Әлем • 30 Мамыр, 2021

Шағалалар топтанып ұшқанда...

800 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

1974 жылы «Нью-Йорк Таймс» газетінде қысқаша ғана қазанама жарық көрген еді: «Айова штаты, Дес Моинес, Помпано бич әуе­жайында өзінің ақырғы ұшуын аяқтаған соң, Джон Г. Ливингстон қайтыс болды. Мағыналы өмірі мен жанкештілігі «Джонатан Ливингстон есімді шағала» атты бестселлердің жазылуына шабыт берген Ливингстон – еліміздің ең үздік ұшқыштарының бірі».

Шағалалар топтанып ұшқанда...

Ричард Дэвид Бах, америкалық қаламгер, өзі де әскери ұшқыш, Ли­вингстонның 1928-1942 жылдар аралығында әуеде жасаған маневр­лері, жанкештілігі мен шеберлігі, адами болмысы мен өз ісіне деген махаббатына қайран қалса керек, оның бейнесінен ұшу үшін жаралған жанның айшықты образын көрсе керек. Автор өз кейіпкерін шағала образы арқылы береді. Оның аты-жөнін де айна-қатесіз, қаз-қалпында қолданады.

Біз повесті оқи бастағанда бір­ден теңіз жағалауындағы жартас­қа жа­пырлай қонып, топ-тобымен дем­біл-дембіл теңізге күмп беріп қо­йып кетіп, жемін алып жүрген ша­ғалаларды көреміз. Және сол ша­ғалалар тобынан бөлек қонып, қай­та-қайта зау көкке зымырай кө­­­теріліп, қайтадан теңізге қарай құл­­­­дырап құлайтын жалғыз шаға­ла­ны аңғарамыз, ол – Джонатан Ливингстон.

Джонатан таңның атысы, күн­нің батысы тек қана бір әрекетті қайталай береді. Шарықтап көтері­леді, зуылдап құлайды. Бірақ қан­ша теңізге құласа да, балық іліп шық­пайды. Неге?

Себебі Джонатанға жем емес, ұшу – маңызды. Ол ұшу­дың бар­лық қыры мен сырын мең­гергісі ке­леді. Әуеде ұшуды, те­ңізде жү­зу­ді үйренуге ден қояды. Бір кә­рі ша­ғаланың мұнымен қосам­жар­ланып ұшып келіп, жем алып жат­қанын көргенде, іштей күйзеліп ке­теді: «шір­кін-ай, осы жем алуға жұм­са­ған күш пен қайратты ұшудың та­би­ғатын тануға жұмсаса ғой», деп ойлайды. Әрине, Джонатанның мұн­­дай қылығы шағалалар тобына ұнамайды.

Не керек, Джонатан жалғыз қа­лады. Оны шағалалар тобы үйірінен аластап жібереді. Жалғыздың күйі – жалқы күй, жабығумен күні өтеді. Бірақ ол өзінің мұратын ұмытпайды: ұшудың қыр-сырын үйрене береді. Бір күні оған мынадай ой келеді: «егер біздің ұшуымыздың бар мәні мен мақсаты – жем табу болса, онда ұшудың қажеті не?». Осылайша, жал­­­ғыз шағала жемнен де, ұшудан да бас тартып, тақуаның күйін ке­шеді.

Осы тұста біздің ойымызға қа­зіргі Непал жерінде патшаның отбасында өмірге келген Сиддхартха Гаутама өмірі оралады. Гаутама мұрагерлік жөні бойынша патша болып туады. Бір күні оның анасы аян түс көреді: «сенің ұлың патша болады, я тақуалықпен күн кешер дәруішке айналады» дейді түсінде.

Мұны естіген патша баланы жас күнінен жабық ортада ұстайды. Ол сарай тұрған қорғанның ішінде ғана жүреді және әлем дегеніміз де осы қорғанның іші екен деп ойлайды. Күндердің күнінде бозбалалық жасқа келген Гаутама қорғанның сыртында шынайы әлем мен өмір бар екенін біледі. Біледі де, жанына нөкерін ертіп, сыртқа шығады. Қорғанның сыртында ол кәріліктен әбден қалжыраған қарияны көреді. «Бұл адам неге қалтырайды?» деп сұрайды нөкерінен. «Адам өмірі дегеніміз осы, жастық баста мәңгі тұрмайды, кәрілік келіп жетеді» дей­ді олар. Сонда Гаутама «егер оның ақыры осылай аяқталатын бол­са, жастықта не мән бар?» деп ой­лайды.

Екінші мәрте қорған сыртына шық­қанда, дертке шалдыққан дімкәс жан­ды көреді. Үшінші серуенінде қаза болған жанды өртеуге алып бара жатқан қаралы шеруді көреді. Сонда Гаутама: «ешкімнің қартайғысы келмейді, бірақ қартаяды; ешкімнің ауырғысы келмейді, алайда ауру алмай қоймайды; ешкімнің өлгісі келмейді, бірақ ажал аяусыз жетеді. Демек, бұл өмірде ешқандай мағына болмағаны ғой» дейді.

Төртінші шыққан кезінде дә­руіш­тің күйіндегі әулие кісіге жо­лығады. Ол әулие «біз өмір сүріп жат­қан дүниеде өз үйіңді табу мүм­кін емес» дейді.

Осы төрт белгіден кейін Гаутама пенделіктің күйкі тірлігінен бас тартып, өмірдің мәні мен мәңгілік ақиқатты іздеп ел кезіп кетеді. Сол Сиддхартха Гаутама өзі іздеген ақи­қатты тауып, әлемдегі төрт негізгі діннің бірі – буддизмнің негізін қа­ла­ған пайғамбар Буддаға айналады.

