Саясат • 25 Мамыр, 2021

10 мың адамды індеттен сақтады

239 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ashyq қосымшасы мемлекет меншігіне өтті. Енді оның мүліктік құқығы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне тиесілі.

10 мың адамды індеттен сақтады

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысовтың айтуынша, 24 мамырдағы жағдай бойынша Ashyq жүйесіне 1,7 млн пайдаланушы тіркелген. Бұл ретте 2 631 «қызыл» және 2 074 «сары» мәр­тебесі бар қазақстандық анық­талған.

– Соңғы күндері жүйеде болған ақаулар мен техникалық проб­лемалар үшін командамен бірге халықтан кешірім сұрағым келеді. Неге бұлай болды? Бұған дейін айтып өткенімдей, Ashyq жүйесі мемлекет меншігіне өтті. Біз мүліктік құқықтарды қабылдап алдық. Сондықтан соңғы күндері толық сүйемелдеуге көшу және «Ұлттық ақпараттық технология­лар» АҚ операторына бейімделу процесі жүрді. Енді техникалық ақауларды біздің ұлттық оператор қадағалайтын болады, – деді вице-министр.

Яғни бұдан былай жүйе­ні техникалық мамандар сүйе­мел­деп, толықтай басқарады. Соны­мен қатар мобильді қосымша үнемі жаңартылып отырмақ. 18 мамырдан бастап Android плат­формасында жаңа нұсқасы іске қосылды. Онда QR-кодты ска­нерлемей-ақ мәртебені тексеруге мүмкіндік бар.

– Бөгде адамның жеке сәй­кестендіру нөмірін (ЖСН) енгізу мүмкіндігін болдырмас үшін Ashyq қосымшасы мобильді азаматтар базасымен біріктірілді. Қазір салыстыру жүргізілуде. Сондай-ақ вакциналау паспорты қызметімен де біріктіру жұмысы жалғасуда. Азаматтар бір қосымшаға тәуелді болмас үшін AITU қосымшасында балама бар. Сервис басқа да танымал мобильді қосымшалар мен сайттарда қолжетімді болуы үшін екінші деңгейлі банктермен келіссөздер жүргізілуде, – деді Ә.Тұрысов.

Ashyq қосымшасы Нұр-Сұлтан және Алматы әуежайларында жақ­сы жұмыс істеп тұр. Кезек жоқ, дүрбелең де білінбейді. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі ми­нис­трлігі мен «Атамекен» ұлт­тық кәсіпкерлер палатасының өкілдерінен құрылған тексеру тобы осындай баға беріп отыр.

– Жексенбі күні «Астана аренада» футболдан ел чемпионатының орталық кездесуі өтті. Бұл – ка­рантиннен кейінгі алғашқы ау­қымды спорттық шара. Бір ста­дионға 6 мың адам жиналды. Олардың барлығы 2 сағаттың ішінде қосымша арқылы ішке енді. Бір «сары» мәртебесі бар келуші анықталды. Барлығы ойдағыдай өтті. Уақыт өте келе, осы тәжірибені басқа ареналарда да қолдана аламыз және тіпті келушілер санын 30 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік бар, – дейді «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева.

Оның пікірінше, бас мем­ле­кет­тік дәрігердің жаңа қаулы­сын­дағы талаптар аймақтық талап­тарға сәйкес келеді. Сондықтан биз­неске Ashyq-пен жұмыс істеу әлдеқайда жеңіл. Қаулы шең­бер­інде жобаға кесте бойынша Шымкент, Түркістан, Ақтау, Қос­танай әуежайлары, лотерея клуб­тарының жұмысы енгізілді (олар 2020 жылғы наурыздан бастап жұмыс істемеген). Бұ­дан бөлек, бильярд, боулинг жә­не компьютерлік клубтардың жұ­мы­сы түнгі сағат 2-ге дейін ұзартылды.

Денсаулық сақтау министрлігі электрондық денсаулық сақтауды дамыту департаментінің директоры Бейбіт Есенбаевтың айтуынша, Ashyq жобасы вирус жұқтырған немесе науқаспен байланыста болған адамдардың қоғамдық орындарға бару мүмкіндігін шектеп, азаматтарға індет жұқтыруды барынша азайта отырып, шағын және орта бизнестің жұмысын қал­пына келтіруге мүмкіндік бер­ді.

– Өткен демалыс күндері еліміздің екі әуежайында ПТР нәтижесі оң (қызыл) нәтижені көрсеткен 14 адам және науқаспен байланыста болған (сары) 32 адам анықталды. Жоба іске қосылған сәттен бастап (12 сәуір) 2 631 «қызыл» келуші және 2 074 байланыста болған тұлға тіркелді. Бір науқас 4-6 адамға ауру жұқтыруы мүмкін. Осылайша, Ashyq жобасын енгізу 10 мыңға дейін адамды індетті жұқтырудан қорғап қалды, – дейді Б.Есенбаев.

Айтпақшы, 1 шілдеге дейін Ashyq мобильді қосымшасын «Вак­циналау» модулімен бірік­тіру жоспарланып отыр. Індет­ке қарсы вакцинаның екі компо­нен­тін салдырған азаматтар оған кедергісіз өтетін болады.