Жақында ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Әзірбайжан Сыртқы істер министрі Эльмар Мамедьяровпен және Армения Сыртқы істер министрі Эдвард Налбандянмен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлады ҚР СІМ-інің баспасөз қызметі.
ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы әңгімелесуші тараптармен Таулы Қарабақ қақтығысының жағдайы мен оны реттеу мәселесінің болашағын талқылады. Қ.Саудабаев жағдайды жақсарту жолдарын іздестіруде күш-жігерді үдетуге және бұл үдеріске ЕҚЫҰ-ға төраға мемлекеттің басшысы ретінде Қазақстан Президенті Н. Назарбаевтың жеке өзінің қатысу мүмкіндігіне шынайы қызығушылығын танытты.
Сонымен қатар, тараптар 16-17 шілде аралығында Алматы қаласында өтетін ЕҚЫҰ Сыртқы істер министрлерінің бейресми кеңесіне дайындық туралы және Президент Н.Назарбаевтың бастамасымен 2010 жылға белгіленген ЕҚЫҰ Саммитінің негізгі мазмұнын анықтау жөнінде пікір алмасты.