Аймақтар • 27 Мамыр, 2021

Туризмнің тартымды нүктесіне айналады

349 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Әрқайсымыздың бала қиялымызда аспан әлеміне саяхат жасап, ғарышқа жеткіміз келсе де, іс жүзінде ғарышкер атану санаулы адамның ғана қолынан келген. Дегенмен бүгінде бұл тылсым әлемге бір елі жақындауға керемет мүмкіндігіміз бар. Неге десеңіз, ғарышқа апарар төте жол қазақтың дарқан даласынан бастау алады, ал Байқоңыр сол жолдың «қақпасы» іспеттес. Бай тарихқа ие «Байқоңыр» ғарыш айлағы – аспан әлемімен жақындастыратын Жер шарындағы саусақпен санарлық нүктенің бірі. Қазір футурологтер жеке ғарыш айлақтары құрылып, ғарыштық туризм белсенді дамиды деген болжам айтады.

Туризмнің тартымды нүктесіне айналады

Қазақстанмен көршілес Ре­сей арасындағы стратегиялық әріп­тес­тік пен ынтымақтастықтың нә­ти­жесінде «Байқоңыр» ғарыш айлағын сақтап, жарты ғасырдан аса уақыт оның ин­фрақұрылымын тиімді пайдаланып келеміз. Сон­дай-ақ бүгінде «Байқоңырды» ға­рыш саласының ғана емес, туризм индустриясының әлемдік брендіне айналдыруға толық мүмкіндік бар.

Әлемдік тәжірибе ғарыш туризмін дамытудың тартым­ды­лығы мен экономика жағынан тиім­ділігін көрсетеді. Қазірдің өзін­де инфрақұрылымы дамыған, қолжетімді баға ұсынатын осындай ғарыш орталықтары жылына 1,5 миллион туристі қабылдап, 270 млн АҚШ долларына дейін табыс табады. Аталған кешендегі инфрақұрылымы дамыған ойын-сауық орталықтары, түрлі шоу-бағдарлама, экскурсиялар осындай нәтижеге қол жеткізуге мүм­кіндік берді.

Kazakh Tourism ұлттық компа­ниясының Басқарма төрағасы Ержан Еркінбаевтың айтуынша, әлемде ғарыш туризміне сұраныс жыл сайын кем дегенде 9%-ға өсіп келе жатыр.

– «Байқоңыр» ғарыш айлағында туризмді дамытуды біз сұранысқа ие салалық бағыттардың бірі ре­тінде қарастырамыз. Зерттеу­лер­ге сүйенсек, бүкіл әлем бойын­ша 280 миллионға жуық турист салалық туризмнің түрлі бағытын таңдайды. Оның ішінде әлем хал­қының 9 пайызы жыл сайын ғарыштық туризмді таңдай­ды. «Байқоңырдың» адам еркі мен ақыл-ойының дәрежесін көр­се­тетін деңгейін әлі кең көлемде көрсете алмай келеміз. Осы ол­қылықтың орнын толтыру мақ­сатында Мәдениет және спорт министрлігі мен Kazakh Tourism бірлесіп маркетинг, бейнекон­тент­ті ілгерілету және одан әрі даму мәселелерін пысықтау бойынша белсенді жұмыс істеп жатыр.

Осы ретте «Байқоңырды» қол­жетімді саяхат орнына айналдыру үшін бірінші кезекте ғарыш ай­лағына кіру мәселесін шешу қажет.

Жақында Премьер-Министр Асқар Мамин бастаған қазақ­стандық тарап ресейлік әріптес­терімен кездесу барысында қала мен ғарыш айлағының аума­ғына бақылау-өткізу режімін жеңіл­детуді ұсынды. Сонымен қатар ең заманауи стандарттарға сай жабдықталған және тұрақты рейстерді қабылдауға дайын «Крайний» әуежайын пайдалану жайын ұсын­ды. Ал ұзақмерзімді перспективада «Бай­қоңыр» аума­­ғына визасыз режім енгізу шет­елдік туристерді тартудың тиімді шарасы болуы мүмкін.

Кездесу аясында іске асыруға дайын жобалардың идеялары айтылды. «Ғарыш айлағында темір жол желісі дамыған кешен ау­мағында туристік пойызды іске қосу арқылы балалар мен жасөспірімдер туризмін дамы­туға алғышарт жасауға болады. Бұдан бөлек қазірдің өзінде бірқатар қызық жобаны іске қо­суға мүмкіндік бар», деді Ержан Еркінбаев.

Жуырда ғарыш айлағының аумағына келген туристер үш күн немесе одан да ұзақ мерзімге тұрақтай алуы үшін тақырыптық саябақ, ға­рыштық аттракциондар, қонақүй кешендері және демалыс орындары бар туристік аймақ пайда болмақ.

«Байқоңыр» жақын арада әлем­дік ғарыштық туризмнің жаңа нүктесіне айналады деген үміт бар.