Қазақстан • 26 Мамыр, 2021

Сыңғырла, соңғы қоңырау!

910 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Кеше еліміздегі мектептерде соңғы қоңырау соғылды. Бұл – оқушылар үшін бір жылдық ізденіс пен талаптанудың қорытындысы, жаңа белеске қадам басудың белгісі. 1-8, 10 сыныптардың білім алушылары ұстазының үнін сағынатынын сезсе де, 3 айлық каникулдан кейін келетініне, кездесетініне үмітпен, уақытша қоштасқан шығар. Ал мектеп қабырғасына қайта келмейтінін, ендігі оқуын колледжде немесе университетте жалғастыруды жоспарлап отырған білімсүйер түлектердің (9, 11, 12 сыныптар) тұла бойын қимастық билегені анық.

Сыңғырла, соңғы қоңырау!

Білім және ғылым министр­лігінің соңғы қоңырау күнінде тарат­қан ақпаратына сүйенсек, 2020-2021 оқу жылында Қа­зақ­стандағы 7 440 мектепте 3,4 млн-нан аса оқушы білім алды. Олар­дың 150 мыңға жуығы 11 (12) сыныпты бітірген. Түлектердің 130 мыңнан көбі ҰБТ тапсыруға ниеттеніп отыр. 9 822 оқу озаты «Алтын белгіге» үміткер.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов биыл ауыл­дағы мектептің соңғы қоңы­рауына қатысты. Ақмола облы­сындағы Талапкер ауылына ат басын тіреген ведомство басшысы түлектерге ҰБТ тапсыру кезінде сәттілік тілеп, мұғалімдерге пандемия жағдайында атқарған жұмыстары үшін алғыс білдірді.

Құттықтау сөзін: «Бұл оқу жылы бүкіл әлемдегі оқушылар мен студенттер үшін оңай болған жоқ. Әлемдік білім беру жүйесі пандемия сынды үлкен сынақтан өтті. Біз мұғалімдермен бірлесе отырып білім беру жүйесіне жаңа дем беріп, оларға барынша қажетті жағдай жасауға ты­рыстық. Сіздер оқуларыңызды аяқтап жатырсыздар. Кейбір тү­лектер жоғары оқу орындарына немесе колледждерге түссе, енді біреулері жұмыс істейді. Қалай болса да, алдағы уақытта сіздерді жаңа мүмкіндіктер мен жаңа өмір белестері күтіп тұр», деп бастаған министр мектеп бітірушілерге өзінің өмірлік тәжірибесінен бірнеше кеңес беріп өтті.

Оның ойынша, ең алдымен ешқашан қиындықтарға мойы­май, көздеген мақсатқа жету жолында әлдебіреудің айт­қанына ермей, тура жолдан таймау керек. Екіншіден, қате­лесуден қорықпаған жөн. Себебі қателік жасалса, өмір сонымен аяқталмайды. «Барлық адам қателе­седі. Бәрінен де қателікті өз уақы­тында түсініп, түзетуге тырысу маңызды. Барынша күш-жі­герді салып, алған беттен қайт­паған абзал. Міне, бұл – болашақта та­бысқа қол жеткізетін адамға тән қасиет. Мектепті бітіргеннен кейін мен бірден грантқа түсе алмадым. Жалпы жақсы балл жинағаныма қарамастан, бейін­дік пән бойынша аз балл алған­дықтан, грант жеңіп ала алмадым. Сол кезде сәтсіздікті өмірімдегі үлкен қателік деп санадым, өмірім аяқталған сияқты болды. Бірақ кейін бұл жағдайға деген көзқарасым өзгеріп, оны өмірімдегі кезекті сынақ деп қабылдадым. Тағы бір жыл дайындалып, ҰБТ-ны қайта тапсырдым. Жақсы балл жинап, грантты жеңіп алдым. Бұл оқиға маған көп нәрсені үйреткен өмірлік сабақ болғанын жете түсіндім», деді ведомство басшысы. Ал үшіншіден, басқаларға қарағанда ерекше болудан ұялмай, бастысы адамның өзіне адал болу керегін айтты. Бұдан бөлек министр түлектерге оқу орнын таңдауда білім беру ұйымының беделіне, оқу орнына қатысты жұмыс берушілердің пікіріне, халықаралық аккредиттеудің болуына, тарихына мән берген жөн екенін жеткізді. Сөзінің соңына қарай А.Аймағамбетов: «Білім және ғылым министрі ретінде мықты түлектерді педагог мамандығын таңдауға шақырамын. Бұл – үлкен дәрежеге ие және өте құрметті мамандық. Мұғалім мамандығының мәр­те­бесін арттыру үшін Президенттің тап­сырмасы бойынша біз педа­гог­тердің жалақысын белсенді түрде арттырып жатырмыз. Ша­ма­дан тыс есептілікті алып таста­дық. Болашақ педагогтердің сти­пендия­сы – ең жоғары стипендия, бұл ба­ғыттағы жұмыстар әріқарай да жалғасын табады», деді.

