Коронавирус • 27 Мамыр, 2021

Алматыда бірнеше госпиталь жабылды

308 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматыда COVID-19 жұқтырғандар жатқан үш аурухана қалыпты режимге ауысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматыда бірнеше госпиталь жабылды

Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасы басшысы Нариман Табынбаевтың айтуынша, қалада коронавирус жұқтырған науқастардың ауруханаға түсу жағдайы төмендеген. Нәтижесінде №1 перзентхана мен екі аурухана қалыпты жұмыс режимдеріне көшкен.

Сондай-ақ 1 маусымнан бастап жедел медициналық жәрдем көрсету ауруханасы мұқият дезинфекциядан өткізіліп, бұрынғы жұмыс режиміне көшеді.

Қорғаныс министрлігі ауруханасында да коронавируспен жатқызылған соңғы науқас емделіп шықты.

«Сондай-ақ Halyk Arena-да орналасқан жұқпалы аурухана және қайта жасақталған ауруханалар, оның бірі – теміржол емханасы, №1 Қалалық клиникалық аурухана және Қалалық кардиологиялық орталық коронавирус жұқтырған науқастарды күту жүйесінен алынады», делінген хабарламада.

Бүгінде коронавирус жұқтырған 2035 адам ауруханаларда жатыр. Жалпы қаланың жұқпалы аурулар ауруханаларындағы төсек сыйымдылығы - 5 940 орын. Бүгінде үй жағдайында алғашқы медициналық-санитарлық көмек және мобильді топтар қадағалауындағы 2 198 науқас бар, оның 306-сы симптомсыз, 1892-сі жеңіл және 90-ы орташа ауырлық дәрежесінде.