Қазақстан • 01 Маусым, 2021

Қазақстандық жауынгерлер биыл 11 конкурсқа қатысады

225 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Елордада Қорғаныс министрлігінің алқа отырысы өтіп, онда оқу жылының қорытындысы шығарылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстандық жауынгерлер биыл 11 конкурсқа қатысады

Бұл отырысқа қорғаныс ведомствосының басшылығы, әскер түрлерінің бас қолбасшылары, өңірлік қолбасшылықтар мен әскер тектерінің қолбасшылары қатысып, барлық гарнизондар бейнеконференц байланыс арқылы қосылды.

Ел Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың  2020 жылғы қарашадағы алқа отырысында берген тапсырмаларын жүзеге асырудың аралық қорытындылары шығарылды.

Отырыс барысында әскерлердің тыныс-тіршілігіне қатысты барлық мәселе қарастырылды. Ең алдымен, Қарулы Күштердің басты міндеті – жауынгерлік әзірлікті қолдау, жеке құрамның жауынгерлік машығын және басқару органдарының үйлесімділігін арттыру мәселелері орындалғаны аталды.

Әскерлердің жауынгерлік оқыту аясында жедел даярлықтың қарқыны 16%-ға, ал жауынгерлік даярлық 5%-ға артты. Бұл ретте 19 500-ге жуық іс жүзінде атыс, жауынгерлік машиналарды жүргізу бойынша 9 000 сабақ өткізілді.

Әуе қорғанысы күштерінде жауынгерлік оқу-жаттығу ұшулары мен әуе шабуылына қарсы қорғаныс бөлімшелерінің оқу-жаттығуы басты назарда болды. Қарулы Күштердің аталмыш әскер түрінде жауынгерлік даярлықтың жалпы саны 25%-ға артты.

Әскери теңізшілер 17 рет теңізге шығып, 2245 кеме жаттығуын өткізді. Сүңгуір бөлімшелері жалпы 112 сағатын су астында өткізген, 180 рет теңізге түсу тәжірибесін орындады.

Барлық жауынгерлік даярлық іс-шаралары қазіргі заманғы қарулы қақтығыстар тәжірибесін ескере отырып ұйымдастырылады. Әскерлерді оқыту мен қолдануда жаңа тәсілдер белсенді түрде енгізілуде.

Екі жақты тактикалық оқу-жаттығулардың тәжірибесі кеңінен қолданылуда. Наурыз айында «Мәтібұлақ» полигонында Қарулы Күштер тарихында алғаш рет екі жақты бригадалық тактикалық оқу-жаттығу өтті. Онда механикаландырылған және шабуылдау бригадалары бір-біріне қарсы тұрды.

«Алтын жебе» кешенді тексеру барысында қыс мезгілінде шығыста және батыс өңірінің шөлді аймақтарында арнайы операциялар күштері құралымдарының тәжірибелік іс-қимылы пысықталды. Бұдан өзге, алғаш рет Маңғыстау облысындағы автомобиль жолының әуеайлағына Су-27 жойғышы мен С-295 әскери-көлік ұшағы қонды. Кейіннен бұл әдісті оқу-жаттығу барысында жауынгерлік тапсырмаларды орындау үшін жеке құрамды жеткізу кезінде қолданды.

«Қалқан-2021» бірлескен жедел-тактикалық оқу-жаттығу шеңберінде алғаш рет теңіз жағалауында міндеттерді орындаған Арнайы операциялар күштерінің тобы құрылды. Бұл оқу-жаттығуға ұшқышсыз ұшу аппараттарының бөлімшелері кеңінен жұмылдырылды. Су асты және су үсті тәсілдерін қолдану арқылы жүзгіш жауынгерлерді теңізге түсіру орындалды. Оттегі жабдығын қолдана отырып, жоғары биіктіктерден десант түсіру, әуе арқылы сыртқы аспада ұтқыр техниканы тасымалдау және шабуылдау топтарын тікұшақтардан түсіру іске асырылды. 

Теңіз жаяу әскерлерінің шартты қарсыласты жою бойынша шекарашылармен өзара іс-қимыл мәселелері пысықталды. Осы орайда, «Сақ қорғаны» танк бөлімшелерінің жаңа іс-қимылы сыналды.

Армия халықаралық ойындарына дайындалу барысында әскери қызметшілер кәсіби шеберліктерін жетілдірілуде. Қазақстандық жауынгерлер биыл 11 конкурсқа қатысуды жоспарлап отыр. Оның ішінде 2-уі өз елімізде өтеді.

Әскерді жаңа техникамен жарақтау үрдісі жалғасуда. Әскери сынақтардан сәтті өткен, жаңа «Бук» зениттік-зымыран кешендері мен отандық «Нұр» радиолокациялық станциялары кезекшілік атқаруда. Сонымен қоса, Су-30СМ жойғыштарының кезекті легі жеткізілді.

Отандық қорғаныс өнеркәсібі кешені кәсіпорындарында әскери техниканы күрделі жөндеу және жаңарту іске асырылуда.

Әскери техниканы өз күшімен қалпына келтіру мүмкіндіктері жетілдірілуде. Мамандандырылған әскери бөлімдер мен бригада бөлімшелерінде 1200-ден астам техника ағымдық және орта жөндеуден өткізілді. Алматыда бронды танк пен зымыран-артиллериялық қару-жарағын жөндеу бойынша соңғы үлгідегі цех іске қосылды.

