28 Сәуір, 2010

ТАСҚЫННАН ҚОРҒАНУҒА ТИЯНАҚТЫЛЫҚ ҚАЖЕТ

594 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен кеңес болып өтті. Онда респуб­ликадағы стратегиялық маңызды сулы нысандардың жағдайы мен “Астана қаласын Есіл өзенінің тасқын суларынан қорғау” жобасы құрылысының аяқталу мәселесі сөз болды. Алдымен Астана әкімінің орын­басары Сергей Хорошун Астана қаласын тасқын сулардан қорғау мақсатында салынған бөгеттің жұ­мысы туралы баяндап берді. Бұл ны­сан Үкімет қаулысымен 2006 жылғы стратегиялық маңызы жоғары “Ас­та­на қаласын қорғау” атты басым­дық берілген инвестициялық жоба­лар сана­тына енген болатын. Қала әкімі орынбасарының сөзіне қара­ғанда бөгет әлі толық іске қосыл­ма­ғанымен, Вячеслав су қоймасына сыймаған 30 млн. текше метр суды өзіне қабыл­дапты. Осы қолға алынған шара Аста­на­ның жекелеген аумақ­тарын су басу қаупінен сақтап қал­ған көрінеді. Бүгін­гі күні Вячеслав су қоймасының көлемі 400 млн. текше метр суды құрайды. Артық суды бөгетке жіберу арқылы жағдай тұрақталған. Ал жаңа бөгеттің құрылысы биыл аяқталады деп жоспарланып отыр. Сергей Хорошунның айтуынша, Вячеслав су қоймасы арнасынан тасыған жағдайда, Есілдің сол жағалауы мен әуежай маңында орна­ласқан бірнеше елді мекен су астында қалуы мүмкін екен. Әйтсе де алдын алу шаралары нәтижесінде бұл қауіп орын алған жоқ. Қазір Вячеслав су қоймасында өзінің жобалық сыйым­дылығы бойынша 410 млн. текше метр су бар, сонымен бірге бөгетте тағы 30 млн. текше метр су бар. Енді бұл суды қалай тиімді пайдаланаты­нымызды ойлану қажет, деген Өмірзақ Шөкеев биылғы жылғы еліміз­де қалыптасқан ерекше ылғал­дылық жағдайы туралы баяндады. Көшпелі отырыста жаңа бөгетті болашақта тиімді пайдалану және жиналған суды кезең-кезеңімен Есіл өзеніне өткізу үшін салынып жатқан арналарды тезірек бітіріп, қолда­нысқа беру тапсырылды. Арналар құрылы­сына бюджеттен 740 млн. теңге бөлі­ніп, оның бірінші кезегі аяқ­­тал­ды. Құрылыс алдағы қыр­күйек­тің 1-іне дейін толығымен аяқта­лып, арна Есіл өзенімен жалғастырылатын болады. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.