Ол кезде колхоздағы бүкіл әйел адамды ауыр-жеңіл демей, таңнан күн батқанша жұмысқа салатын. Ләтипа да қай жұмысқа жұмсаса да істеп, кешке екі баласының қамын ойлап, ерінің аман-есен келуін Алладан тілеп, бес уақыт намазын қалдырмайтын. Әкесіне тартқан көрікті, сұңғақ бойлы, қолаң шашты, көкшіл көзді, көрген кісі көркіне қызығатындай сұлу да сымбатты жан еді.
«Мал аласы сыртында, адам аласы ішінде» дегендей, бар азамат ел қорғаймыз деп соғысқа кеткенде, ебін тауып елде қалып, сот қызметін атқарып жүрген бір арсыз отбасы, балалары бола тұра, Ләтипаға қырындап мазасын алған. Жолдасым майданда, екі балам бар десе де, қоймай келгіштей беретін. «Басыңа Ай мен Күн туғызамын. Күйеуің соғыстан келе ме, жоқ па, қайдан білесің?» деп кейде әлсіз жанға қоқан-лоқы да көрсетеді.
Жарына адал, бірбеткей келіншектің айтқанына көнбейтінін білгеннен кейін «Ендеше, сенің көзіңе көк шыбын үймелетемін», деп қорқытып та көреді. Ақыры мүлдем көнбейтініне көзі жеткен соң, арам пиғылына кіріседі. Ауылда бір мал ұрланып, соның қаны жұққан бөшкені Латипаның үйінің жанына тығып, кейін іздеп тауып алған болып, кінәсіз жанды түрмеге қаматады. Қамауда жатқанында сотқа дейін тағы бірнеше рет келіп, неше түрлі сөздер айтып, райынан қайтарғысы келеді. Сертіне берік, жүрегі таза жанды қанша қыспаққа алса да көндіре алмай, ақыры 9 жылға соттатып жібереді.
Сөйтіп, кінәсіз жанды «АЛЖИР» аталып кеткен «26-шы нүкте» атты әйелдер түрмесіне апарып қамайды. Осылайша, Ләтипа тағдыр тәлкегімен тауқымет қамытын киіп, атышулы лагерьде көп жылдан бері азап шегіп жатқан, КСРО-ның әр жерінен жиналған «халық жауларының» әйелдерімен танысады. Кейбіреулеріне бойындағы емшілік қасиетімен көмек көрсетеді. Тар қапаста жүрсе де, абыройға ие бола бастайды.
Қыста қандай аяз болса да Жалаңаш көлінен қамыс шауып, оны құшақтап тасып, қырға маялап үйеді. Көрші ауылдағы кісілер кейде жан-жақтан итпен қоршаған солдаттардан тасалап, қамыс арасына тамақ тығып кетеді. Оны тауып алған аналар бір-біріне беріп, талғажау қылады. Солдаттар көріп қалса, ұрып-соғып, тамақтарын тартып алып, лақтырып не төгіп тастайтын.
Азап лагерінде аш-жалаңаш жүрсе де өңі қайтпаған Ләтипаға солдаттар мен офицерлердің де көзі түсіп, мазалай бастайды. Осы кезде өзімен қатар түрменің ерлер жағында сотталу мерзімін өтеп, қолынан іс келетіндіктен, лагерьдің барлық жұмысын атқарысып жүрген көкшетаулық Байболатпен танысып, бара-бара көңілдері жарасады. Ол іскер болған соң басшылармен жақсы тіл табысқан екен. Содан ретін тауып, осында келіп жұмыс істейтін діннен сауаты бар адамға жасырын некелерін қидырады.
