Бокс • 30 Мамыр, 2021

Бес боксшымыз алтын үшін жұдырықтасады

364 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгін Қазақстан ұлттық құрамасының бес боксшысы Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында өтіп жатқан бокстан Азия чемпионатының финалдық сайысында өнер көрсетеді. Жартылай финалға жеткен алты боксшымыздың бесеуі финалға шығып, бір жерлесіміз қола жүлдені қанағат тұтуға мәжбүр болды.

Бес боксшымыз алтын үшін жұдырықтасады

Дубай шаршы алаңындағы жартылай финал бәсекелерінде Даниял Сәбит (49 кг), Абылайхан Жүсіпов (69 кг), Аманқұл Әбілхан (75 кг), Василий Левит (91 кг) және ұлттық құрама капитаны Қамшыбек Қоңқабев (+ 91 кг) қарсыластарынан басым түсіп, алтын жүлде үшін өтетін жекпе-жекке жолдама алған-ды.

Өкінішке қарай, 52 килода жұдырықтасатын Сәкен Бибо­сы­нов финалға шыға алмады. Токио Олимпиадасына жолдама жеңіп алған жерлесіміз жартылай финалда Азияның бірінші нөмірлі боксшысы Амит Пангалмен кез­десіп, бұл жолы да үндістандық саңлақтың осал тұсын таба алмады. 2019 жылы Ресейде өткен әлем чемпионатының жартылай финалында жерлесіміздің жолын кескен Амит өткен жекпе-жекте де Бибосыновтың адымын аштырмай, сары құрлық біріншілігінде алтын аламын деген арманын екі жыл кейінге шегерді. Сөйтіп жерлесіміз қатарынан екі ірі турнирде Пангалдан жеңіліп, қола жүлдені қанағат тұтуға мәжбүр болды. Енді екі боксшының жолы алдағы Токио Олимпиадасында түйісуі мүмкін. Егер соқыр жеребе екеуін үшінші мәрте Олимпия ойындарында жолықтырып жатса, Бибосынов қалайда жеңіске жетуі тиіс.

Осы Азия чемпионатына үлкен үмітпен әкеліп, айбынымызды асқақтатады деп сенген біраз жігіттеріміз екінші айналымға жетпей сүрініп, жанкүйерлер үмітін ақтай алмай ұятты болып жатқанда, ең жеңіл салмақтағы боксшымыз Даниал Сәбит (49 кг) өзінің алғашқы Азия чемпионатына қатысып жатқанына қарамастан финалдан бір-ақ шықты. Былтыр ел чемпионатында 2013 жылғы Азия чемпионы, Қазақстанның бес дүркін чемпионы Теміртас Жүсіповті жеңіп, 49 килода еліміздің үздік бокс­шысы атанған Д.Сәбит құр­лықтық турнирдің жартылай финалында филиппиндік Марк Лестер Дурсансты тізе бүктірді. 19 жастағы жерлесіміз үшін бұл үлкен жетістік.

Даниал финалда 2019 жылы Тайландта өткен Азия чемпионатында бас жүлдені олжалаған өзбекстандық Нодиржон Мирзах­медовпен жұдырықтасады. Өз­бек боксшысы жартылай финалда моңғолиялық Унуболд Орхон­тунгалагты 5:0 есебімен жеңді.

69 кило салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Абылайхан Жүсі­пов жартылай финалда моңғо­лиялық Баттумур Мишелтге еш мүмкіндік қалдырмады – 5:0. Әр раундта қажетті ұпай жинап отырған Жүсіпов аса қинала қой­ған жоқ. 2017 және 2019 жыл­ғы әлем чемпионатының қола жүлдегері финалда тағы бір өзбек­стандық боксшы Бобо-Ус­мон Батуровпен күш сынасады. Батуров 2018 жылы Азия ойын­дарында, 2019 жылы Азия чем­пионатында үздік шыққан. Бобо-Усмон Азия ойындарының финалында жерлесіміз Асланбек Шым­бергеновтен айласын асырып кеткен болатын.

75 килодағы үздігіміз Әбілхан Аманқұл да Азия чемпионатының финалына жолдама алды. Жар­тылай финалда ол ирандық Сейед­шахин Мусавиден 5:0 есебімен басым түсті. Алтын жүлде үшін өтетін айқаста Аманқұл Азия чем­пионатына тұңғыш рет қатысып жатқан өзбекстандық Саид­жам­шид Жафаровпен кездеседі. Өз кезегінде Жафаров жартылай финалда қазақ боксшылары үшін алынбайтын қамалға айналған Филиппин өкілі Эумир Феликс Марсиалды тізе бүктірді. Бұған дейінгі Азия біріншілігінің күміс және қола жүлдесін жеңіп алған жерлесімізге енді сары құрлықтың алтыны жетпей тұр. Бүгін сол олқылықтың орнын толтыратын тамаша мүмкіндік.

91 кило салмақтағы боксшымыз Василий Левит өзінің Азия чемпионатындағы төртінші финалына шығып отыр. Жартылай финалда ол қырғызстандық Рус­­там Ырысбек уулын жеңді. Ырысбек тегеурінді қарсылық көр­сеткенімен, Левиттің соқ­қы­лары дәлірек болды. Осыдан кейін-ақ кімнің жеңіске жететіні бірден байқалды. Левитті финалда үндіс­тандық Санжит күтіп тұр. Егер жерлесіміздің бұл жекпе-жекте де мерейі үстем болса, Азия чемпио­натында төрт мәрте топ жарған тұңғыш қазақстандық боксшы атанады.

Ұлттық құраманың капитаны Қамшыбек Коңқабаев Қазақстан құрамасының бесінші жолдамасын жеңіп алды. 91 килодан жоғары салмақта шаршы алаңға көтерілген Коңқабаев жартылай финалда ирандық Пурия Амириді жеңді – 5:0. Отандасымыз екінші раундта қарсыласын бір мәрте нокдаунға түсірді. Финалда Қам­шыбек өзбекстандық Баходир Джа­лоловпен кездеседі. Бұл екі бокс­шы арасындағы жетінші жекпе-жек. Бұған дейін алты кездесу­де боксшылар үш мәртеден жеңіске жеткен. Бүгінгі финалда жеңіске жеткен боксшы Азия чемпионатының алтын жүлдесін еншілеп қана қоймай, жеке кездесу бойынша алға шығып алады.