Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов ТМД елдері білім беру жүйесі қызметкерлерінің І съезіне келген Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан делегациялары басшыларымен кездесті, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.
Кездесуге ТМД-ға мүше мемлекеттердің Білім беру саласындағы қызметтестік жөніндегі кеңесінің төрағасы Василий Стражев, Ресей Федерациясының білім және ғылым министрі Андрей Фурсенко, Армения Республикасының білім және ғылым вице-министрі Манук Мкртчян және басқалар қатысты.
Премьер-Министр форумның Достастық елдерінің білім беру қауымдастығының интеграциялануындағы, мемлекетаралық қызметтестікті дамыту мен білім беру үдерісін модернизациялаудағы маңыздылығын атап көрсетті. Ол қонақтарға Қазақстанның 2020 жылға дейінгі дамуының стратегиялық жоспарында белгіленген елдің дағдарыстан кейінгі дамуының жаңа міндеттерін ескере отырып, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген Қазақстан Республикасында 2011-2020 жылдары білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы жөнінде баяндады.
Съезге қатысушылар форумды ұйымдастыру мен өткізудің жоғары дәрежеде болғаны үшін ризашылықтарын білдіріп, Астанада өткен съездің Қазақстан Республикасында білім беру саласында жүргізіліп жатқан реформаларға Достастықтың педагогтар қауымы берген жоғары бағаларына нақты дәлел болатындығын атап көрсетті.