Аймақтар • 26 Мамыр, 2021

Жамбыл облысында мыңнан аса оқушы «Алтын белгі» иегері атанды

610 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қаласындағы «Мамыр» тоғайында аймақтағы дарынды оқушылармен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жамбыл облысында мыңнан аса оқушы «Алтын белгі» иегері атанды

Жиынға халықаралық және республикалық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда жеңімпаз атанған 98 оқушы қатысты. Кездесуде Бердібек Сапарбаев мемлекеттің болашағы – білімді де тәрбиелі жастардың қолында екенін баса айтып, оларды білім алу жолында талмай ізденуге, алдағы уақытта еліміздің өркендеуіне өз үлестерін қосуға шақырды.

«Болашақ» мемлекетттік бағдарламасының мүмкіндіктерін барынша пайдалану керектігін де жеткізді. Сондай-ақ, облыс әкімі жастардың қойған сұрақтарына ашық жауап беріп, талантты да білімді жастарға үлкен сенім артатындығын жеткізді. Кездесу соңында облыс әкімі дарынды жастарға Алғыс хат пен 100 мың теңгенің сертификатын және жеңімпаз оқушыларды дайындаған 20 мұғалімге Құрмет грамотасын тапсырды.

 Биылғы оқу жылында түрлі интеллектуалдық ойындар мен пәндік олимпиадаларға, ғылыми жарыстарға қатысқан жамбылдық оқушылардың 16842-сі жеңімпаз атанған. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ел Үміті» бастамасы аясында ауыл мектептерінде оқитын оқушыларды қолдауға бағытталған «Мың бала» олимпиадасының қорытындысы бойынша облыстағы 91 оқушы жүлдегер атанған. Оның ішінде 5-сыныпта оқитын 33 оқушы Елбасы Академиясының қашықтан оқыту мектебінде олимпиададан кейінгі сүйемелдеуге ие болса, 6-сыныптағы 58 оқушы дарынды балаларға арналған мектептерге қабылданды.

Бұдан бөлек, «Айқанат» олимпиадасына қатысып, жеңімпаз атанған 22 оқушы Бурабай қаласында жаңадан ашылған «IQanat Kazakh-English High School» мектебінде оқуға мүмкіндік алды. Ал, жас ұрпақты жан-жақты дамытуды көздейтін ұлттық деңгейдегі «Елбасы медалі» бағдарламасына облыс бойынша 400-ден астам оқушы қатысып, 128 оқушы қола медальмен марапатталған екен. Олар 6 ай бойы жеті бағыт бойынша тапсырма орындап, білім мен шеберліктерін жетілдірген. Спортпен шұғылдану, өнерге бет бұру, төл мұраны дәріптеу және қайырымдылық жасау мен кітап оқудан сынақ тапсырған.

Сонымен қатар, оқу жылында халықаралық пән олимпиадалары мен ғылыми жарыстарда жамбылдық дарынды оқушылар 1032 жүлделі орынды иеленді. Оның 216-сы алтын, 369-ы күміс, 447-сі қола медаль иегерлері. Ал, республикалық пәндік олимпиадалары мен ғылыми жарыстарда оқушылар 1440 жүлделі орындарды иеленсе, оның 357-сі алтын, 491-і күміс, 592-сі қола медаль. Ерекше атап өтетін жайт, облыс оқушыларынан құралған команда республикалық пән олимпиадасынан және ғылыми жобалар жарысынан 12 жыл қатарынан командалық І-орынды иеленіп, «Ең үздік команда» атанып келеді.

Бұдан бөлек, өңірдегі 8 мектеп «100 үздік мектептің» қатарына енсе, дарынды ер балаларға арналған «Білім-Инновация» лицей-интернаты «Үздік олимпиадалық мектеп – 2021» атағын иеленді. Кездесу барысында оқушылар жетістіктері мен алдағы жоспарлары туралы айтты. Жастардың бастамасына қолдау көрсетіп келе жатқан облыс басшылығына алғыстарын жеткізді.