Аймақтар • 30 Мамыр, 2021

Тараз тарихын танытатын туынды

394 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кезінде ұлы шығыс шайырлары шабыттана жырлаған көне Тараз шаһары бұл күнде заман ағымымен қайта жаңғырып, жаңару үстінде.

Тараз тарихын танытатын туынды

Екі мың жылдан астам тарихы бар қаланың сәулеті артып, көркем келбеті уақыт өткен сайын айшықталып келеді. Бұл ретте Тараз шаһарының көркін арттыру мақсатында жүйелі жұмыстар да жүргізілуде. Жалпы, Әулиеата өңірі тарихи ескерткіштер мен киелі орындардың орталығыболғандықтан, мұнда келушілер көп. Тарихына қызығып, оны білмекке, көрмекке ниетті жандар да жетерлік. Уақыт өткен сайын көне шаһардағы тарихи нысандар тізбегі толығып отыр. Мұндағы әрбір нысанның өзіне тән ерекшелігі мен сәулеттік үлгісі қалыптасқан.

 Мәселен, Талас өзенінің бойында орналасқан «Тектұрмас» этно-тарихи кешені облыс орталығындағы жаңа салынған нысанның бірі. Аталған кешен этнографиялық туризмді дамыту мақсатында салынған. Бұл жердегі ұлы Батыс түркі қағандарының бейнесі кешенге терең тарихи мазмұн беріп тұр деуге болады. Ал, алып тұлғалы Әулиеата ескерткіші де аңыздан сыр шертетін символикалық бейне ретінде көпшіліктің қызығушылығын тудыруда. Тарихта Әулиеата туралы түрлі деректер бар. Дегенмен, Әулиеата бейнесі көпшіліктің санасында даналық, батырлық сияқты ұлы ұғым ретінде сақталған. Негізінен аталған кешен ғажайып архитектуралық шешімдерді сабақтастыруымен де құнды. Ал, Талас өзенінің бойын жағалай салынған «Көне қамал» да келушілерге ерекше әсер сыйлайды. Осы орайда Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев нысанға арнайы барып, жұмыстармен танысты. «Көне Тараз» этномәдени кешені мен «Тектұрмас» этно-тарихи кешенінің жұмыстары 2018 жылдан бері бұрынғы өңір басшысы Асқар Исабекұлының бастамасымен басталған. Ол бірінші кезең болса, біз соны жалғастыра түстік. Мынау екінші кезеңі. Әрі қарай үшінші кезең бойынша да жоспарлы жұмыстар атқарылатын болады. Жібек жолының тарихы, тарихи шайқастар, өңірімізде туы тігілген Қазақ хандығы, Тәуелсіздік жылдарындағы маңызды оқиғалары сияқты құндылықтарды біз осы кешен арқылы қонақтарға таныта түспекпіз. Халықтың жаяу аралауы үшін жағдай жасалады. Ең негізгісі әрине, болашақ ұрпаққа тарихымызды жеткізуіміз керек. Осындай кешен арқылы да біз өткеніміз туралы олардың саналарына сіңіре аламыз», деді Бердібек Сапарбаев.

Жалпы, «Тектұрмас» этно-тарихи кешені мен «Көне Тараз» нысанындағы жағалаудың ұзындығы 1423 метрді құраса, қоршап тұратын қорғанның ұзындығы 220 метр. Нысанға кірген кездегі оң жақ қабырғасы жасанды тастармен көмкеріліп, ол жерлерге көне түркі жазулары жазылып, петроглифтер салынған. Нысанның кіреберісінен жағалаудың соңына дейін сан түрлі түстегі самаладай жарқырайтын шамдармен көмкерілген 86 аралық ағаш баспалдақ орналасқан. «Біздің негізгі мақсатымыз – Тараз қаласының тарихи мүмкіндіктерін пайдалана отырып, туризмді дамыту. Ол үшін Әулиеата жеріндегі тарихи ескерткіштерді қалпына келтіріп, ең біріншіден, өзіміздің жерлестерімізге, екіншіден, өзге өңірлерден келетін қонақтарға танытуымыз керек. Сондай-ақ, биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы. Осыған орай біздің өңірімізде де көптеген жобалар жүзеге асуда. Мерейтой тек аста-төк шаралармен емес, тағылымы мол, тұрғындарды бірлікке, ынтымаққа, достыққа шақыратын игі істермен ерекшеленуі маңызды. Мәселен, біз былтырдан бастап, өңірімізде «Асарлатып үй салу» жобасын жүзеге асырып келеміз. Ондағы мақсат – елдімекендерде тұратын жастардан бастап, ақсақалға дейін ұлтына қарамастан біріктіріп, сол ауылдардағы аз қамтылған көпбалалы отбасыларға асарлатып үй салып беру. Өткен жылы біз 99 үй салдық. Биыл соны әрмен қарай жалғастырып, ең кем дегенде 170-180 үйге жеткізсек дейміз», деді Бердібек Сапарбаев.

Сонымен қатар, әкім «Жомарт түлек» жобасының маңыздылығын да атап өтті. Бұл жоба өңірден шыққан табысты, танымал түлектерді біріктіру арқылы туған өлкелерін көркейтуге, әлеуметтік мәселелерін шешуге үлес қосуға шақыра отырып, олардың өмір жолдарын өскелең жастарға өнеге ретінде таныту мақсатында қолға алынған. «Азаттықтың 30 жылдығына орай қолға алынған маңызды жобамыздың бірі ол «Таразға тарту»жобасы. Облыс орталығын туризм орталығына айналдыру керек. Сол үшін көне шаһарды жан-жақты дамытуымыз керек. Тек қана оның тарихи емес, мәдениет жағынан да, көркемдік жағынан да өркендеуіне ден қоюымыз қажет. Сондықтан да «Таразға тарту» жобасын жүзеге асырудамыз. Ондағы мақсат – кәсіпкерлер мен кәсіпорындарды тарта отырып, аудандар мен басқармаларды және барша жерлестерді жұмылдырып, саябақтар мен скверлерді, көшелерді жөндеуден өткізу, реттеуболып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстардың дені тәуелсіздік мерекесіне дейін аяқталатын болады», деді Бердібек Сапарбаев.

Сондай-ақ, облыс әкімі Елбасы тапсырмасына сәйкес салынған «Қазақ халқына мың алғыс», «Біз біргеміз!» монументтерінің мазмұны мен тағылымына тоқталып, «Төрткүл» керуен сарайын да жандандыру керектігін жеткізді.