Министр барған Талапкер ауылындағы жалпы білім беретін мектепте 1 862 оқушы оқиды, оның 75-і мектеп түлектері болса, 123-і 9-сыныпты тәмамдады. Соның бірі 11-сынып түлегі Ақнұр Ыдырысова биология пәнінің мұғалімі болуды армандайтынын, осыған байланысты бейінді пән ретінде биология-география комбинациясын таңдағанын жеткізді.

«Қашықтан оқыту форма­тының жағымды тұстары да болды. Айталық, ҰБТ-ға дайындық ке­зінде уақытты үнемдеуге сеп­тігін тигізді. Министрдің үндеуі оқу­шыларды жігерлендіре түсіп, жаңа шыңдарды бағын­дыруға итермелейді деп сенемін. Минис­трдің бізге арнайы уақыт бөліп, құттықтап келгеніне қуа­ныштымыз. Маған сабақ беру, биология пәні ұнайды. Меніңше, бұл – әрқашан сұранысқа ие болатын мамандық», дейді ауылдық мектептің түлегі.

Осы оқу жылы ғана емес, еліміздегі соңғы қоңырау жиындары да  бұрынғыдан бөлектеу болды. Бірнеше оқу ошағына ха­бар­ласқанымызда осыны ұғын­дық. Елордадағы №86 мек­теп-гимназиясының директоры Базаркүл Сағындыққызы: «Біздің мектепте 11-сыныпты 69 оқушы, 9-сыныпты 160 оқушы бітірді. Бұрын барлық бітіруші сыныптарды біріктіріп соңғы қоңырау сыңғырын еститінбіз. Пандемия өмірімізді, соның ішінде білім беру саласын түбегейлі өзгертті ғой. Сондықтан биыл соңғы қоңырау жиыны да 20 минут қана болды. Бізде 11-сыныптан 3 лек бітірді. Сыныптың арасында 30 минут үзіліс жасалды. Былтырғы оқу жылының 4 тоқсанында, яғни оқытудың жаңа форматына алғаш көшкенімізде қиындықтар болды. Қазір оқушылар да, мұғалімдер де біраз төселіп қалды. Ата-аналар алдында да педагогтердің қадірі бұрынғыдан екі есе артты», дейді.

Өскемен қаласындағы Назар­баев зияткерлік мектебіндегі (NIS – Nazarbayev intellectual school) соңғы қоңырауда Ден­сау­лық сақтау министрлігі бекіт­кен санитарлық талаптарға, белгі­ленген уақытына ғана емес, іс-шараның мазмұндық ерекше­лігіне де мән беріліпті. Аталған оқу ошағындағы соңғы қоңырау мерекелік іс-шарасы Тәуелсіз­діктің 30 жылдығына арналған. Салтанатты жиында түлектер қоштасу әнінің әуеніне саппен «9» және «30» санын құрап шықты. Бұл олардың осы мектепті ел егемен­дігінің 30 жылдығында тоғы­зыншы болып бітіргенін меңзей­ді. Мерекелік іс-шарада пәндер бойынша республикалық байқау­лар­дың жүлдегері, 12-сыныпты тәмамдаған түлек Әділет Мұратов 11-сыныптың белсенді оқушысы – Ділназ Сейілхановаға «Білім алауын» салтанатты түрде табыстады.

Негізінен еліміздегі мектеп­тердің басым бөлігінде соңғы қоңы­рау мерекелік жиыны бітіру­ші сыныптар үшін дәстүрлі, қалған сы­ныптарға онлайн форматта өтті. Тек шағын жинақталған мек­теп­тердің оқушылары ғана оқу оша­ғына келіп, соңғы қоңыраудың сыңғырын естіді.

Қазақстанның білім беру тарихында алғаш рет тұтас оқу жылы жаңа форматта өткенін ескерсек, бұл жыл ешкімге де (мұғалім, ата-ана, оқушы) оңай тиген жоқ. Бірақ соңғы қоңыраудағы оқушылардың тапқырлығына, шығармашылық шеберліктеріне, қызықты идеяла­рына қарап, құлшынысы күшті білім алушыны кез келген тос­қауыл­дың тоқтата алмайтынын көресіз...