Пікір • 01 Маусым, 2021

Бақытты ұлт – ұрпағымен мақтанатын ұлт

783 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бала – болашағымыз. Еліміздің келе­шек­тегі келбеті бүгінгі ұрпаққа қан­дай деңгейде көңіл бөлгенімізге, оларға қалай тәрбие, білім бергенімізге байланысты. Сон­дықтан барлық игілік балалары­мыз­ға бағытталуы керек. Сонда ғана ұрпа­ғы­мыз­бен мақтанатын ұлт боламыз.

Бақытты ұлт – ұрпағымен мақтанатын ұлт

Қазақта «Жас өспей ме, көкейіңді тес­пей ме?» деген нақыл бар. Бүгінгі бала – ертеңгі үлкен азамат дегені ғой. Олай болса, еліміздің келешегіне, жеріміздің болашақтағы иесіне лайықты қамқорлық көрсету, саналы білім, тәлімді тәрбие беру, ұлттық құндылықтарымыздың жауһарларын бойларына сіңіріп өсіру – мемлекеттік маңызды стратегиялық міндеттердің бірегейі ретінде қарастырылғаны абзал. Құдайға шүкір, 2020 жылдың басындағы есеп бойынша елімізде 0-17 жас аралығындағы балалар саны 6 миллионнан асқан. Бұл – ел халқының үштен бірі. Міне, осы балаларымыз қауіпсіз және таза ортада өмір сүруге, әрқайсысы қоғамда тең мүмкіндіктерге ие болуға, зор­лық-зомбылық атаулыны білмей, көрмей өсуге хақысы бар. Балаларымыздың осынау құқы­ғын қорғауда мемлекеттің міндеті мен жауап­кершілігі өте ауқымды.

Мемлекет бірінші кезекте бүгінгі жас буын­ды әлеуметтік-рухани қолдау, құқықтық тұр­ғы­да қорғау және басқа да мәселелер бо­йынша қамқорлық көрсету бағытын заңнамалық тұрғыда реттеп отыр. Сонымен қатар осы буынды уақыт талабына сай тәрбиелеу, білім беру, әлеуметтік мәселелерін шешу мақсатында түрлі бағдарламалар, жол карталарын қабылдап, олардың жүзеге асырылуын қамтамасыз ету үстінде. Бұл бағдарламаларда бiлiм беру, денсаулық сақтау, мәдениет, әлеуметтік қамтамасыз ету саласында балалар құқықтарын қорғау мәселелері жүйеленген. Балалар мүддесi үшін отбасы мен балаларды қорғау бойынша мемлекеттiк саясатты іске асыру үшін ел бюджеті мырзалық танытып келе жатқанын да атап көрсеткен орынды.

Осы тұста Президенттің 2020-2025 жыл­дар­ға арналған «Халық денсаулығы және ден­сау­лық сақтау жүйесі туралы» жаңа ко­декс­­ке қол қойғанын, Үкіметке ұлттық дең­­гейде балалардың жағдайын жақсарту жөніндегі ұлттық саясаттың тиімділігін қада­ғалау үшін ұлттық мониторингтік тетік ре­тінде бала­лар­дың әл-ауқат индексін әзірлеу және енгізу жө­нін­де тапсырма бергенін айта кетейік.

Елімізде Халықаралық балаларды қорғау күні кең көлемде мерекеленеді. Бұл мерекенің қоғамымыздағы орны ерекше. Бұл да өз кезегінде қазақстандық қоғамның балалар мүддесін бәрінен жоғары қоятынын көрсетсе керек. Ел Президенті адами капиталды арттыруға басымдық беріп келеді. Осы орайда бүгінгі балалар – болашақтың капиталы екенін, балаға білім беруге жұмсалған күш-жігер, төгілген тер ертең алдымыздан жақсылық, игілік болып оралатынын ұмытпағанымыз жөн. Бұл міндет бізден балаларымызға уақыт талабына, замана ағымына сай тәрбие-білім беруде сергек болуды талап етеді. Сол үшін де келешектің келбетін бағамдап, соған сәйкес білім беруге тырысып бағуымыз қажет-ақ. Бұл қажеттілік балаларымызға IT білім беру, заманауи қаржы саласында сауатты болуға үйрету, қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығын азайту және т.б. бағыттарда жүйелі жұмыстар жүргізудің маңыздылығын көрсетеді. Осылардың үдесінен шығу – білімге бөлінетін бюджет шығыстарының үлесі жөнінен әлемдегі ең алдың­ғы қатарлы елдердің санатына қосылып отырған Қазақстан үшін қиын шару емес.

Пандемиядан туындаған қиындықтар балалар мен олардың отбасыларының жағдайына қатты әсер етті. Карантиндік шектеу шараларын енгізу медициналық қызметтерге қолжетімділікті айтарлықтай шектеді, оқушылардың сауатының төмендеуіне әкелді, балаларға тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсету жағ­дай­ларының аздап болса да көбейгені байқалды. Алдағы уақытта аталған жағымсыз жағдаяттар жойылады деп үміттенеміз. Тағы бір айта кетер жайт, бүгінгі ұрпаққа тәрбие, білім беру ісінде кемшіліктеріміз жоқ емес. Олардың қандай кемшіліктер екені өзімізге мәлім... Бір өкініштісі, соларды түзеуде шабандық танытып жүрген жайымыз бар.

Атам қазақ перзентіне тәрбие, білім беруді ішіндіру-киіндіру міндетінен жоғары қойған. Ал қазір біз балаларымыздың алдындағы ата-аналық міндетімізді жартылай орындайтын болып бара жатқандаймыз. Нақтылай айтқанда, баламыздың қарнын тоқ, көйлегін көк етсек, ата-аналық міндетімізді толық өтедік деп ойлайтын деңгейге төмендеп кеттік. Бәлкім, бүгінгі бала тәрбиесіне қатысты кемшілігіміздің басты себе­бі перзенттерімізді бағып-күту міндетін толық дұрыс түсіне алмай жүргенімізден шығар.

Қорыта айтқанда, балала­ры­мыздың бақыт­ты болғаны – еліміз­дегі тұрақтылық пен бере­келі өмірдің негізгі өлшемі. Ұрпа­ғы­мыз­бен мақтанатын ұлт болайық, ағайын!