Бірде Ләтипаны он шақты әйелмен бірге ауыр жұмысқа салады. Оны көтере алмаған Ләтипа есінен танып құлайды. Ес-түссіз жатқан адамды солдаттар өлді деп мәйітханаға апарып, лақтырып тастай салады. Оны лагерьде көптен отырған ғалым әйел байқап, Ләтипа өлген жоқ шығар деп күдіктеніп, жанына келеді. Оның мұрнының астына айнаның сынығын қойып, арада үш сағаттай уақыт өткенде одан сәл дым көріп, дереу кезекшіге хабар беріп, ауруханаға жеткізеді. Сондағы дәрігерлер көмектесіп, Алланың қалауымен, әйтеуір, аман алып қалады. Дәрігерлер толық тексеріп, аяғы ауыр екенін айтады.
Міне, осылай тар қапастың ішінде, 1947 жылы 24 наурызда аман-есен босанып, маңдайы торсықтай кішкентай қыз шыр етіп өмірге келеді. Нәрестенің атын әкесі анасымен ақылдасып, Бақытжан деп қояды. Лагерьдің заңы бойынша баланың үш жасқа дейін анасының жанында болуына рұқсат етіледі де, үшке толғаннан кейін «халық жауының» баласы ретінде Балалар үйіне беріліп, анасы аналық құқығынан айырылады екен. Соны естіп-білген баланың әкесі сотталған мерзімі аяқталып, бостандыққа шығар алдында Ләтипаға бәрін түсіндіріп: «Менің балам ғой. Өзіммен бірге алып кетіп асырайын. Менің ауылда зайыбым бар болғанымен, сәби сүйе алмай жүр едік», дейді. «Ал баланы Балалар үйіне әкетсе, кейін таба алмай қаласың», деген соң, анасы қимай-қимай көнеді. «Бірақ мен қалай босаймын, солай өзім барып алып кетемін», деп келісімін береді.
Байболат үш жасар қызымен бірге туған ауылына оралғанда туыстары қуанып, той жасайды.
Ләтипа төрт жылдан кейін, 1954 жылы жазасын толық өтеп босап шығысымен ешқайда соқпай, Байболат берген мекенжаймен қызын іздеп, Бурабай баурайындағы Кіндікқарағай ауылына барады.
Балаға бауыр басып қалған Байболат пен әйелі Ләтипаның келуін күтпеген еді. Байболат ауыл ақсақалдарымен ақылдасады. Сонда көпті көрген бір ақсақал: «Қызыңмен жасты ауылдың жеті қызын киіндіріп, Ләтипаның алдына алып кел. Егер қызын таныса, ертіп жібер, танымаса кете берсін» деген шешім айтады.
Бақытжан арада өткен жылдар ішінде туған анасы түрмеде өз қолымен тігіп берген қамзолын әркез киіп жүреді екен. Бұл жолы да сол қамзолын киіп келеді. Ләтипа жеті қызға жағалай қарай бергенінде өзі тіккен қамзол көзіне қызымен бірге оттай басылады. «Міне, менің қызым», деп бауырына баса бергенде Бақытжан: «Әке, мені мына әжеден құтқарыңдар! Мені неге құшақтайды?», деп жылайды. «Мен – сенің туған анаңмын», деп баланы әрең тоқтатады. Бұны көрген үйдегі әйелдер тегіс жылап, тіпті мықтымын деген ер адамдар да көзіне жас алады. Жазықсыз азап шеккен ана мен бейкүнә сәби осылай табысады.
Ләтипа қызымен бірге Астрахан ауданының Колутон стансасына барып қоныстанып, Бақытжанды мектепке береді. Бастауыш сыныпты бітірген соң ағасы Қорғанбай анасы мен екеуін Державинкаға көшіріп әкетіп, Бақытжан сонда оқуын жалғастырады. Жастайынан анасына ұқсап өскен қыз сабаққа бейім, ұстазын бір айтқаннан қағып алатын құймақұлақ болып өседі. Әсіресе есепке жүйрік болды.
Әрине, адам аузына қақпақ бола аласың ба, «Шешесі отырып шыққан «халық жауы» деген қаңқу сөз жас баланың да құлағына жетіп, жүрегі ауыратын. Бірақ оны анасына айтпай, екеуі біріне-бірі демеу болып, алдарына қойған мақсаттарына жетуге талаптанатын. Ләтипа жалғызілікті болса да күндіз-түні еңбек етіп, балаларын асырады.
