Аймақтар • 01 Маусым, 2021

Қала көркін ашатын «Таразға тарту»

381 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгінде өңірде Тараз қаласын абаттандыру мақсатында «Таразға тарту» жобасы қолға алынып, барлық аудан әкімдіктері қаладағы тиісті орындарды абаттандыруға жауапты болып бекітілген. Осы орайда Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қаласын аралап, қаладағы құрылыс, жол жөндеу және абаттандыру жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

 

Қала көркін ашатын «Таразға тарту»

Әуелі облыс әкімі Жауғаш батыр көшесінде қайта қалпына келтірілген әмбебап спорт алаң­­ша­сының жұмысын барып­ көрді. Мердігер «Ғимарат Строй Com» жауапкершілігі шек­теу­лі серіктестігінің директоры Ас­қар Жетпісбаевтың айтуынша, спорт алаңы 20 күнде қайта жаңғыр­тудан өткен. Мұнда кіші футбол, баскетбол және волейбол ойнау үшін барлық жағ­дай жасалған.

«Қалада көп алаң қайта жаң­ғыртылды. Бірақ оның көбі бос тұр. Сол үшін спорт басқармасы қала тұрғындарын, жастар мен жасөспірімдерді саламатты өмір салтын ұстануға шақырып, осындай әмбебап спорт алаңдарында жарыстар ұйымдастыруды қол­ға алуы тиіс. Кесте жасап, балалар­дың жазғы каникулда уақытын тиім­ді өткізуге күш салу керек. Қажет болса, бос тұрған мек­теп­тердің спорт залдарын да ашып, жаз уақытында жастардың спортпен шұғылдануы үшін тиімді пайдалануды қарастырған жөн», деді Б.Сапарбаев.

Бұдан кейін облыс әкімі Байзақ батыр көшесінің бойындағы жол жөн­деу жұмыстарымен де та­нысты. Тәуелсіздіктің 30 жыл­дығына орай жүзеге асып отыр­ған «Таразға тарту» жобасы аясында Қазыбек би көшесіндегі №131 және 133-көпқабатты тұр­­ғын үйлердің көше жақ бе­тін­дегі гүлбақты абаттандыру жұмысы жоспарланған. Ол аумақ­ты абаттандыруға Талас ауданы жауапты болғандықтан, аталған ауданның әкімі Қа­нат­бек Мәдібек құрылыс жұ­мыс­тарының басталғалы жат­қанын айтып, жоба-жоспары­мен бөлісті. Облыс әкімі сквер­ді жасағаннан кейін оның қа­сын­дағы көпқабатты тұрғын үйлер­дің көше жақ қасбетін де әрлеу керек екенін жеткізді. Жамбыл политехникалық жоғары кол­леджі алдындағы аллеяға қа­тысты да ұсыныс айтылды. Ал Тұңғыш Президент атындағы сая­бақтағы жасанды көл мен амфитеатрды қалпына келтіру жұмыстарын Қордай мен Шу аудандары өз мойындарына алған.

Б.Сапарбаев сондай-ақ Б.Мо­мыш­ұлы көшесі бойындағы жол жөндеу және Б.Момышұлы тұйы­ғындағы жаңа сквердің құ­рылыс жұмысымен де танысты. Сквердегі құрылыс жұмысын «Наркен» жауапкершілігі шек­теулі серіктестігі жүргізуде. Се­рік­тестік директоры Дәу­рен­ Нар­жановтың айтуынша,­ мұн­­дағы 300 метр аумақ абаттандырылады. Сондай-ақ даңқты шопан, екі мәрте Со­циа­листік Еңбек Ері атанған Жазылбек Қуанышбаевқа арнап ескерткіш-тақта орнату бойын­ша ұсыныстар қаралып жат­қанын жеткізді. Бердібек Сапар­баев бұл көшеге Жазылбек Қуанышбаевтың есімін беру ту­ралы бастама көтерді. Өйт­кені батыр есімімен аталатын­ үлкен даң­ғылдағы екінші рет қай­та­ла­нып тұрған көше тұйығының өзі де соған сұранып тұрғандай. Қала әкіміне ұзындығы екі ша­қы­рымнан асатын көшеге Еңбек Ерінің есімін беру мәсе­лесін зерделеуді тапсырды.

Сондай-ақ облыс әкі­мі дре­­наж­­ды каналының, Айша би­бі көшесінің және Үш­бұ­лақ ка­налының абаттандыру жұ­мы­сымен танысып, оған жауап­ты облыс әкімдігінің басқар­ма­­ларына құрылыс жұмысын жедел бастау­ды жүктеді. Жұмыс сапары барысында Б.Сапарбаев «Шөлдала» шағын ауданында бір күн бұрын ашылған әлеумет­тік дүкеніне де арнайы ат басын бұрды. Кәсіпкер Патос Тали­пов­тің айтуынша, мұндағы ба­ға базар бағасынан әлдеқайда тө­­мен екен. Мәселен, сүт өнім­дері нарық бағасынан 40 тең­геге төмен өткерілуде. Бір күн­де мұн­да мың тұрғын сауда жа­сап үл­геріпті. «Мұндағы баға өзге дү­­кендер мен сауда орталық­та­р­­ындағы бағаға қарағанда 15-20 пайызға төмен. Бізді осы дүкен­нің арзандатылған азық-түлік бағасы қуантып отыр. Ең бастысы – қала сыртындағы шалғай ша­ғын аудан халқына осындай әлеу­­меттік дүкеннің ашылғаны жақ­сы болып қалды», дейді атал­ған шағын ­аудан тұрғыны Бақыт Омарова.

«Таразға тарту» жобасы ая­сын­да осындай жұмыстар жүр­гізілуде. Қаланың тиісті орын­дарының абаттандырылуына жауапты аудан әкімдіктері тара­пы­нан да жүйелі жұмыстар ұйым­дастырылуда. Аталған жоба шең­берінде Тараз қаласының сәулеті күн санап артып келеді.