Қоғам • 26 Мамыр, 2021

Аида Балаева жастар арасындағы өзекті 3 мәселені атады

402 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева халыққа есеп беру кездесуінде жастар арасындағы өзекті 3 мәселені атап берді, деп хабарлайды Egemen.kz

Аида Балаева жастар арасындағы өзекті 3 мәселені атады

«Келесі ауқымды бағыты – жастар және отбасы саясаты. Ресми статистика бойынша қазір елімізде 3 миллион 765 мың жастар өкілі бар. Бұл халықтың 20,4 пайызы. 500-ден астам жастар ұйымы қызмет етеді. Өкінішке қарай, былтырғы пандемия шектеулеріне байланысты бірқатар жоба тоқтатылған болатын. Біразы онлайн форматқа ауыстырылды. Десе де, негізгі жоспарлы жұмыс сақталып 22 әлеуметтік жоба іске асты. Оның аясында 300 мыңнан астам адамды қамтыған, 200-ден астам іс-шара ұйымдастырылды», деді министр.

Министрдің айтуынша, бұл кезеңдегі жұмыста негізінен ақпараттық-кеңес беруге басымдық берілді. Жастарды қолдауға арналған түрлі мемлекеттік бағдарламалар, жобалар мен бастамалар бойынша 11 миллион адамға кешенді ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Қазіргі таңда жастар және отбасы саясаты бағытында 12 грант жобасы орындалуда. Жыл аяғына дейін тағы 12 жоба іске қосылады. Сонымен қатар, биыл «Тәуелсіздік ұрпақтары» түрлі саладағы талантты жастарды қолдауға арналған 30 грант жобасын ұсыну жоспарланып отыр.

«2020 жылы Жастар жылының жол картасы аясында Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларындағы жұмысшы жастар 1 мыңнан жалдамалы пәтерге қол жеткізді. 2021 жылы тағы 3 мың пәтер беріледі. Былтырғы есептік кездесуде «Жастарды қолдаудың 2025 жылға дейінгі кешенді жоспары» әзірленіп жатқаны айтылған болатын. Сапалы білім, тұрғын үй, жұмыспен қамту, мәдени-рухани қолдау сынды 10 негізгі бағыттан тұратын жоспар бүгінде толық қабылданып, нақты іске асып жатыр», деді Аида Балаева.

Одан өзге ведомство басшысы жастар саясаты саладағы мәселелерге де тоқталды.

«Соңғы зерттеулер нәтижесі – жастар арасында үш негізгі мәселенің өзектілігін анықтады. Атап айтқанда: сапалы білім, жұмыспен қамту және тұрғын үй. Яғни, жүйелі түрде шешуді талап ететін сұрақтар. Ал бұл өз кезегінде стратегиялық құжаттар кешенін қабылдауды көздейді. Бірінші – «Мемлекеттік жастар саясаты мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы. Оның аясында «Жастар дамуының индексі», «NEET» жастар категориясы» сияқты жаңа ұғымдар заңмен бекітілетін болады. Екінші – «Тәуелсіздік ұрпақтары» ұлттық жобасы. Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Мемлекет Басшысы жастар саясаты саласындағы барлық бағдарламаны тұтас бір ұлттық жобаға біріктіруді тапсырған болатын. Бүгінге дейін барлық өңірде қоғамдық тыңдаулар өтіп, 100 ден астам ұсыныс жобаға енгізілді», деді министр.

Аида Балаева аталған құжат жастар саясаты саласында барлық мемлекеттік органдардың жұмысын бір жүйеге келтіріп, идеологиялық бағыттан – базалық қажеттілікке дейінгі мәселелерді қамтитынын баса айтты.

«Сондай-ақ «NEET» жастар категориясымен жұмыс жөнінде Республикалық жобалық кеңсе жұмысын бастады. Оның аясында, осы категориядағы жастардың бірыңғай мәлімет базасын құру, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту, нақты ұсыныстар әзірлеу және адрестік жұмыс бөлімдерін ашу көзделіп отыр», деді Аида Балаева.