Руханият • 25 Мамыр, 2021

Бір ғасырдың шежіресі

568 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елордадағы Жамбыл Жабаев атын­дағы №4 мектеп-гимна­зия­ны қаланың жергілікті тұр­ғын­дары «қазақ білімінің қара­шаңырағы» деп атайды. 115 жылдық тарихы бар әйгілі мектеп-гимназиядан осы уақыт аралығында қан­шама талапты жас үлкен өмір­ге жолдама алғаны аян. Бірақ, өкінішке қарай, білім ор­дасының бір ға­сырлық тарихы осы кезге дейін жүйеленіп, бір ізге тү­сіріліп, жарыққа шық­па­ған екен.

Бір ғасырдың шежіресі

Қазіргі кезде шәкірттерге заманауи үлгіде білім беріп, тәр­биелеп келе жатқан тарихы терең оқу ордасына қатысты қы­зықты деректер көп-ақ. Мы­салы, мектептің ең алғашқы ғимараты 1907 жылы жергілікті қазақтар мен татарлардың қаржысына әрі сол қарапайым тұр­ғындардың өз қолымен тұр­ғызылған. Сол замандағы он саусағынан өнері тамған шебер Сабыржан Ахметов ғимарат жұ­мысы біткенше бел жазбай, ақы-пұлсыз еңбек еткен жан­дардың бірі.

Сондай-ақ 1911 жылы қазіргі Нұр-Сұлтан, сол кездегі Ақмола қаласында жер­гі­лікті тұрғындар жұмылып, қыз балаларға арналған жаңа мек­теп үйін салады. Солайша Ақ­моладағы тұңғыш қазақ мек­тебінің негізі қаланады. Мек­тептің ең алғашқы кәсіби мұға­лімі – Орынбор қаласындағы мұғалімдер семинариясын бі­тірген Ғалымжан Құрмашев. Алғашқы ұстаздардың қата­рында әйгілі ақын, жазушы, қоғам және мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллиннің де есімі ата­лады. Ол 1912 жылы шәкірт­терге орыс тілі пәнінен сабақ бер­ген.

Міне, осындай қатпары қа­лың тарихы бар, бертінге дейін Целиноградтағы жалғыз қа­зақ мектебі болған Жамбыл Жа­баев атындағы №4 мектеп-гим­на­зияның ашылғанына келер жылы 115 жыл толмақ. Осы орайда мектеп-гимназияның өткенінен, яғни бір ғасырлық шежіресінен сыр шертетін кітап жарыққа шықты. «Өнегемен өрілген тарих» деп аталады. Со­ның құрметіне әйгілі бі­лім ордасының ардагер ұстаз­да­рының басын қосқан тамаша кеш ұйымдастырылды.

Ардагер ұстаздардан бөлек мектептің бұ­рынғы басшылары, қазіргі ұстаздар да қатысып, өткен шақ­тан сыр шертілді.

Уақыттың тоқтаусыз зымы­рап, көненің көзіндей ардагер ұстаздар қатарының сиреп бара жатқаны мектептің та­рихын хатқа түсіру туралы идеяны тудырған. Сонымен мек­теп-гимназияның ұлағатты ұста­зы Шолпан Сыз­дықованың ұсынысымен оны қарымды қа­ламгер, белгілі журналист Жыл­қыбай Жағыпарұлы жазып шығады. «Мектептің ғасыр­лармен астасқан тарихын түзу жұ­мысы тақырдан бас­талды десек, артық айтқандық болмас.

Дегенмен осы білім оша­ғына қатысы бар деген де­рек­терді республикалық, об­лыс­тық және қалалық мұра­ғаттардан тірнектей жиып, оны еліміздің ағарту саласын да­мытқан тұлғалардың естелік ең­бектерімен толықтырдық. Бұл ретте, әсіресе, осы мектеп қа­­бырғасында қанаттанған тү­лек­тердің, әр кезеңде еңбек ет­кен ардагер ұстаздардың, елі­мізге еңбек сіңірген қоғам және мемлекет қайраткерлерінің арнайы жазған естеліктерін не­гізгі арқау еттік. Бүгінгі мектеп басшылығының көмегімен ардагерлерді жинап ақыл қостық. Мүмкін болғанынша хабар таратып, мектеп шежіресі жа­са­латындығы туралы көпшілікті құлақтандырдық», деді кітап авторы кеш барысында.

Өмірін ұстаздыққа арнаған, зейнеткерлікке шықса да мектеп ісіне қатысты дүниеде бел­сенділік танытқан Шолпан Сыз­дықова өзі сабақ берген жылдардан естелік айтты. «Мен осы мектепке 1962 жылы мұғалімдік қызметке келдім. Жасым жиыр­мадан жаңа асқан кез. Құл­шы­нып еңбек еттік. Біздің мектеп қала бойынша 25 орыс мек­те­бінің алдында болды. Білім беру болсын, көркемөнерпаздар үйір­месінің жұмысы болсын, ешқашан ақсап көрген емес. Көңілімде мектептің сол кездегі тарихы сайрап тұр. Жазушыға шамам жеткенше материалдар жинап бердім. Ұстаздарды да, оқушыларды да ұмыт қал­дырмауға тырысқанымызбен, барлығын қамту оңай емес екен», – деді ардагер ұстаз.

Мектептегі кеш өте тағы­лымды сипатта өтті. Ардагер ұс­­таздар жас буын мұғалімдерге жылы лебіздерін білдірсе, кітап авторына алғыстарын айтты. Өз­дері сабақ берген кез бен қазіргі кезді салыстырып, көптеген тамаша естеліктермен бөлісті. Ал мектептің көркемөнерпаздар үйір­месі қонақтарды өнер­лерімен тәнті етті.