Біз Джонатан Ливингстон есімді ша­ғаланың өмірі мен мұратынан осы әулиелік сәулесін көреміз. Джо­натанды да осы ойлар мазалай­ды емес пе? Ертең солатын жастықтың күшін неге білім мен өнер табуға емес, жем іздеуге арнау керек, ауруға бейім тәнді неге шыңдамай, тойдыруды ғана ойлау керек, ақыры ажал келерін білсек, неге аз ғұмырды арзан құндылықтармен өткеру керек, мәңгілік өмірдің ешқашан тозбас даңқ сарайын тұрғызу орнына, бес күндік жалғанның лашығын неге сәндей беруміз керек?

Автор, әрине тікелей Будда өмі­рін мысал етіп алып отырмаған да болуы мүмкін, бірақ әрбір кү­рес­керлік, қасиет пен қасірет, өзге­мен жауласпау мен өзіңді жеңу, зұ­лым­дықпен күреспеу мен зиялы нұр­ды табу, тән қалауын жан қа­ла­уына жеңдіру, сәтті сезіну мен мәң­гілікті түйсіну, ізгілік тарату мен жаңа идеялар дәуірін ашу секілді бар­лық ойшылдарды мазалаған сұ­рақтар мен құндылықтардың жиынтығы ретінде автор шағала об­ра­зын ұсынып отырғандай әсер қал­дырады. Сондықтан да біз бұл повестегі ойлардың астарынан көне дүние данышпандарын көрсек, түп-төркінінен Ницше бастаған жаңа заман философтарының тұжы­рым­дарын танимыз.

Бізге бесенеден белгілі «тамақ табу үшін өмір сүру қажет пе, әлде өмір сүру үшін тамақ табу қажет пе?» деген парадокс тағы да алдымыздан шығады. Шағала үшін «ұшу – жем табу үшін» емес. Демек, адам үшін де өмір сүру – қарын тойдыру емес деген ой төбе көрсетеді.

Джонатан жалғыз қалған кез-
де оған қанаты жарқыраған нұрға малынғандай екі шағала тап болады. Екі шағала «сен басқа деңгейге өттің, енді сен – бізге бауырсың» деп тым биікке, зау көкке алып ке­теді. Джонатан екі шағаламен бір­ге таңғажайып әлемді көріп, ұшу­дың қозғалыс қана емес, өнер еке­нін сезінеді. Олар оған «махаббат­ты сезін» дейді. Өмірдің бар мәні – махаббатта деген ой айтады. Мәң­гілік махаббат қана өзін де, әлемді де құтқаратынын меңзейді. Хакім Абайдың да «махаббатсыз дүние – бос» деуі, «иманигүл яғни үш сүюі», «пенделіктің камәлаты» дегені, ­«жә­уанмәрттілік» ұғымы да осы емес пе еді?..

Шағала ақыры кемелдікке же­теді. Ал кемелдік дегеніміз не? Жал­­пы, адамдықтың ақыры неде? Ке­мел­діктің шегі – ұстаздық екен. Ша­ғала енді өзінің бар білгенін бас­қа шағалаларға да үйрету үшін жер­ге, өзін әлдилеп өсірген теңізге қай­тып оралады. Ұзақ жылдардан соң, өзі­нің ең үздік шәкірттерінің бірі­не ұстаздығын беріп, көкке өрлеп ұшып кетеді.

Заман өтеді, ұстаздың орнына қал­ған шағала да қартаяды, ол да көк­ке кетеді.

Повесть дәл осы тұста аяқ­талатын. Бірақ араға қырық төрт жыл салып барып яғни 2014 жы­лы автор төртінші бөлімді қосты. Ол бө­лімнен біз құндылықтардың қа­лай өзгеретінін, идеялардың бұрма­ланатынын, тіпті ізгі ойлардың өзі адасатынын, бірінші орынға идея емес, культтің қалай шығатынын көреміз.

Жаңа шағалалар тобы алғашқы ұстаз идеяларын емес, оның көлең­ке­сін ғана көреді. Тіпті оны өмірде болмаған адам, бар болғаны аңыз бен әпсана деген де пікір тудырады. Енді олар алғашқы ұстаз үйреткен ілім мен өнерге емес, Джонатанның сыртқы бейнесіне, оның тұлғасына табынатынды шығарады. Ұшуды өнер ретінде танымайды, тіпті өзде­рінің күнделікті жаттығуларын жасауды да доғарады.

Яғни философ айтқандай, олар­ға ілім емес, ілімді тудырған адам­­ның тұлғасы, ғылымның өзі емес, ғалымның өмірі, философия емес, философтардың қандай болғаны, қайраткердің құрбандығы емес, оның тұрған үйі, өнер емес, өнер адамдарының ішкен тамағы мен киген киімі қызықты әрі маңыздырақ бола бастайды.

Ақыр соңында Джонатан мең­гер­ген және үйреткен ұшу өнерінің қыр-сыры ұмытылып, оның мағы­насыз культі ғана қалады.

Жазушы Эдуардо Галеано­ның осын­дай бір сәтке айтқан сөзі бар екен: «біз марқұмнан оның жерлеу рәсімі, махаббаттан салта­натпен өтер той сәні, санадан сырт келбет маңыздырақ болған әлемде өмір сүріп жатырмыз. Біз өзінің ішкі мазмұнын тәрк етуге ұмтылатын қаптамалар мәдениетін тудырдық».