Астана мен Анкара инвестициялық жобаларды жүзеге асыру саласын кеңейте отырып, екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастық қарқынын арттыруға ниетті. Осы міндеттерді жүзеге асыруға деген мүдделілік кеше елорда әкімдігінде өткен Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов пен Түркияның астанасы Анкара қаласының мэрі Мелих Гокчектің кездесуі барысында сөз болды. Кездесуде сондай-ақ Қазақстанның елордасының даму барысына баса назар аударылды.
Астананы көшіру бүгінде экономикалық дамуы мен саяси тұрақтылығы үндескен жас тәуелсіз мемлекеттің ең ауқымды жобасы болды. Соңғы 11 жылда қаланың аумағы 2,5 есеге ұлғайып, тұрғындар 3 есеге өсіп, 700 мың адамға жетсе, өндірілген жалпы өнім көлемі 50 есеге артып, 10 миллиардтан астам долларды құраған. Өнеркәсіптік өндіріс 8 есеге дейін өскен. Ішкі сауда айналымы 30 есеге өсіп, 2008 жылдың қорытындысында 10,5 миллиард АҚШ долларын құрады.
Ал енді Астана мен Түркия арасындағы ішкі сауда айналымы 2010 жылғы қаңтар-ақпан айларында 14,4 миллион АҚШ долларын құраса, оның ішінде экспорт – 4,6 миллион АҚШ доллары, импорт 9,8 миллион АҚШ доллары болып отыр.
Елордалық статистика басқармасының мәліметіне қарағанда 2009 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Астана қаласының аумағында экспорт-импорт операцияларымен айналысатын 153 түркиялық және 39 бірлескен кәсіпорын тіркелген.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК, АСТАНА.