Баяндамада мұның Қазақстандағы цифрлы экономикаға бейімделген ақшаның жаңа түрі екені, Ұлттық банк шығаратыны айтылған. «Цифрлық теңге қолма-қол ақшаны немесе қолма-қол ақшасыз төлемнің орнын ауыстыруға арналмаған, бірақ онымен қатар қолданылады» делінген Ұлттық банк мәліметінде.
Елде цифрлы валютаны енгізудің түрлі сценариін әзірлеу Ұлттық банктің экс-төрағасы Григорий Марченконың кезінде басталғаны мәлім. Ол өзінің телеарнаға берген сұхбатында Ұлттық банк Үкіметтің қарауына цифрлы ақшаны дамыту туралы заң жобасын дайындағанын жеткізген болатын. Бірақ сол кезде Министрлер кабинеті бұл заң жобасын Парламентке ұсынуға ықылас таныта қоймады. «Егер бізді сол кезде Үкімет қолдаған болса, онда Қазақстан цифрлы ақшаны енгізген алғашқы ел болар еді» деген еді экс-төраға журналистермен кездесуінде.
Ал Ұлтттық банк сайтында жарияланған баяндамаға көз жүгіртсек, цифрлы теңге қолданысқа енеді. Бұл үш қағидатқа негізделген: жаңа валюта ақшалай немесе қаржылық тұрақтылыққа әсер етпеуі керек; ақшаның қолданыстағы түрлерін толықтыруы тиіс; төлем тиімділігін арттыру және инновацияны дамытуға ықпал етеді.
Жалпы төлем жүйелерінің сандық трансформациясы әлемнің көптеген орталық банктері үшін маңызды рөл атқарады. Осыған дейін Қазақстанның Ұлттық банкі Цифрлы валюта жөніндегі халықаралық зерттеу тобының жұмысына қатысып, Халықаралық есеп айырысу банкімен және Халықаралық валюта қорымен бірге цифрлы валютаны реттеу тәсілдерін зерттеген. Ұлттық банк Қытай Халық Республикасында, Оңтүстік-Шығыс Азияның бірқатар елдерінде, Канадада, Сингапурда және Еуропалық Одақта цифрлы валютаны енгізу бойынша қанатқақты жобалардың бақылаушысы ретінде де тіркелген. Енді елімізде цифрлы теңгенің әсерін бағалау бойынша зерттеулер сериясын ұсынып, цифрлы валютаның ерекшеліктері мен тиімділігін талқылау үшін бірнеше сессия өткізу жоспарланып отыр. Осы жұмыстың қорытындысы бойынша цифрлы теңгені енгізу қажеттілігі туралы шешім қабылданбақ. «Ұлттық банк бұл жұмысты қаржы нарығының қатысушыларымен, сарапшылар қауымдастығымен және халықаралық серіктестермен бірлесе жүргізеді», деп хабарлайды Ұлттық банк өкілдері.
Ұлттық банк төрағасының кеңесшісі Олжас Төлеуовтің айтуынша, транзакциялық, технологиялық шығындар төмендеген сайын сол төлемнің бағасы да төмендейді. Яғни банкаралық және басқа нарық қатысушылары арасындағы төлемдер құны төмендейді де соның есебінен комиссиялар да азаяды. «Біз цифрлы теңгенің қажеттілігі туралы шешім қабылданбас бұрын тәжірибе жүргіземіз. Бұл өзіндік «зертханалық эксперимент» болады, соның шеңберінде цифрлы теңгені енгізудің кейбір аспектілерін тексереміз», дейді Ұлттық банк төрағасының кеңесшісі.
Цифрлы теңгені енгізудің тиімділігімен қатар, тәуекелі де бар. Жүйені енгізерде кем-кетіктің бәрі ескеріледі. «Төлемнің бұл түрін енгізу арқылы үш түрлі мәселемен бетпе-бет келуіміз мүмкін. Оның бірі киберқауіпсіздік, жеке деректердің құпиялылығына қатысты тәуекел болса, үшіншісі макроэкономикалық әсерге қатысты», дейді О.Төлеуов.
Баяндаманы талқылауға 150-ден астам адам қатысқан. Онлайн-кездесу барысында жобаны жүзеге асыру кезіндегі технологиялық шешімдерге, сондай-ақ цифрлы валютаның ақша-несие саясатына және Қазақстанның қаржылық тұрақтылығына қатысты 100-ден астам сұрақ келіп түскен.
