Экология • 27 Мамыр, 2021

«Жасыл экономикаға» көшудің тұжырымдамасы талқыланды

1709 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

2013 жылдың 30 мамырында елімізде мемлекеттің инновациялық іскерлігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған «жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасы» бекітілгені белгілі. Осыған байланысты Елбасы кітапханасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен «Жасыл экономика бойынша іс-әрекеттер серіктестігі» (PAGE) атты БҰҰ бағдарламасымен бірлесіп, «Жасыл экономика – Қазақстанның инновациялық және тұрақты дамуының парадигмасы» дөңгелек үстел жиынын өткізді.

«Жасыл экономикаға»  көшудің тұжырымдамасы талқыланды

Жиында тұжырымдамадағы мәсе­ле­лер мен бүгінге дейін атқа­рыл­ған жұ­мыс­тар талқы­ланды. Қа­тысушылар атап өткендей, бес жыл­дың ішінде ел ормандарына 2 млрд-тан астам, ал елді мекендерге 15 млн ағаш отырғызу жұмыстары қол­ға алынған.  Биыл 1 шілдеден бас­тап, қоршаған ортаны қорғаудың халық­аралық заңнама стандарттарына сәйкес келетін жаңа Экологиялық кодекс күшке енеді. Осылайша, Қазақстан посткеңестік кеңіс­тіктегі «жасыл экономика» идея­сын жүзеге асыра бастаған ал­ғашқы мемлекет болмақ.

– Биыл қазақстандықтар тарихи мәні зор ел Тәуелсіздігінің 30 жыл­дығын атап өтпек. Бұл – үлкен мерей­той. Соның нәтижесінде, біз жүріп өткен жо­лы­мыздың қорытындысын жа­сап, болашақ жоспарымызды тағы бір рет саралаудан өткіземіз. Бүгін­де әлем жұртшылығы таби­ғат­ты тіршіліктің қайнар көзі және біртұтас организм ретін­де қа­былдап үйренді. Өмір сү­ру са­пасын жақсартуда таби­ғат пен экожүйелердің әлем­дік те­пе-теңдігі сақталуы тиіс. Ел­­б­асы Н.Назарбаев «Қазақ­стан-2050» стратегиясы қалып­тас­қан мем­лекеттің жаңа саяси ба­ғыты» атты Қазақстан хал­қы­на Жолдауында әлемдік энерге­ти­ка­­лық қауіпсіздік пен табиғи ресурс­тардың сарқылуын ХХІ ғасырдағы сын-қатерлердің бірі екенін атап өтті. «Жасыл экономика» идеясын жалғастырып келе жатқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы көгалдандыру мен қоршаған ортаны қорғау ісіне зор көңіл бөледі. Өз сөзінде Президент экономикалық өсімнің «жасылдана» түсуін қадағалау маңызды екенін айтып келеді, – деді Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат.

Ал «Қазақстанның экология­лық ұйымдарының қауымдастығы»  ЗТБ төралқа төрағасы Әлия Назарбаева тәуелсіздік алған сәттен бастап Ел­ба­сы Қазақстанның өмірінен орын алған экология мәселелеріне ерекше көңіл бөліп келе жатқанын атап өтті. «Қазақстанды жаңғыртудың әр стратегиясында елдің «жасыл» жолға көшуіне негізделген экономиканың орнықты да тиімді моделін құруға нақты бағдарлар айқындалды. Бүгін­де Халықаралық жасыл технология­лар және инвестициялық жобалар орталығы Еуропа мен Азия елдерінің жетекші халықаралық ұйымдарымен, зерттеу құрылымдарымен страте­гиялық әріптестік орнатып үлгерді. Сондай-ақ жасыл технологияларды трансферттеу мен енгізу саласында, Қазақстан бизнесіне құйылған халық­аралық жасыл инвестиция­лар ағы­нының тиімді тетіктерін ұйым­­дастыру барысында бірқатар жетіс­тікке жетті», деді ол.

Қазақстанның «жасыл эконо­микаға» көшу тұжырымдасының жүзеге асырыла бастағанынан бергі табыстарына тоқталған Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев жаңғырмалы энергия көздері (ЖЭК) саласында елімізде жиынтық қуаты 1634,7 МВт болатын ЖЭК-тің 115 нысаны салынғанын, бүгінде қайта қалпына келетін энергияның үлесі елімізде 3%-ға жеткенін айтты. «2019 жылы ІЖӨ-нің энергия сыйымдылығы 2008 жылғы деңгейден 33,1%-ға төмен­деді, белгіленген индикаторға 2025 жыл­ға дейін қол жеткізілді. Қайта өң­делген және кәдеге жаратыл­ған өндіріс қалдықтарының үлесі 2020 жылы – 36%-ды құрады.  Ел тұрғын­дарының 81%-ы қалдықтарды жинау және шығару қызметтерімен қам­тамасыз етілді. 2020 жылдың жел­тоқсанында «Климаттық амбиция­лар саммитінде» Мемлекет басшы­сы Қазақстанның 2060 жылға қарай кө­міртегі бейтараптығына қол жет­кізуді көздейтінін мәлімдеді. Был­тыр біз Төмен көміртекті даму тұжы­рым­дамасын әзірлеуге кірістік. Бүгін­де «Жасыл экономикаға» көшу тұжы­рымдамасының екінші кезеңін іске асыру өзекті болып отыр. 2021-2030 жылдарға жоспарланған екінші кезең суды тиімді пайдалануға, жа­ңар­тылатын энергетика технология­ларын дамытуға, оны кеңінен енгізуді ын­таландыруға бағытталған ұлттық эко­номиканы қайта құру шараларын қамтиды», деді министр.

Жиынға қатысушылар биылдың өзінде миллионнан астам жасыл желек отырғызылатынын жеткізді. Бұл шешім қаланы желден қорғап, қолайлы климат құруға бағытталған «жасыл белдеуді» нығайтатыны анық.