Ақын, Қазақстанның халық жазушысы Қадыр Мырза-Әлінің «Біздің тарих бұл да бір қалың тарих, оқулығы жұп-жұқа бірақтағы» деген бір ауыз сөзінде ащы шындық бар. Шайыр егемен елдің ұрпағы оқып жүрген емес, кеңес дәуірі кезіндегі Қазақстан тарихының оқулығын меңзеген. Сұрқия саясат өткенімізді көзге ілмей, тасқа басылған тарлан тарихымызды Қазан төңкерісінен бастап бермеп пе еді? Анығында, сол төңкерістен кейін ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдарына дейін жалғасқан қазақтың қасіретті тарихы жазылды.
Қанды-қасап ғасырдың 20-50 жылдарындағы ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін зобалаңы халқымызды қынадай қырып қана қоймай, көш бастаған ұлт зиялыларынан да айырды. Олардың орнын КСРО-ның түкпір-түкпірінен Қазақстанға жер аударылған бес миллионнан астам адаммен толтырмақ болды. Яғни алып территорияны аярлықпен басып алу басталды. Ғасырлар бойы бабалардың қаны, аналардың көз жасы сіңген Ұлы даланы табанға салып таптаудың алдамшы ұраны шырқалып, үркіту мен қорқытудың үздіксіз үрдісі етек алды. Неден айырылдық, нені жоғалттық? Тарихшылардың пікірі де әрқилы. Алайда, бұлтартпайтын бір шындық бар. Ол – Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Тынышбаев, М.Дулатұлы, Т.Рысқұлов, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, С.Асфендияров сынды жүз мыңға жуық асыл арысымыздың қуғын-сүргінге ұшырап, жиырма мыңнан астамы аяусыз атылғаны.
Қылышынан қан тамған «қызыл террордың» қырғыны жазықсыз жандарға мылтық кезеумен ғана шектелген жоқ. Қазақ даласы КСРО-ның түпкір-түпкірін қамтыған ГУЛАГ архипелагының бір бөлігіне, жапа шеккендерді жазалау алаңына айналды.
(Соңы. Басы 1-бетте)
Ресми мәліметке сенсек, КСРО аумағындағы еңбекпен түзеу лагерьлерінің бас басқармасының (ГУЛАГ) қарамағында 64 ірі филиал, 500 еңбекпен түзеу колониясы, 770 өнеркәсіптік колония және 414 совхоз болыпты. Сол лагерьлермен бірге бағзы тарихымызда болмаған абақты, түрме ұғымдары Ұлы дала төсіне берік орнады. Соның дәлелі ретінде Қазақстан аумағында ҚарЛаг (Ішкі істер халық комиссариатының Қарағанды еңбекпен түзеу лагері), АЛЖИР (Отанына опасыздық жасағандардың әйелдерінің Ақмола лагері) және СтепЛаг (саяси тұтқындарға арналған лагерь) пайда болды. Қазақстандағы осы азап алаңына бас-аяғы 5 млн-ға жуық адам айдалып, соның 25 000-нан астамы ату жазасына кесіліпті.
Сол қызыл қырғында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлеріміз, зиялыларымыз, олардың отбасы мүшелері мен жақындары ғана опат болған жоқ. Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан 1924 жылы «Еңбекші қазақ» газетінде «1914 жылы Ресей халқының жалпы саны 161 миллион 700 мың еді. Осы кезде қазақтар қанша еді? Көкшетау уезінің халқына 1896 жылдан кейін 1907 жылы және одан он жыл өткен соң 2 рет санақ жүргізілді. Егер осы көрсеткіштерді салыстыратын болсақ, қазақтардың өсу қарқыны әлемдік деңгейден жоғары. Егер әрбір 200 қазаққа орта есеппен 3 адам қосылып тұрады десек, онда 1914 жылы қазақтардың саны
6 миллион 470 мыңға жеткен» деп жазды. Ал қазақтан шыққан тұңғыш демограф, танымал тарихшы, академик Мақаш Тәтiмов «ХХ ғасырда болған Азамат соғысы, қолдан жасалған ашаршылық, қуғын-сүргін кездерінде, Екінші дүниежүзілік соғыста бас-аяғы 3 миллион 850 мыңға жуық қазақ қырғынға ұшырады», деген болатын. Яғни «Қыр баласы» (Ә.Бөкейхан) айтқан 6 млн 400 мың адамның тең жарымынан астамы ашаршылықтың құрбанына айналды және бассауғалап дүние жүзіне тарыдай шашылып кетті деген сөз.
