Бұл комиссияның басты міндеті – кеңестік кезеңдегі саяси қуғын-сүргін құрбандарының барлық санатына қатысты тарихи әділеттілікті толық қалпына келтіру.
1937 жылы 28 желтоқсанда Орталық Комитет «жауапқа тартылғандардың балалары мен туыстарын оқудан шығару туралы» шешім қабылдап, сан мыңдаған жазықсыз балалардың тағдырын ойыншыққа айналдырды. Қаулының орындалу барысын сот-тергеу органдары қатаң бақылап отырған. Нәтижесінде, балаға тән көңілмен айтылған жеке пікірлер мен болмашы істерге саяси мән беріліп, олардың үстінен қылмыстық іс қозғалған. Мәселен, Алматы қаласындағы мектептер мен техникумдардағы саяси тәрбие мен қоғамдық жұмыстардың кемшіліктері туралы жасалған баяндамада (ІІХК тарапынан әзірленген) оқушылардың «кеңестерге қарсы» істері тізілген.
Саяси қуғын-сүргінге ұшырағандардың нақты санын айту да өте қиын. Репрессиялық бағдарламаның негізі Сталиннің нақты «халық жауларын» табу арқылы социалистік қоғамды нығайту үшін таптық күресті күшейту қағидасына сүйенеді. Халық жауларын «партия мен халыққа бөтен элементтер» арасынан іздеу көзделеді. Мұндай «бөгде элементтер» ең алдымен, партияның өз ішінен, зиялылар қатарынан, елдің «басқаша ойлайтын» азаматтары арасынан іздестіріледі. Аяусыз жазалау әдістерін қолдану арқылы «қылмыскерлер» саны күрт артқан. Бұл жағдайды биліктегілер халыққа «тап күресі саясатының жемісті» болуы деп «ұғындырған». Сот процестері А.Вышинскийдің «дәлелдердің ханшасы» (царица доказательств) теориясының нәтижесінде «жемісті» болған. Әсіресе 1937-1938 жылдары «конвейер» жүйесімен тергеу ісі ІІХК органдарының басты тірегі болды. Осы мәселені саяси қуғын-сүргінге ұшыраған тұлғалар өз естеліктерінде жиі жазады. Бекболат Мұстафин басынан кешкен саяси қуғын-сүргінде айта келе «...түрмеге алып келген соң құжаттарымды лақтырып, табанға тастады. «Сен жапонның шпионысың» деп ұрады. Итше тепкілейді. Ешкімді ешнәрсеге сендіре алмайсың. Күн сайынғы көретін азап осындай. Олар мені үнемі тік тұрғызып қояды. Ұйқы жоқ, тергеу амалдарының бәрі осындай болады екен ғой. Бірақ мен бәріне төздім, ешқандай құжатқа қол қоймадым...», деп жазады.
Сол жылдары 100 мыңға жуық қазақстандық қуғын-сүргін көрді деген деректер кездеседі. Оның ішінде 70 мыңға жуық көзі ашық, зиялы қауым атылып кеткен. Сол 70 мыңға жуық атылғандардың арасында меркілік қайраткерлер Ысқақ Әсімов, Айдархан Сабетов, Созақбай Қосбармақов та болған. Бұлар да сталиндік саяси террордың жазықсыз құрбандары.
Ысқақ Әсімов 1900 жылы (бір деректерде 1898 жыл деп жазылған – автор) Меркі ауданының Ақтоған ауылында дүниеге келген. Ол – жастардың революциялық одағын құруға белсене атсалысқан қайраткерлердің бірі. Бұл туралы жазушы Мақұлбек Рысдәулет өзінің «Тағылымды Меркі» атты кітабында: «Одаққа мүше болғандар: Қабылбек Сарымолдаев, Мақсұт Жылысбаев, Тороқұл Жанұзақов, Иван Андреев, Кенебай Бармақов, Ысқақ Әсімов, Әшімжан және Үсіпәлі Нұршановтар, Қалыш Қожабергенов, Әбдіразақ Каденов, Сәдуақас Жамансартов, Жақаш Мамыров, Рахманқұл Орынтаев, Әбен Әсілов, Үсіп Сатыбалдинев, Тұрдалы Тоқбаев, Сыдық Абланов, Жүзбай Мыңбаев, Қарымбай Қошмамбетов, Әлімқұл Жұмағұлов, Қожомұрат Сарықұлов және тағы басқалар» деп мысал келтірген.