Қаржыгер Мақсат Халық алғашқы кезде цифрлы теңгені криптовалюта немесе биткоин форматында дайындаған жөн деген пікірлердің басым болғанын, қазіргі ұсыныс – блокчейн технологиясына басымдық беріп тұрғанын айтты. Яғни цифрлы ақша ең алдымен көлеңкелі экономиканың жолын кесуге пайдалы. Бұл жағдайда ақша ағынын тек Қаржы министрлігі емес, барлық сегменттен бақылап отыруға мүмкіндік туады. Көлеңкелі экономика үлесі 30 пайызға жетіп қалған Қазақстанға бұл үлкен мүмкіндік екенін тәуелсіз сарапшылар да айтып жатыр.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің хабарлауынша, елдегі ең танымал fintech бағыттар – электронды төлемдер, аударымдар, валютаны конвертациялау және онлайн-сақтандыру сегменттері IT-мен интеграциялауды бастап кетті. Цифрлы ақша туралы әлемдік додаға біз де қосылып кеттік.
Халықаралық ақша аударымдары саласындағы көшбасшы Western Union компаниясы ең ірі банктердің бірі «Банк ЦентрКредит» АҚ-пен бірге, westernunion.kz сайтын іске қосып, тұтынушыларға жақындары мен туыстарына 24/7 режімінде әлемнің кез келген жеріне ақша аудару мүмкіндігін ұсынып, цифрлы желісін кеңейтіп жатыр. Бүгінгі таңда онлайн-қызметтер дүниежүзі бойынша 70-тен астам ел мен аймақтарда қолжетімді. Енді цифрлы ақша аударымдарын Қазақстандағы клиенттер де тұтына алады. Бұрын ТМД елдерінде бұл сервис Украина мен Ресейде іске қосылған болатын.
Сарапшылардың пікірінше, бірнеше жылдан кейін цифрлы ақша дәстүрлі ақшалардың орнын басады және бұған қажетті барлық алғышарт бар. Сонымен қатар сарапшылар әлемнің көптеген елі 2025 жылдан бастап, цифрлы ақшаға көшеді деген батыл болжам айта бастады. Оңтүстік Корея, Швеция және Қытай сияқты елдер 2020 жылдың ортасынан бастап, өздерінің цифрлық ақшаларын дамыту жағдайын ұдайы тексеріп келеді. 2020 жылдың қазан айында Еуропалық орталық банк (ECB) өзінің цифрлы еуро жобасын жариялады. Сонымен бірге, оның басшысы Кристин Лагард цифрлы төлемдерге деген сенімділікке қарамастан, цифрлы еуро әдеттегі еуроны ешбір жағдайда алмастырмауы керек, тек оны толықтыруы керек деп атап өтті.
Alpari-дің аға талдаушысы Анна Бодрова шын мәнінде қазіргі уақытта Ұлттық банк үшін цифрлы валютаны енгізу тұрғысынан әлемдік әріптестерден қалыспауы керек деп санайды. «Мұндай механизмді әзірлеу мен жүзеге асырудың жоспары мен нақты стратегиясы болуы керек. Цифрлы теңгенің не үшін қажет екенін түсінген жөн болар еді, өйткені дәл қазір цифрлы эволюцияның соңында қалмау қажет. Мұндай механизмді біз әлі қолданып көрген жоқпыз», дейді талдаушы.
А.Бодрованың айтуынша, ғаламдық цифрлы валюта – қауіпсіздік, операциялардың жылдамдығы және есепке алу мен бақылаудың қарапайымдылығы. Ресейдің Орталық банкі цифрлы рубльдің енгізілуін белсенді түрде зерттеп жатыр, 2020 жылғы қазанда Орталық банк цифрлы рубль тұжырымдамасын әзірлеп, оны нарық ойыншылары мен сарапшылар қауымдастығының талқылауына ұсынды. «Мұның бәрі экономикаға тиімді. Цифрлы теңгені енгізу үшін іс жүзінде ешқандай қауіп жоқ, бірақ мұнда әлемдік тәжірибе мен технологияларды ескеру қажет, егер оны тиімді пайдалану мүмкін болса, прогресті үнемдемеу керек. Валютаның мұндай түрі заманауи және технологиялық тұрғыдан дамыған», дейді сарапшы.
SoftLink талдаушысы Дмитрий Лукашов Қазақстан Ұлттық банкінің цифрлы валютаға көшетін кезі келді деп есептейді. «Цифрлы теңгенің енгізілуі Қазақстандағы экономикалық өсуді тездетіп, қолма-қол төлемдерді қауіпсіз әрі жылдам етуі тиіс. Бұл операциялардың ашықтығын, салық жинауды арттыру арқылы Қазақстанның бүкіл қаржы жүйесінің тұрақтылығын арттырады, сонымен қатар қылмыстық жолмен түскен кірістерді заңдастыруға қарсы тұруға мүмкіндік береді», дейді Д.Лукашов.