Алайда тарихшыларымыз өткен ғасырдағы алапат ашаршылықты толық таразылап, қаза болғандардың санынан қатысты ортақ шешімге әлі де келе қойған жоқ. Оған зерттеп, зерделеуге келгенде есігі тарс жабық архивтер, «аса құпия» белгісі соғылған қолжетімсіз құжаттар кедергі келтіріп келді. Жалпы, жиырмасыншы ғасырдың 1917-1919, 1921-1922, 1932-1933 жылдары елімізде бір емес, қатарынан үш бірдей ашаршылық болғаны айтылып жүр. Сол кездері ашыққандарға көмек көрсету комиссиясының төрағасы болған Мұхтар Әуезовтің мәліметі бойынша, ашаршылықтың екінші толқыны кезінде (1921-1922 жылдары) 1 млн 700 мың отандасымыз опат болыпты.
Әрине, бұл қиянаттың барлығы тек қазаққа ғана жасалған жоқ. 1930-1953 жылдары аралығында 40 миллионнан астам кеңес азаматы қуғын-сүргінге ұшыраған. Бірақ ең ауыр соққыны қазақ халқы тартты. Отырықшылыққа еті үйренбеген, өмір-салты, тыныс-тіршілігі бейімделмеген халқымыз үшін адам айтса сенгісіз қайғылы қасірет орнады. Адам етін адам жеген каннибализм жайлап, адамгершіліктен де айырылып қала жаздадық. Қандастарымыз басы ауған жаққа босып кетті.
Сол қайғы-қасірет із-түссіз кеткен жоқ. Өткен ғасырдағы солақай саясаттың салдарын күні бүгінге дейін санасында сақтап келген ел айтады. Себебі саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын ақтау ісі елімізде бір сәтке де тоқтаған емес. Жазықсыз қудаланған жандардың рухы разы болсын деп қолдан келгенді жасап келеміз. Аярлықпен азапталған азаматтардың құқығы қайтсе де қалпына келуі тиіс.
Мәселен, еліміз егемендік алғаннан кейін 1993 жылы 14 сәуірінде «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң қабылданды. Араға төрт жыл салып, 1997 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып жарияланды. Осылайша, тәуелсіздік жылдары 146,5 мың жазықсыз жазаланған отандастарымыздың аты-жөні жазылған 14 «Аза кітабы» жарық көрді. Қабылдаған заңға сәйкес, қуғын-сүргінге ұшыраған 340 мыңнан астам отандасымыздың заңды құқығы қалпына келтіріліп, ақталды.
340 мыңнан астам адамның ақталғаны – аңсаған Азаттығымыздың арқасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есіл еңбегі дер едік. Тұңғыш Президентіміз 2018 жылы Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында елге жасаған Үндеуінде «1929-1933 жылдары 2 миллионға жуық адам қаза болып, тағы миллиондай адам жан сауғалап, елден босып кетті. Одан кейінгі саяси репрессия қазақ қоғамының элитасын жаппай қырғынға ұшыратты. Саяси себеппен 103 мың адам сотталып, оның 25 мыңы ату жазасына кесілді. Қазақстан аумағында 11 жазалау лагері құрылып, онда сотталғандар мен олардың отбасылары адам төзгісіз қиын жағдайда күн кешті. Қуғын-сүргіннің зобалаңын қазақтар ғана емес, Қазақстанға еріксіз, күшпен жер аударылып келген 1,5 миллион өзге этнос өкілдері де көрді. Қазақ халқының жанашырлығы мен көмегінің арқасында олар жан сақтап, аман қалды. Мұның бәрі – «коммунизмнің жарқын болашағы» атты жалаң ұранмен жасалған қасіретті тәжірибенің салдары. Эволюциялық дамудың орнын революция басқанда, осылай болады», деген еді.
