Қазақстан • 26 Мамыр, 2021

Aitu қосымшасын да пайдалануға болады

970 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанда бизнес нысандарына еркін кіру үшін қолданылатын Ashyq қосымшасына балама ретінде Aitu қосымшасы ұсынылды. Егер техникалық ақауға байланысты Ashyq қосымшасы жұмыс істемей қалса, онда Aitu-ды пайдалануға болады.

Aitu қосымшасын да пайдалануға болады

«Бірнеше апта бұрын BTS компа­ниясы Ashyq қосымшасын Aitu-мен ин-те­г­рациялауды ұсынған болатын. Біз ке­лістік, себебі мультиплатформалық қа­ғи­даны ұстанамыз. Біріншіден, BTS – мемлекетпен жұмыс істеген компания. Яғни олар деректердің қауіпсізді­гін қамтамасыз ету бойынша жауапкерші­лік туралы меморандумға қол қойған. Екіншіден, Aitu да Ashyq сияқты – жай ғана құрал, онда ПТР республикалық базасындағы мәліметтер сақталмай­ды, тек қана қажетті ақпарат­ты бір рет­тік көрсетілім үшін ұсынады», дейді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов.

Aitu платформасында Ashyq қанат­қақты жоба ретінде жұмыс істеп жатыр. Негізі ресми түрде іске қосылуы керек. Бірақ алдымен функциялық сынақтан өтуі керек.

Aitu-дағы Ashyq-ты қалай қолда­на­мыз? Aitu қосымшасын жүктеп, «Қосым­шалар» бөліміндегі «Ashyq» қо­сым­шасын енгізіп, телефонға орнату керек. Aitu қосымшасында Ashyq функционалы бұрынғы тәртіпте жұ­мыс істейтін болады. Яғни фитнес-орта­лыққа, әуежай, кафе және тағы басқа да қоғамдық орындарға кірерде QR-ды пайдаланып, мәртебеңізді анықтай аласыз.

Егер жүйеде мәртебеңіз қызыл түс­пен айшықталса, онда кіруге рұқсат жоқ; қолданушы ПТР деректер базасында вирус жұқтырған науқас­пен байланыста болған адам ретінде көрсетілгендіктен, кейбір орындарға кіруге рұқсат жоқ.

Көк түс ПТР анықтамасын көрсету мін­детті болып табылатын орындарға ғана кіре алмайсыз, басқа жерге кіруге рұқсат.

Ал жасыл түс жанса, ешқандай шектеу жоқ. Жақын уақытта вак­цинаның екі құрамын толық алған қазақстандықтың бәрі осы «жасыл мәртебеге» ие болады.

Егер азаматтың смартфоны болмаса, мекеме қызметкері оның қандай «түске» жататынын ЖСН-ы арқылы тексере алады.

 Айтпақшы, 21 мамырдан бастап Алматы әуежайының терминалына да Ashyq жүйесі арқылы кіретін боласыз. Жақын күндері вокзалдарға да кіру үшін аталған жүйе бойынша тексеруден өтуге тура келеді.