Расында да, Ысқақ Әсімов әрдайым Тұрар Рысқұлов, Қабылбек, Мақсұт бастаған азаматтардың жанында жүрді. Одақ мүшелерімен бірге оның аштарды тамақтандыру орындарының қорын толықтыруға белсене қатысты. Орыс, өзбек байларымен сөйлесіп, олардың да аштарға көмектесуіне ықпал жасады. 1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін Меркі өңірінің революциялық комитетінің төрағасы, милиция бастығы, одан кейін Әулиеата уездік атқару комитетінің комиссары болған. 1922 жылдан 1932 жылға дейінгі аралықта Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам және Сарыағаш аудандық партия комитеттерінің хатшысы қызметтерін атқарды. Мәскеуде марксизм-ленинизм жоғарғы партия мектебін бітірген соң Қостанай облысында МТС-тың саяси бөлімінің бастығы қызметін атқарды. Қайда, қашан қызмет етсе де, ол білімділігімен, іскерлігімен көзге түсті. 1937 жылы 14 тамызда «халық жауы» ретінде ұсталған сәтте Ысқақ Сәбетұлы Жуалы аудандық советі атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарып жүрген болатын. 1938 жылдың 20 ақпанда ату жазасына кесілді. Үкім сол күні Шымкент қаласының маңында орындалды. Қазір бұл жерде үлкен «Қасірет» атты тарихи мемориал бар.
Ысқақ Әсімов туралы деректер Шырын Мамасерікованың «Өлеңімнің әр жолы – өмірбаян» атты кітабында да айтылады. Ақын көрнекті қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың зайыбы Әзизамен көзі тірісінде сұхбаттасқан екен. Сол сұхбатында қайраткердің жары өткен өмір жолы туралы баяндайды. Онда: «Ол бір бақытты кезең еді-ау, шіркін?! Бірде үйге қонаққа келген Әлпия мен Күлпетай (Ы.Әсімовтің әйелі, ол кезде Ысқақ ағаң ВКП (б) Орталық Комитетінің жанындағы екі жылдық курста оқитын) маған:
– Әзиза, сен қандай бақыттысың?! Білімдісің әрі әдемісің. Киген киімің, қиылған қысқа шашың қандай жарасады! Біздің де шашымызды кесіп, сәндеп берші, ауылға мақтанып барайық, жұрт қызықсын, – дегені. Ойымда түк жоқ, «жарайды» деп, құрбыларымның шашын қырқып, сәндеп берген ем, осы қылығым үшін ағаң қатты ұрысқан, – деді жеңешем.
– Ойпырмай, аға, сізге ұрысты ма? – дедім мен сенбей.
– Тұрардың Меркіде пір санап, аға тұтқан екі адамы болғанын білетінмін. Бірі 1916 жылғы Меркідегі ұлт-азаттық көтерілістің белді сарбазы Қарабала Әсімов (Ысқақтың ағасы) еді. Ақкөз батыр сол көтерілістің құрбаны болса, Қарабала Әсімов 97 жасқа дейін Дәмелі келінінің қолында құмыраға қымыз ашытып, қазақ үйде түйе мен жылқы ұстап, ғұмыр кешті. Жас шағында ағайынды Қарабала мен Ысқақ төкпе ақын, қызыл тілдің ділмәрі атаныпты. Күлпетай 18 жасында Ысқақпен тойда танысыпты» деп жазады.