Ғылыми-өндірістік, ұтымды және өнертапқыш жұмыстары жандандырылды. Ұлттық қорғаныс университеті ғалымдарының қазақстандық кәсіпорынмен бірлесіп шығарған алғашқы отандық «Шағала» ұшқышсыз ұшу аппараты сынақтан өтті.

Әскерлерде атыс және арнайы даярлыққа арналған бірқатар оқу құралдары әзірленді. Осы қызметтің нәтижелерін ұйымдастыруды, сондай-ақ ынталандыруды және практикада қолдануды көздейтін ережені әзірлеу туралы тапсырмалар берілді.

Қарулы Күштердің қорғаныс-өнеркәсіп кешенімен өзара қарым-қатынасты ретке келтіру жөнінде шаралар қабылданды. Қорғаныс министрлігі әскердің ғылыми-техникалық әлеуеті мен қажеттіліктерін ескере отырып, отандық кәсіпорындарда аса маңызды әскери өнім шығару туралы негізгі 9 бағытты ұсынды.

Әскери инфрақұрылымды жетілдіру шеңберінде тез салынатын құрылыстан объектілер салу тәжірибесін кеңейту бойынша жұмыс жүргізілуде. Бұл бюджет қаражатын үнемдеуге және ғимараттар салу мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді.

Әскери тәртіп және әскери қызмет қауіпсіздігінің мәселелері жеке қаралды. Құқық тәртібін сақтау үшін командирлердің жеке жауапкершілігін күшейтуге арналған осыған дейін белгіленген бағыт аясында бірнеше лауазымды тұлға жұмысты тиісінше ұйымдастырмағаны үшін атқаратын қызметінен шеттетілді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл өзекті мәселе күйінде қалып отыр. Сонымен қатар, қабылданған шаралардың арқасында өткен кезеңде сыбайлас жемқорлықпен құқық бұзушылықтар санының төмендеуі байқалады. Жемқорлық жүйелі емес, оның бюджет қаражатын ауқымды қымқырумен де байланысы жоқ, бұл жемқорлық түрлері тұрмыстық, тұлғааралық сипатқа ие.

Атап айтқанда, баяндамада қиын жағдайға тап болған әріптестеріне, оның ішінде балаларын емдеуге көмектесу үшін жалақы мен сыйлықақылардан ақша жинау жалғасуда. Бұл ниеттің жақсы ойдан туғанына қарамастан, аталмыш фактілерге жол беруге болмайды және ол заңсыз әрекеттер ретінде қудаланады.  Осыған байланысты, бұндай іс-шараларды жүзеге асырудың заңды тетігін пысықтау қажет.

Сыбайлас  жемқорлық тәуекелдерін жоюға қатысты жұмысты жалғастыру тапсырылды. Оның негізгі бағыттары – кадрларды іріктеу және зерделеу, өмірдің барлық салаларындағы ашықтықты қамтамасыз ету, көрсетілетін қызметтерді цифрландыру, яғни адами факторды барынша азайту, сондай-ақ басшылар тарапынан бағыныстылардың заңды сақтаудағы жауапкершіліктің болуы.

Әлеуметтік қамсыздандыруға мәселесі де маңызды. Қорғаныс ведомствосының бастамасы бойынша 2021 жылдан бастап әскери қызметшілердің азық-түлік үлесінің құны орта есеппен 40 пайызға артты. Лауазымдық жалақылар өсті.

Жабық әскери қалашықтарда тұратын бұрынғы әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі жоспарлы түрде шешілуде. Әрбір гарнизон үшін электрондық форматта жүргізілетін тұрғын үй алуға кезектілік ретке келтірілді. Жеке құрамның әлеуметтік ахуалын жақсарту жөніндегі жұмысты жалғастыру жоспарда бар.

2020 жылдағыдай, Қарулы Күштер коронавирус инфекцияның таралуына қарсы күресте барынша үлес қосуда. Елордалық және Алматы әскери госпитальдары COVID-стационарларға ретінде жабдықталды. Басқа да әскери емдеу мекемелері мен дәрігерлік-мейірбикелер бригадалары азаматтық денсаулық сақтауға көмектесуге әзір. Бірқатар гарнизондарда әкімдіктердің сұрауы бойынша бөлімшелер әлеуметтік маңызы бар объектілерді дезинфекциялауға тартылды.

Ұжымдық иммунитетті қалыптастыру шеңберінде Қарулы Күштердің жеке құрамы вакцинациялауға белсенді қатысты. Әскери қызметшілер мен азаматтық персоналдың 94%-дан астамы екпе алды. Тек медициналық қарсы көрсетілімдері барларға екпе салынбады.

Алқа отырысының соңында алдағы жазғы оқу кезеңі қарқынды және мазмұнды болатыны атап өтілді. Барлық салада көптеген маңызды шараларды орындау қажет, ал олардың қорытындысы жыл соңында шығарылатын болады.

Мемлекет басшысының Қорғаныс министрлігі басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп әзірлеген Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды дамытудың 2030 жылға дейінгі ел әскерін жетілдірудің басты бағыттарын айқындайтын тұжырымдамасын бекітуі маңызды оқиға болуға тиіс.