Аймақтар • 28 Мамыр, 2021

Жәйремнен бал қымыз жетті

398 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Медицина мамандары қымыздың химиялық және сәулелік терапия алатын пациенттерге ғана емес, «жаман тұмаумен» ауырып тұрғандарды да сауықтыру үшін таптырмайтын дәру екенін айтады.

Жәйремнен бал қымыз жетті

Осы орайда Жәйрем кентінің «Өндіріс еріктілері» деп аталатын еріктілер тобы игі іске бастамашы болып, Қарағанды облыстық онкологиялық диспансерінің пациенттеріне арнап 200 литр қымыз жеткізді.

«Өндіріс еріктілері» тобының жетек­шісі Гауһар Наурызбаева онкологиялық науқас­тарды қымызбен қамтамасыз ету идеясын ұйым мүшелерінің бірі ұсын­ғанын айтады. Сөйтсе идея авторы осы ауруханаға түскен екен. Содан диагнозы расталмаған соң, қуа­нышы қойнына сый­май, осы игі істі жүзеге асыру туралы ойын ортаға салыпты.

– Ай сайын ауылдың әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған тұрғындарына көмектесіп тұрамыз. Жұмысымыз екі бағытта жүреді. Бұл материалдық қолдау – біз өнімдерді, қажетті заттарды ақша жинап, сатып аламыз. Сонымен қатар сенбілікке шығамыз, шарбақтарды сырлауға, ағаштарды әктеуге көмектесеміз. Бастапқыда біз Жәйрем тұр­ғындарына ғана көмектесеміз деп ойла­ғанбыз. Уақыт өте келе Қаражал мен Өске­­мендегі аз қамтылған отбасыларға көмек­тесу мүмкіндігі туды. Енді облыс тұрғын­дарына да қол ұшын созып жатқан жайымыз бар, – дейді Г.Наурызбаева.

Жәйрем кентінде негізі қаланған «Өн­діріс еріктілері» тобының құрамына  «Қазцинк» компаниясында жұмыс істейтін 150 ерікті кіреді. Бұлардың барлығы да жер­лес­терінің идеясын бір кісідей қолдап, қымызға қажетті қаражатты тез арада жинап берген. Соның нәтижесінде диспансерде ем алып жатқан 180-ге таяу науқас бал қы­мыздың дәмін татып, бойларына шипа дарытты.

Аталған диспансердің бас дәрігері Мұрат­­бек Жұмақаев жәйремдік жаны ізгі азаматтардың бұл қайырымды ісін жоғары бағалап, зор алғысын жеткізді.

– Бие сүті химиялық және сәулелік терапия алатын пациенттердің  сауығуына үлкен көмегін тигізеді. Бір ғана ескертетін жайт бар, қымызды операциядан кейін бірден ішуге болмайды, – дейді М.Жұмақаев.

 «Өндіріс еріктілері» тобы қайырым­дылық істерін әрі қарай да жалғастыра бермек. Мы­салы, олар алда келе жатқан 1 мау­сым – Балаларды қорғау күні мере­кесіне тың­­ғылықты дайындалу үстінде. Еріктілер Жәйрем кентіндегі мүгедек балаларға арнап мерекелік сыйлықтар тарту етпек.