Тұңғыш Президентіміздің осы салиқалы сөзі «Елім!» деп соққан жүректерге қозғау салғаны, өткенге үңілген жас толқын – Тәуелсіз елдің бүгінгі ұрпағының ой-өрісін кеңіткені анық. Өткенді білу – кемел келешекке ұмтылу үшін керек. Қаралы жылдардан хабардар болмай діңі берік, тамыры терең мемлекет орнату мүмкін емес. Ең бастысы, жылдар жылнамасынан сабақ алуға, сол қисапсыз қырғынды қайталамауға ұмтылғанымыз жөн. Сондықтан күйреп тынған Кеңес Одағының санамызға салған сызатын зерттеу жұмыстары әлі де жалғасып келеді. Ашаршылықтың, саяси қуғын-сүргіннің ақиқатына жаңа көзқарас қалыптасып жатыр.
Жыл басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» бағдарламалық мақаласында «Миллиондаған адамды қазаға ұшыратып, тірі қалғанын жан сауғалап босып кетуге мәжбүр еткен алапат ашаршылықтың алғашқы кезеңі – 1921-1922 жылдардағы нәубеттен бері 100 жыл өтті. Сол зұлматтың кесірінен қырылып қалмағанда, халқымыздың саны қазіргіден әлденеше есе көп болар еді. Тарихымыздың осы ақтаңдақ беттері әлі күнге дейін жан-жақты зерттелмей келеді. Тіпті ғалымдардың арасында ашаршылық құрбандарының нақты саны туралы ортақ пайым жоқ. Ала-құла деректер және оның себеп-салдары жайлы әртүрлі көзқарастар қоғамды адастырады. Тиісті тарихи құжаттарды, жиналған мәліметтерді аса мұқият зерделеу керек. Білікті мамандар жүйелі зерттеумен айналысып, соған сәйкес ашаршылық мәселесіне мемлекет тарапынан баға берілгені жөн. Біз бұл күрделі мәселеге ұстамдылықпен және жауапкершілікпен қарауымыз қажет. Жалпы, тарихи зерттеулерді ұраншылдық пен даңғазасыз, таза ғылыми ұстаныммен жүргізген дұрыс», деп алдағы уақытта атқарылуы тиіс ауқымды жұмыстардың бағыт-бағдарын айқындап берді. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды. Оны басқару Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевқа тапсырылды.
Ел Президенті айтқандай, тарихи зерттеулерді ұраншылдық пен даңғазасыз, таза ғылыми ұстаныммен жүргізген жөн-ақ. Бұл туралы Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев «Азаттық жолындағы ақтаңдақтар: Ашаршылық зардаптарына шынайы тарихи көзқарас» тақырыбына арналған дөңгелек үстел барысында: «Ашаршылық қазақ халқының ғана басына түскен нәубет емес, ол – барша адамзаттың алапат гуманитарлық қасіреті деп айтуға болады. Сол себепті, ашаршылық тақырыбын саясиландырмай, ең алдымен, оған ғылыми тұрғыдан қарағанымыз абзал», деді. Оның айтуынша, объективті ғылыми қорытынды жасау үшін сол кездегі кеңестік жүйені толық қамту керек және сол тұстағы большевиктік биліктің мақсаты, жоспары қандай болды, оны қалай жүзеге асырды, қандай қателіктері болды деген сауалдарға нақты жауап іздеу қажет. Себебі алапат аштыққа ұжымдастырудың дайын емес ортада жүргізілуі, жоспарлау ісінде жергілікті жердің тұрмыс-тіршілігі мен шаруашылығы ескерілмеуі және сол кездегі режімнің көздеген мақсатқа жету үшін адам өмірін есепке алмауы сияқты факторлардың зардабы тигені сөзсіз. Тоталитарлық режімнің осындай озбыр саясаты Кеңес Одағының құрамында болған елдердің бәрінде жүргізілгені мәлім.
Түйін: Адам өмірінен артық қандай құндылық бар? Алайда өткен ғасырдың 20-50 жылдары сол құндылық көк тиын еді. Бүгін ғой, егемен ел атанып, Елбасымыздың бастамасымен қабылданған Ата Заңымыздың алғашқы бабына Қазақстанның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп қадап жазып қойғанымыз. Бостандықтың бізге берген ең басты сыйы – осы бапта тұр. Соны бағалайық, соны қастерлейік. Сонда ғана Мәңгілік Елдің аспан түсті байрағы биікте желбіреп тұрмақ.