Аймақтар • 25 Мамыр, 2021

Ashyq орнатқанға кедергі жоқ

336 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қостанай облысында былтыр пандемияға байланысты жабылып қалған боулинг, караоке-бар, тойхана және компьютер клубтары Ashyk жобасына қосылған соң, жұмысын қайта жандандыра бастады.

Ashyq орнатқанға кедергі жоқ

Аталған жобаға бүгінге дейін бас-аяғы 133 нысан қосылған. Олар­дың ішінде көпшілік бас қосатын бизнес нысанмен қатар, театр, мәде­ни­ет үйі мен концерт залдары да бар. Мысалы, қазір Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрына көрермендер тек Ashyq мобильді қосымшасы арқы­лы ғана кіре алады. «Ашыққа» тір­кел­гендердің толық тізімі жасалып, Қостанай облысы әкімдігінің ресми сайтына орналастырылған.

– Өткен жұмада бір жылдан артық уақыттан бері жабық тұрған караоке-барымыз ашылды. Мұндай мүм­кін­дікке Ashyq жобасы арқылы ие болып отырмыз. Мен тек караокеге ғана емес, өзімнің отбасылық мейрамханам мен жазғы ашық асханама да QR-код алдым. Енді бүкіл ұжым болып жұмысқа шығамыз. Бізге қойылып отырған талап та көңілге қонады: бір кезекте 50 адамға дейін қабылдай аламыз және түнгі сағат 2-ге дейін жұмыс істейтін боламыз. Осы салада жүрген соң, қаламыздағы біраз қоғамдық тамақтандыру орындарының иелерін танимын. Олар да қуанып жатыр, – деді кәсіпкер Бақыт Бейісова.

Әзірше облыста 86 нысан ғана Ashyq-тың толық қатысушылары болып тіркелген. 47 нысан тестік режімде жұмыс істеп жатыр. Бұдан өзге 12 нысан тіркеуден өту үстінде. Жобаға қосылуға өтінім бергендердің ішінде Орталық стадион мен «Тобыл Арена» сынды ірі спорт нысандары да бар.

– Ashyq-қа қосылып жатқан бизнес нысандары мен тұрғындар аталған жобаға ерікті түрде қатысып жатыр. Бұл жобаны енгізудегі басты мақсат – ең алдымен, қала тұрғындарын індет жұқтыру қаупінен сақтау екендігін естеріңізге сала кеткім ке­леді. Бұл қосымшаны орнатқан ғи­маратқа коронавирус жұқтырған адам кіре алмайды. Әсіресе бизнестің ұта­тын жері көп. Жобаға қатысқан кәсіпорындар, тіпті «қызыл» немесе «сары аймаққа» енген жағдайда да жұмысын тоқтатпайды, – деді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Мұрат Әбенов.

Ashyq орнатып ашылған көп­ші­лік орынның бірі – FitnessBlitz фитнес-орталығы. Ол QR-кодты таяу­да ғана алыпты.

– Тіркелу көп уақыт алған жоқ. Алдымен қосымшамен өзіміз танысып алған соң, бұл туралы тұрақты клиент­терімізге хабар береміз. Ал­дағы күндері осы QR-код арқылы жұ­мыс істей бастаймыз. Ashyq жоба­сына қатысудағы мақсатымыз – біріншіден, біз өз клиенттерімізді індет жұқтырып алудан қорғауымыз керек. Екіншіден, бұл қосымша шық­пай тұрғанда біздің фитнес-ор­та­лық эпи­демиялық жағдайға байланысты көп­тен бері жұмыс істемей қалып, қыр­уар шығынға баттық. Ashyq қо­сым­шасымен біз енді «қызыл ай­мақ­тан» да қорықпаймыз, – деді FitnessBlitz фит­нес орталығының дирек­торы Ренат Ким.

 

Қостанай облысы