар мен тұрғын үйлерге таралуына жол бермедік», деді Алматы облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және апаттық құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары Азамат Ержанұлы.