Экология • 24 Мамыр, 2021

Табиғат жанашырларының тағылымды шаруасы

490 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бурабайдың қатпар-қатпар жартастары көптен бері мәнсіз, мағынасыз, айғыз-айғыз жазуларға тұнып тұрушы еді. Парықсыздықтың айқын, анық мысалын көрсететін осы бір аракідік кәдімгі сырмен жазылған жазуларды табиғат жанашырлары өшіріп, әсемдік ажарындағы кіреукені алып тастады.

Табиғат жанашырларының тағылымды шаруасы

Мәдениет және спорт министрлігі, Kazakh Tourism ұлттық компаниясы, Jana Dunie қайырымдылық қоры, «Бурабай Даму» серіктестігі және облыстық туризм басқармасы, ұлттық парк­тің өз ұжымы ұйытқы болған өне­гелі іс Бурабай баурайын мұнтаздай етіп тазалаумен ғана емес, жалпақ жұрттың есіне тамаша табиғатты аялай білу керек екенін тағы бір мәрте еске салуымен құнды. Қазбауыр бұлтты жамылған жартастардың бетінде не жоқ дейсіз, кімнің қайдан келгені, қашан келгені, «Саша мен Машаның мәңгілік махаббаты» туралы деректер көз сүріндіретін.

Олқылықтың орны таяуда толды. Бой жететін, қол жететін жердегі жазу атау­лының барлығы өшірілді. Енді таза, табиғи қалыпта, бағзы замандағы пәк күйінде. Жазу ғана емес, жылдар бойы ағаш-ағаштың бауырында, қойтас­тардың ығында, қаға берістерде жатқан күл-қоқыс та жиналды. Бақандай бір жарым тонна.

– Бүгінгі акция ел назарын өзіне ауда­руға тиіс. Басқа жұрт та бағалы бас­та­маны іліп әкетсе, жарасымды бо­лар еді. Біз табиғатты тазалаумен қатар ел сана­сын да тазалауымыз керек, – дейді Kazakh Tourism ұлттық компания­сы­ның төрағасы Ержан Еркінбаев.

Бурабайдың жартасы ғана емес, биші қайыңдары да, мәңгі жасыл қарағайы да жаралы еді. Соңғы кезде ақ балтырлы қайыңға орамал байлау әдеті шыққан. Мүмкін ескерткіш санайтын шығар, әлде киелі жерге деген құрмет пе екен? Қалай болған күнде де ілкіден келе жатқан ежелгі салт-дәстүр емес, бүгінгінің бүй­ректен сирақ шығарған жартылай жабайы таным-түсінігі. Қазір ақ шыт ора­малдың жанында жаман тұмаудан қорғайтын бетперде де ілулі тұр. Бұл – ен­ді нағыз шектен шыққандық.

Жартастардың бетіндегі айғыз-ай­ғыз жазуларды өшіру үшін химиялық ерітінділер де пайдаланылды. Мұның барлығы табиғатқа кінәрат келтірмей, ұқып­ты жасалды. Енді табиғатқа тағы­лық көрсетуден тайынбайтын тентектер айылын жиятын шығар. Айтпақшы, бұл идея өткен жылы өмірге келген. Бурабай баурайындағы туристік бағыттарды қалыптастыру кезінде Ержан Еркінбаев көтерген болатын. Арада бір жыл өткен­нен кейін қолдау тауып, көпшілік білек біріктіре кіріскен соң көгілдір нұрға бө­ленген Бурабайдың баурайын көп-көрім жақсарып қалды.

Сөз арасында мамыр айының басында еріктілер Іле Алатауындағы ұлттық парк­тің жартастарын тазартқанын айта кетейік. Ел ішінде осындай ілкімді іс қолға алынып, оны жалпы жұрт қуаттап жат­са, төл табиғатымызды көздің қара­шы­­ғын­дай сақтау керек дейтұғын аталы сөз­дің аста­рындағы мазмұн жас толқын­ның жадына шымшымдап сіңіп, жатталып қалар еді-ау.