Қоғам • 31 Мамыр, 2021

Кәмелетке толмағандарды қорғау деңгейі қандай?

1246 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Былтыр елімізде жол көлік апатынан 183 бала қайтыс болып, кәмелеттік жасқа толмаған балалар арасында өз-өзіне қол жұмсаудың 400-ден астам фактісі тіркелген. Жанжал отбасында орын алғандықтан, әрбір екінші жағдайдың себебі белгісіз. ІІМ деректері сонымен бірге 108 баланың терезеден құлап, 18-і қайтыс болғанын көрсетеді. Ал жыныстық зорлық бойынша 825 оқиға тіркеліп, оның 80 пайызы жақын адамдар тарапынан жасалғандығы анықталған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Кәмелетке толмағандарды қорғау деңгейі қандай?

Кәмелетке толмағандар қоғамның ең әлсіз, қорғауға мұқтаж мүшелері дейтін болсақ, бүгінде мемлекеттік органдар тарапынан жүргізіліп жатқан кешенді шараларға қарамастан, балалардың зардап шегу деректері жиі тіркелуде.

Халықаралық балаларды қорғау күніне және Президенттің әйелдер мен балаларды тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау, өз-өзіне қол жұмсаудың алдын алуға байланысты тапсырмасына орай Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың бастамасымен Мақан Есболатов атындағы ІІМ Алматы академиясы және «TALAP» қолданбалы зерттеулер орталығы ұйымдастырған «Кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылықтарға қарсы іс-қимыл: проблемалар мен шешу жолдары» тақырыбындағы Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда қоғамның әлсіз буынын қорғау мәселесі талқыланды.

Конференцияны Ішкі істер министрі ашып, бүгінде елдің болашағына қатер төндіретін, жастардың дамуы мен әрбір тұлғаның қалыптасуында салдары терең құқық бұзушылықтың күн тәртібінен түспей тұрғандығын атап өтті. Осы орайда балаларды отбасылық-тұрмыстық және сексуалдық зорлық-зомбылықтан қорғау, қазіргі заманның шындығына сәйкес кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету тетіктері жетілдіруді қажет етеді. Министр өз сөзінде кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алуға байланысты өзекті мәселелерге, сондай-ақ оларды шешудегі ІІМ қызметінің негізгі бағыттарына назар аударды.

Қазақстан – бүгінде бала құқығын қорғау мәселесіне айрықша мән беріп отырған ел. Конференцияда сөз алған Президенттің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Әсет Исекешев балалар қауіпсіздігін қорғау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі дей келіп, жеткіншектерге деген қамқорлықтың кемелді келешегімізбен тығыз байланысты екендігін жеткізді. Тәуелсіздік жылдарында елімізде балаларды қорғауға байланысты барлық институттық кешенді шаралар қолға алынып келеді. Десек те әлемнің өзге елдеріндегідей, Қазақстанда да шешілмеген мәселелер бар. Деректер өткен жылы қылмыстың азайғандығын көрсеткенімен, биылғы жылдың осы мерзіміне дейін көрсеткіш керісінше он екі пайызға өскен. Бүгінде балалар қылмысының аясы кең. Көше қылмысынан бастап, бала саудасы, кибербуллинг, тағы да басқа келеңсіз іс-әрекеттер қоғам назарын аударып отыр.

Қоғамда балаларға қатысты қылмыс көп ретте отбасындағы психологиялық ахуалдың нашарлығы, ата-аналардың жауапсыздығы, баспананың жоқтығы, тұрмыстың төмендігі, балалардың қараусыз қалуы сияқты жағдайлармен тығыз байланысты. Бұл деректер қоғамның, мемлекеттік органдардың алаңдаушылығын туғызуда. Сондықтан осы істе құқық қорғаушылар мен қоғамның бірлескен күш-жігері қажет. Министр Ерлан Тұрғымбаев атап өткендей, қоғамның қорғалмаған бөлігі – балаларды қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, бақытты болуына ықпал етуге қатысты барлық шара қабылдануы керек. Ведомство басшысы қатысушыларды осы жағдайды терең талқылап, балаларға қарсы қылмыспен күресте тиімді механизмдерді әзірлеуді ұсынып, министрліктің тың бастамалар мен сындарлы ұсыныстарға, ғылыми қауымдастық, адам құқығын, әсіресе балаларды қорғайтын азаматтық қоғам институттарымен әріптестікке дайын екенін білдірді.

