Аймақтар • 26 Мамыр, 2021

БҚО-да шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары басталды

457 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі биылғы шегірткеге қарсы күрес шаралары туралы айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

БҚО-да шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары басталды

Биыл 24-мамырда Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданына қарасты Қоскөл ауылдық округінің аумағындағы Шора қыстағында 1 жастағы итальяндық прус личинкаларының көбейіп жатқаны анықталды.

Батыс Қазақстан облысында биыл 72,326 мың гектарға үйірлі шегіртке зиянкестері, оның ішінде 70,326 мың гектарға итальяндық прус және 2 мың гектарға азиялық шегіртке таралуы мүмкін деген болжам бар.

«Химиялық іс-шараларды уақытында атқару үшін өңірге дәрі-дәрмектер жеткізілді. Сондай-ақ химиялық өңдеу қызметтерін атқаратындармен шарт жасалды. Оған барлығы 30 техника (оның ішінде 3 газ генераторы) жұмылдырылады. БҚО Қаратөбе ауданы Қаратөбе ауылдық округі аумағында «Энжио», «Локустин», «Имидор», «Комбат» және «Ципрофен» препараттарымен өңдеу жұмыстары жоспарлы түрде басталды», делінген хабарламада.

Республика бойынша 2021 жылы 640,85 мың гектар жерге үйірлі шегіртке зиянкестері, оның ішінде италиялық прус 384 мың гектарға, азиялық шегіртке 142 мың гектарға және мароккалық шегіртке 114 мың гектарға таралуы мүмкін деп болжанып отыр.

«Пестицидтер мен химиялық өңдеу қызметтері барлық болжамды алаңға сатып алынды. Сонымен қатар 223 мың гектарға жететін пестицид қоры бар.

Үйірлі шегірткелерді тиімді өңдеу үшін пестицидтердің түрлі топтарының препараттары сатып алынды.  Бұл бағыт бойынша облыс әкімдіктерімен бірлесе жұмыс істеу жүйесі әзірленді. Қазіргі уақытта облыс әкімдерінің орынбасарлары басқаратын жедел штабтар құрылды, сондай-ақ мониторинг және химиялық өңдеу жұмыстарын ұйымдастыру жөніндегі жұмыс жоспарлары бекітілді.

Өңдеуге арнайы бүріккіш 183 техника (150 жерүсті бүріккіші, 12 ұшақ, аса жеңіл авиацияның 13 кемесі және 8 аэрозольді газ генераторы) тартылатын болады», дейді мамандар.

Үйірлі шегіртке зиянкестерінің ошақтарын анықтау үшін 38,4 млн гектар жер зерттеледі. Осы жұмысты жүргізу үшін 524 автокөлік пен 1230 тексеруші тартылады.

Маусым айында көршілес мемлекеттермен (ҚХР, РФ, РУ) шекаралас аумақтарда шегіртке зиянкестерін анықтау үшін бірлескен зерттеу жүргізу жоспарланып отыр.

Республиканың Түркістан және Жамбыл облыстарында марокко шегірткесіне қарсы өңдеу жұмыстары аяқталды. Ал, Ақтөбе облысы мен БҚО-да итальяндық прусқа қарсы өңдеу жұмыстары басталды.