Оның айтуынша, маңызды фактор – экономиканы цифрландыру процесінің алға жылжуы. Осы тұста сарапшылар цифрлы теңге мен электронды ақша арасындағы айтарлықтай айырмашылықтарға назар аудару қажеттігін ескертіп отыр. Бұған Ұлттық банктің баяндамасында ерекше тоқталған. «Цифрлы теңге Ұлттық банк эмиссиялайтын ақшаның қосымша нысанына айналады, ал электронды ақша нақты төлем жүйесінің инфрақұрылымы шеңберінде ғана қолданылады және оның ішінде оны жеке ұйымдар эмиссиялай алады. Басқаша айтқанда, электронды ақша бір төлем жүйесі шеңберінде өз функцияларын орындайды. Бұл активтер тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге жаппай ақы төлеу үшін қолданылмайды, сондай-ақ ресми ақшалай есеп айырысу бірліктерінде көрсетілген құнының тұрақсыз болуына байланысты толыққанды құн өлшемі және айналыс құралы ретінде пайдаланылмайды. Өз кезегінде, цифрлы түрде эмиссияланатын ұлттық валютаның (цифрлы теңгенің) төлем айналымының барлық қатысушысының мүддесі үшін оның орнықты жұмыс істеуін қамтамасыз ететін бірыңғай эмитенті болады», делінген баяндамада.
EXANTE халықаралық инвестициялық компаниясының талдаушысы Андрей Чеботарев мұндай валюта экономиканы көлеңкеден шығаруға және нақты бір банктің емес, бүкіл ақша жүйесіндегі цифрлы қызметтерге қарапайым жолмен қол жеткізуге көмектесетініне сенеді. «Бұл цифрлы жүйе қарапайымдылығымен ерекшеленеді. Қосымша шығындар азаяды. Өйткені цифрлы актив жылдам және арзан. Мұндай төлемдер әртүрлі қаржы институттары мен әртүрлі банктерден аударымдар арасындағы комиссияларды азайтады. Заңды тұлғалар арасындағы аударымдар да арзан болады», деп түсіндірді А.Чеботарев.
Алайда мұндай инновация қолма-қол ақшамен жұмыс істеуге және салықтан жалтаруға үйреніп қалғандардың қарсылығына ұшырауы мүмкін. Себебі қолма-қол ақша – кез келген салықтан және «ақша қайдан келді?» деген сұрақтардан құтылудың ең оңай тәсілі. Ал ақша цифрлы сипатқа ие бола салысымен, оны қайдан, кім алғаны бірден айқындалады.
Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының қаржы технологиялары және инновациялық секторының директоры Константин Пак цифрлы теңгені шығару туралы шешім экономикалық агенттер, ақша-несие саясаты мен қаржылық тұрақтылық үшін барлық ықтимал жеңілдік пен тәуекелдерді жан-жақты талдап, зерттеуді қажет етеді деп санайды.
Сарапшылар цифрлы теңгені енгізуден ұтылмайтынымызды, бірақ әлемдік тәжірибе мен технологияны ескеру керектігін айтады. «Халықаралық зерттеулерге сәйкес, цифрлы валютаны енгізудің артықшылықтары мен тәуекелдері туралы ашық сұрақтарға аналитикалық түрде сенімді жауап беруге болмайды, өйткені талдаудың көбі – болжамдар. Сондықтан бұл мәселені шешудің ең қолайлы тәсілі – қанатқақты жоба шеңберінде цифрлы теңгені пайдаланудың түрлі сценариін тексеріп көру.
Қазір көптеген мемлекеттер цифрлы валюта жобасына жеке атау беруге назар аударып жатыр. ҚХР-дың Халық банкі оны «DC/EP» деп атаса, Уругвайдың орталық банкі – e-Peso, Швецияның орталық банкі – e-Krona, Украинаның ұлттық банкі – e-Hryvnia, DXCD, Сингапур валюталық басқармасы – Ubin, ал Канада банкі Jasper деген ат берді. Қазақстан әзірше Ресей одақтасы (цифрлы рубль) секілді «цифрлы теңге» деген шартты атауды пайдаланып отыр.
Бірқатар сарапшы ЦТ «алтын» деген атты иеленуі мүмкін дейді. Қандай атауға ие болса да цифрланған валютаның іргесі берік қалануы керек. Себебі, алтын атауы да, теңге атауы да біздің түсінігімізге жат емес.
АЛМАТЫ