«Көптеген адамдар әуежайды қайта жөндеудің не қажеті бар деп ойлайды. 2015 жылы Елбасы Қорғаныс министрлігінің балансында тұрған әуежайды бізге беруді тапсырды. Бұл орындалды. Бірінші кезекте жергілікті бюджет есебінен әдемі терминал – аэровокзал ғимараты салынды. Қазір ол табысты жұмыс істеп тұр, Нұр-Сұлтан, Талдықорғаннан ұшақтар қабылдайды. Осының арқасында демалушылар саны артып келеді. Бірақ ұшу-қону жолағының жай-күйі көңіл көншітпейді. Сол үшін жақын көршілерімізден өтініштер түсіп жатыр. Олар Алакөлге өздерінің чартерлік ұшақтарымен ұшқысы келеді. Бірақ ұшу-қону жолағы оған мүмкіндік бермейді», деді А. Баталов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Ол үшін екі бөліктен тұратын жобалық-сметалық құжаттама әзірленген. Ұшу-қону жолағына 4,7 млрд теңге және аэронавигацияға, аумақты қоршауға, күзет дабыл жүйесін орнатуға, жарықтандыруға 2,5 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінген.
«Бізді Үкімет қолдады және бізге 4,7 млрд теңге бөлінді. Тендер рәсімін өткізіп, жақсы мердігерлерді алдық. Мұны жыл соңына дейін игеруіміз керек. Жөндеу жұмыстарын жүргізсек, бізге Boeing 737 ұшағы қона алады, сонда туристер ағыны да артады. Қалған 2,5 млрд теңге жергілікті бюджеттен бөлінді», деп түсіндірді Амандық Баталов.