Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Талғат Донақовтың төрағалық етуімен кеңес өткізіліп, оның жұмысына Бас прокурор Қ.Мәми, Жоғарғы Сот Төрағасы М. Әлімбеков және құқық қорғау органдарының бірінші басшылары қатысты.
Кеңесте заңдылықты қамтамасыз ету, қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері қаралды, сондай-ақ құқық қорғау органдарының 2010 жылғы І-тоқсандағы жұмысының қорытындысы жасалды.
Т.Донақов өзінің сөзінде мемлекеттік басқару институттары жүйесінде құқық қорғау органдарының маңызды рөл ойнайтынын, себебі азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты елеулі мөлшерде заңдылық пен құқық тәртібінің деңгейіне байланысты екенін атап көрсетті. Осыған байланысты Президент Н.Ә. Назарбаевтың халыққа Жолдауында айтылған тапсырмаларының мүлтіксіз орындалуы қажеттілігіне назар аударылды. Азаматтардың құқықтарын қорғау және заңдылықты сақтау басымдығы құқық қорғау органдары жұмысының негізгі принципі болуы қажет.
Кеңесте Ішкі істер министрінің, Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі төрағасының, Кедендік бақылау және Қылмыстық-атқару жүйесі комитеттері төрағаларының баяндамалары тыңдалды.
Мәселелерді талқылау нәтижелері бойынша заңдылықты және құқық тәртібін нығайту, оның ішінде көшелерде және өзге қоғамдық орындарда тәртіп орнату, көші-қон бақылауын күшейту, ұйымдасқан және трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес, қару-жарақтың айналымын бақылау, кеден және экономикалық қызмет саласында қылмыстардың алдын алу шараларын қолдану және оларды уақтылы ашу бойынша міндеттер белгіленді.
“Егемен-ақпарат”.