Алқалы жиынды жүргізген «TALAP» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақбаев пен ІІМ Алматы академиясының бастығы Айдар Сайтбеков талқыланатын тақырып аясын кеңейте отырып, қатысушылардың назарын кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылық үшін жауапкершілікті реттейтін заңнаманы жетілдірумен қатар, балаларды қорғаудағы ведомствоаралық тәсілдер, кәмелетке толмағандарды экстремистік ұйымдарға тартуға қарсы іс-қимыл, балаларға қатысты зорлық-зомбылықты жою стратегиялары, өмірлік дағдарыстық жағдайға тап болған кәмелетке толмағандарға психологиялық көмек көрсету ерекшеліктеріне қатысты маңызды мәселелерге аударды.

Балалар құқығын қорғауда қажыр-қайратты серік ете отырып, қоғамның ең әлсіз буынына қамқорлық жасаудың маңыздылығы туралы айтып өткен Парламент Сенатының депутаты Дана Нұржігіт, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин балаларға қарсы жасалатын қылмыстың себеп-салдарын анықтау, олардың бақытты балалық шағын қамтамасыз етуге көңіл бөлу қашан да маңызды, деп атап өтті. Әрбір шаңырақта өмірге келген бала – болашақ талант, ерекше дарын иесі. Оның өмірін көздің қарашығындай сақтап, мәпелеп, қоғам келешегінің үміті ретінде қарау зайырлы елге тән жауапты іс.

Осы орайда Парламент Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Динара Закиева Отбасы, әйелдер мәселелері және балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық кеңестің екі жыл ішінде балалар мәселесіне қатысты атқарған іс-шаралары жайында айтып өтті. Осы мерзім ішінде кешенді шараларды қабылдау мақсатында кеңес мүшелері республиканың 200-ден астам елді мекенінде жұмыс жүргізіп, жергілікті басқару органдарының қызметімен танысқан. Мыңнан астам білім, денсаулық, әлеуметтік сала нысандарын қамтыған. Нәтижесінде, жүзден астам мекемеде балалардың жағдайын жақсарту шаралары қолға алынып, медициналық-әлеуметтік мекемелер мамандары оқытылған. Динара Закиева атап өткендей, отбасыларға көмек көрсететін инфрақұрылымдар құруға назар аударылып отыр.

 Бүгінде тұрмыстық қиын жағдайда қалған кәмелеттік жасқа толмаған балаларға қарсы қылмыстың көбеюі алаңдатады. Осы орайда Nur Otan партиясы жанындағы «Бақытты отбасы» жобасы аясында «111» байланыс орталығының жұмысы жолға қойылған. Шұғыл қоңырау орталығының мақсаты – әрбір отбасындағы баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Медбике, учаскелік инспектор, әлеуметтік сала және басқа мемлекеттік органдар мамандары жұмылдырылған шұғыл көмек тобы 40 мыңнан астам отбасыға көмек қажеттігін анықтап, қолдау көрсеткен. Бұл жұмыстар құжат рәсімдеу, жұмысқа орналастыру, әлеуметтік көмек беру сияқты жайттармен жалғасын табуда.