Бақытжан 18-ге толғаннан кейін анасы сырқаттанып қалып, қызын жанына шақырып алып: «Балам, мені оңдап тыңдап ал. Мен кезінде туған әкеңе қиянат жасап, сені кішкентай күніңде одан алып кеттім. Енді сен оңың мен солыңды таныдың. Мынау – әкеңнің мекенжайы», деп, қаншама жылдардан бері сақталып, сарғайса да «Шучье ауданы, Ұрымқай совхозы, 2-ші бөлімше, Кіндікқарағай ауылы» деген жазу анық көрінетін бір жапырақ қағазды қолына ұстатты. «Мен аналық батамды берейін. Сен әкеңе барып амандасып кел, бірақ үш күннен артық болма», деп жанына Бақытжанмен құрдас, Щучинск қаласында тұратын сіңлісі Камиланың баласы, Бақытжанның туған бөлесі Қайрошты қосып жіберді.
Туған қызының өзін іздеп келгенін көрген асыл әке ту биесін сойып, туыстарының үлкен-кішісін тегіс шақырып, той жасайды. Ағайындары өте қонақжай, бауырмал екен, күніне төрт-бес үй қонаққа шақырып, жеті күнде әрең жібереді.
Кейін Бақытжан Алматы қаласындағы экономикалық колледжде оқып жүргенінде Целиноград педагогикалық институтында оқитын Едіге деген жігітпен танысып, көңілдері жарасып, шаңырақ құрады.
Едіге некелескен күні Бақытжанның төлқұжатынан туған жері «26-шы нүкте» деген жазуды көріп, бұл қалай деп сұрайды. Есін білгеннен осы күнге дейін осы сұраққа жауап беру – Бақытжанның өміріндегі ең қолайсыз сәт еді. Біреу сұраса, қашқақтап айтпайтын, енді, міне, өмірінде теңін тапқан бақытты күнінде де алдынан кесе-көлденең шыға келді. Кішкене үнсіздіктен кейін Бақытжан: «Мені шын сүйсең, сұрама. Кейін өзім айтамын», деген екен қинала. Сөзіне берік Едіге неше жылдар бірге тұрса да қайтып сұрап көрмепті. Екеуі Алланың берген жасын жасап, ел қатарлы өмір сүрді. Балалы-шағалы болды. Бақытжан өзінің сүйікті мамандығының білгірі болып, Маринов, Теңіз, Қорғалжын аудандарында банктерде бас есепші болып қызмет атқарып, халықтың құрметіне бөленді. Бес құрсақ көтергенімен, өмірден ерте өткен екі баласының қайғысы ауыр тиіп, сырқатқа ұшырады. Өз жағдайын сезген бір күні өмірлік жан серігі Едігеге: «Саған кезі келгенде өзім айтамын деп едім. Міне, сол кез келген сияқты. Қанша ғұмырым қалғанын бір Алла біледі. Оңдап тыңдап ал, ішімде кетпесін. Ата-анам адал адамдар болса да, «халық жауының» қызы деген сөзден өмір бойы қысылып жүруші едім, ішкі зар-мұңымды бір босатайыншы. Мен олай-бұлай болып кетсем, жаназамды шығарғанда Бақытжан Байболатқызы деп шығарсын. Құжаттағыдай Ахметқызы деп жүрмеңдер», деп Едігенің қолын қимастықпен ұстап отырып, басынан өткен оқиғаларды түгел айтып берді.
Бақытжан сол сырқатынан айыға алмай, 2008 жылы 14 қаңтарда өмірден өтті. Жазықсыз «халық жауы» атанған мыңдаған адамның бейкүнә сәби кезінен тағдыр тауқыметін көрген ұрпақтары осылай өмір бойы іштерінен тынып, ешкімге тіс жарып айтпай келген мұң-зарын бір ақтарып өмірден өтіп барады...
Оспан СҮЛЕЙМЕНҰЛЫ,
Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері,
мәдениет қайраткері