Медицина • 27 Мамыр, 2021

QazVac-қа мұсылман елдері қызығушылық танытып отыр

218 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой журналист Нартай Аралбайұлының YouTube-каналына берген сұхбатында коронавирусқа қарсы отандық QazVac вакцинасына 10-ға жуық ел қызығушылық танытқанын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

QazVac-қа мұсылман елдері қызығушылық танытып отыр

«Біз үлкен белсенділікті көрдік. Негізінде біздің вакцина – мұсылман әлеміндегі толығымен жасалған және шығарылған алғашқы вакцина. Көптеген мұсылман мемлекеті бізге жүгінеді. Жақында БАӘ-дегі әріптесіммен сөйлестім, олар қызығушылық танытып отыр. Бізге Қатардан жүгінді. Барлығы 10-ға жуық ел QazVac-ты жеткізу мәселесі бойынша жүгінді. Қазір осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз, авторлық құқықты тіркейміз. Біздің институт болашақта QazVac-ты ғана емес, басқа да вакциналарды халықаралық патент алып жатыр», деді А.Цой.

Одан өзге ол коронавирусқа қарсы вакцинаны көптеген дамыған ел жасай алмай отырғанда бұл Қазақстанның қолынан қалай келгенін айтып берді.

«Біздің ғалымдар кез келген вирусты бөліп алып, одан вакцина жасай алатынын көрсетті. Бұл Қазақстан басқа елдерге қарағанда ақылдырақ дегенім емес. Осындай қауіпсіздік деңгейі жоғары зертханалар әлемде аз. Мұндай жабайы вирустармен жұмыс істеу тәжірибесі көп елде жоқ. Осыған байланысты біз жасай алдық. Біз бұл мәселемен көп жылдар бойы айналысып келеміз», деді министр.