Ысқақ та ағасы Қарабала да өлеңнен қара жаяу емес, ақын болған екен. Ол інісі Ысқақ үйленгенде:
–Шудың асау өзені Кербұлағы,
Жер жәннаты Жайсаң ғой – ер тұрағы.
Ысқақпенен Айнақұл жар қылады,
Ғашық жардың құшағы пейішке тең,
Жоқтан құрап жақсы әйел бар қылады, – деп құдаларына жыр арнаған екен. Құдалары Қоңыр, құдағиы Тоқаш Шудағы ең дәулеті төрелер болған көрінеді.
Қарабала Әсімовке Әліби Жангелдин де құрметпен қараған. «Бірде үйге келген Ә.Жангелдинге тамақ үстінде Тұрар Қарабала Әсімов туралы ұзақ әңгімелеген. Оның 1890, 1900, 1910-1913 жылдары Меркідегі орыс шенеуніктерінің әскерге ат жинау науқаны, жер бөлу т.б. мәселелерде заңсыз әрекеттерін әшкерелеп, ұрыс-керіс ұйымдастырғаны үшін Әулиеата, Сібір түрмелерінде үш рет қамалып шыққанын, 1916 жылғы көтеріліске басшылық еткендердің бірі болғанын, коллективтендіру кезінде көптеген қызмет атқарғанын, 1921 жылы партияның Мәскеудегі Х съезіне делегат болғанын тілге тиек етіп, Қ.Әсімовке дербес пенсия тағайындауға жәрдем беруін өтінген болатын» деп жазады Шырын Мамасерікова.
Ысқақ атамыз ұсталғанда Күлпетай анамыз үш баласымен (Рымжан – 9 жаста, Рақымжан – 6 жаста, Сабыржан – 3 жаста) қалыпты. Ол кісі Оңтүстік Қазақстан облысының Қаратас аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарып жүрген шағында «халық жауы» болып ұсталып, әйелі «жаудың жары» атанып, аңырап қалған екен. Күлпетай хат танымайтын адам болыпты. «Күйеуіңді босатамыз, мына жерге бармағыңды бас десе, баса берген көрінеді. Оның барлығы Ысқақты торға түсіруге бағытталған қулық, зұлымдық екенін аңғармапты. Шымкентте күйеуімен беттестіріп жолықтырғанда, Ысқақ: «Сені кінәлай алмаймын, сауатың жоқ, оқытуым керек еді... Неге қол қойғаныңды бәрібір түсініп, сезініп отырған жоқсың... Енді ең болмаса, балаларды оқытып, өзің жұмыс істе» деген екен.
Мұндай азапты тағдырды Айдархан Сәбетов те бастан кешкен. Ол 1898 жылы өмірге келген, өте сауатты азамат болыпты. Қазақдихан ауылының төрағасы болып жүргенінде 1937 жылы 22 желтоқсанда Меркінің НКВД-сі «халық жауы» деп ұстап, 1938 жылы 8 желтоқсанда Оңтүстік Қазақстан облысының НКВД-сі ату жазасына кескен. Айдархан бабамыз туралы деректер өте аз. Ол кісінің қалай атылғаны, тергеу амалдары, айып таққан, үкім кескен құжаттары туралы деректер тек құпия архивте сақталуы мүмкін...
Созақбай Қосбармақов – 1897 жылы дүниеге келген. 1937 жылдың 4 шілдесінде тұтқынға алынған. 1937 жылдың 1 қазанында ату жазасына кесілген. Ашық дереккөздерде Созақбай Қосбармақов туралы мәліметтер кездеспейді. «Архив ісі – ЛЦ00001744» делінген.
Мемлекет басшысының «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы» Жарлығы зұлмат жылдардағы ақтаңдақтарды зерттеуге үлкен мүмкіндік туғызып отыр.
Сұлтанбек МӘКЕЖАНОВ,
сенатор