Медицина • 28 Мамыр, 2021

Балалар арасында инсект аллергиясы жиіледі

556 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елордалық дәрігерлер инсектік аллергиясы бар балалардың стационарларға жүгіну жағдайы жиілеп кеткенін мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Балалар арасында инсект аллергиясы жиіледі

№1 көпбейінді қалалық балалар ауруханасының дәрігерлерінің айтуынша, аталмыш аллергиялық реакция жәндіктердің шағып алуынан болады.

«Антигендер – жәндіктердің, дернәсілдердің денесінің бөлшегі, уы, сілекейі секілді өзге де инсектіктивті компоненттері. Бұл аллергия негізінен шағып алған кезде пайда болады. Сол сияқты шағатын жәндік терісінің бір қабаты мұрын арқылы ағзаға түскенде болады. Бұдан бөлек бал, дәрі-дәрмектер, нақтырақ айтқанда шағатын жәндіктердің азығы болып есептелетін прополисті қолданғанда шығады», дейді иммунолог-дәрігер, аллерголог Нұрлан Өтелбаев.

Дәрігер аллергиялық реакциялар жергілікті және жүйелік болып бөлінетінін атап өтті. Оның айтуынша, жәндіктердің шаққаннан кейін орны ауырсынып, өтпелі эритема болатынын және кішкентай ісіну болатынын жеткізді.

Дәрігерлер шаққан орынға және оның айналасына суық нәрсе қойып, медициналық көмекке жүгіну керектігін ескертеді. Шағу ықтималдығын болдырмау немесе едәуір азайту үшін мынадай сақтық шараларын сақтау керек:

- сыртқа шыққанда барынша жабық киіммен шығу;

- шөп үстінде жалаң аяқ жүрмеу (жәндікті басып кету қаупі жоғары);

- прополисті емдік үшін қолдануға болмайды;

- омарталар мен базарларға, пикниктерге бармау;

- физикалық күш салып жұмыс істеуге болмайды (адам денесінен бөлініп шыққан тер жәндіктерді тартады);

- жәндіктердің ұялары шөптерде, бұталарда, шатырларда, назардан тыс қалған орындарда болуы мүмкін екенін ұмытпаңыз;

- жәндікті өз ұясының жанында өлтіруге болмайды;

- парфюмерия, лак, крем пайдаланбаңыз, өйткені олардың иісі жәндіктерді тартады;

- араға немесе араның қасында тұрып жылдам қозғалыс жасамаңыз;

- бас киім киюді ұмытпаңыз, өйткені шашқа оралған жәндік міндетті түрде шағып алады.