 «111» шұғыл қоңырау орталығына он ай ішінде 200-ден астам бала хабарласқан. Анықталғанындай, жыл сайын кәмелетке толмаған балаларға қарсы 2 мыңнан астам қылмыс жасалса, оның 800-дейі жыныстық қолсұғушылықпен байланысты екен. Динара Закиева қолға алынған игі шаралардың әрі қарай орындалуын қадағалайтын мекеменің жоқтығын алға тартты. Өйткені отбасын қолдайтын ұйымдар тек облыс орталықтарында ғана қолжетімді. Ал алыс аймақтардағы жалғызбасты балалы әйелдер, көпбалалы отбасылар қашан да көмекке зәру. Биылдан бастап елімізде екі жүзден астам дағдарыс орталығы ашылатынын жеткізген Д.Закиева өмірлік қиын жағдайда қалған балаларды қорғайтын заңнаманы жетілдіру қажеттігін өтті. Қазіргі кезде Мәжілісте балаларды қорғау туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу қарастырылып жатыр. Ресейдің Қазан қаласында орын алған қайғылы жағдай еліміздің білім беру мекемелеріндегі балалар қауіпсіздігіне баса назар аударуды қажет етеді. Осы орайда заңнамада буллингке қарсы күрес механизмін қарастыру көкейкесті мәселе болып отыр. Сонымен бірге, жәбірленуші тарап қана емес, күш қолданған агрессор балалардың да мәселесі қоғам үшін аса өзекті.

Білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздік мәселесін жетілдіруді құптаған Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова балалар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу білім беру ұйымдарын аттестаттау барысында да ескерілуі қажеттігін атап өтті. Бүгінде елімізде кәмелетттік жасқа толмағандарға қатысты қылмыс әлеуметтік жағдайдың нашарлығы, ата-аналардың ішімдікке салынуы, жұмыссыздық, дер кезінде базалық көмекті ала алмауы сияқты бірқатар фактормен байланысты болып отыр. Осы орайда балаларға қосымша білім беру, шығармашылық, спорттық бағытта секциялар ұйымдастыру маңызды.

«Балалардың қауіпсіздігі мен құқығын қорғау – ішкі істер органдарының басты назарында», деп атап өткен ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мұрат Баймұқашев соңғы бес жылда мемлекет және азаматтық қоғам институттары қолға алған шаралардың нәтижесінде жасөспірімдер қылмысының әжептеуір азайғандығын айтты. 2016 жылдан бергі аралықта көрсеткіш 44 пайызға азайған. Ал биылғы жылдың басынан бергі аралықта жасөспірімдер қылмысы 35 пайызға төмендеп отыр. Мектеп оқушылары тарапынан жасалатын қылмыс 55 пайызға, ал колледждерде 45 пайызға азайған.

Сараптама нәтижесі көрсеткендей, жасөспірімдер арасындағы қылмыс көбіне ата-аналар тарапынан бақылаудың жоқтығынан жасалады. Жыл сайын құқық бұзушылықтың көптеген түрімен полицияға жүз мыңнан астам жасөспірім жеткізіледі екен. Бақылаушысыз жасөспірімдер көңіл көтеру орталықтары мен тұрғын-жай болып табылмайтын орындарда көп жүреді. Осы орайда жыл басынан бергі аралықта – 29 мың, ал былтыр 65 мың ата-ана, 500-ден астам көңіл көтеру орталығы әкімшілік жауапқа тартылған. Қараусыз қалған 4 мыңнан астам жасөспірім оңалту орталықтарына жеткізілген. Қазіргі кезде 5 мыңнан астам жасөспірім полиция бақылауында тұр. Қылмыскер жасөспірімдердің тең жартысының оқымайтыны әрі жұмыс істемейтіні анықталып отыр. Осы орайда әлеуметтік жағдай шешілмей, күш қолдану арқылы жасөспірім арасындағы қылмысқа тосқауыл қою мүмкін еместігін алға тартқан М.Баймұқашев жасөспірімдер қылмысының алдын алуда қолға алынып жатқан іс-шараларға тоқталды.

Жиынға қатысқан Бас прокуратура, Қазақстан заңгерлер одағы, ЮНИСЕФ, Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған сот, Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері, еліміздің жетекші ғалымдары және Ресей ІІМ басқару академиясы және Түркия полиция академиясы, Ресей ІІМ Шығыс Сібір институтының өкілдері, ІІМ аумақтық полиция және қылмыстық-атқару жүйесі департаменттерінің басшылары адамзаттың болашағы балаларды қорғау мәселесіндегі түйткілді жайттарды талқылады.

 

АЛМАТЫ