Бұған дейін жазғанымыздай, жарыстың алғашқы екі күнінде үш боксшымыз Азия біріншілігін ерте аяқтауға мәжбүр болған еді. Өкінішке қарай, кеше бұл қатарға 2019 жылы Ресей төрінде өткен әлем чемпионатында топ жарған 81 килодағы серкеміз Бекзат Нұрдәулетов қосылды. Чемпионаттағы алғашқы жекпе-жегінде отандасымыз өте ыңғайсыз қарсылас Мейсам Гешлагиге тап келді. Парсы шығанағының өкілімен өткізген айқаста Бекзат 4:1 есебімен жеңіліп қалды. Бұл – Нұрдәулетовтің әлем чемпионатынан кейінгі ең сүреңсіз жекпе-жегінің бірі болды. Жуырда ғана Санкт-Петербургте өткен Губернатор кубогының финалында шаршы алаң иесі Имам Хатаевтан жеңіліп жатып, жігерлі мінезінің арқасында қарсыласынан жеңісті жұлып алған Бекзаттан, өкінішке қарай, кешегі айқаста сол мінезді байқай алмадық. Бірінші раундтан бастап Бекзатқа соққы жасатпауға тырысып, өз дегенін істеткен Гешлаги осылайша, әлем чемпионынан айласын асырып, сенсация жасады.
Азия біріншілігіндегі алғашқы жекпе-жегін өткізген 52 кило салмақтағы Сәкен Бибосынов жарысты жеңіспен бастады. Олимпиада жолдамасының иегері ширек финалда Шри-Ланка өкілі Ласинда Эранданы 5:0 есебімен айқын ұтты. Жеңіл салмақтағы былғары қолғап шеберіміз жартылай финалда моңғолиялық Хархуу Энхмандахты төрешілер шешімімен (3:2) жеңген Амит Пангалмен жұдырықтасады. Дәл осы үнді боксшысы жерлесімізді 2019 жылы Ресейде өткен әлем чемпионатының жартылай финалында 3:2 жеңіп, жарыс жолынан ығыстырған болатын. Енді Сәкен Бибосынов үшін есе қайтаратын тамаша мүмкіндік туып тұр.
Сонымен қатар 69 килодағы құрама үздігі Абылайхан Жүсіпов ширек финалда тартысты жекпе-жек көрсетті. Жергілікті боксшы Хусейн әл-Кандариді 5:0 есебімен айқын жеңген ол жартылай финалда ауғанстандық боксшы Хуссаин Амириді екінші раундта нокаутпен ұтқан моңғолиялық Баттумур Мишеелтпен қолғап түйістіреді.
75 килода өнер көрсететін Әбілхан Аманқұл да командаластарының жеңісті жолын жалғап, үндістандық боксшы Ашиш Кумарды 3:2 есебімен ұтты. Аманқұл финал үшін өтетін жекпе-жекте Азия құрлығының екінші нөмірлі боксшысы ирандық Зейдшахин Моусавимен жұдырықтасады.
Ширек финал бәсекесінде қазақстандық боксшылардан соңғы болып рингке көтерілген құрама капитаны Қамшыбек Қоңқабаев та еш қиындықсыз жартылай финалға жолдама алды. 91 килодан жоғары салмақта ел намысын қорғаған капитан ширек финалда үндістандық Нарендерді 5:0 есебімен жеңді. Қамшыбек жартылай финалда Иран өкілі Поуриа Амиримен кездеседі.
Жартылай финал жекпе-жектері кеше және бүгін өтеді. Ал финалдық сайыстар 30-31 мамырға жоспарланған.