Тонау туралы арызды полицияға қыздың әкесі түсірген. Оның айтуынша, Кенесары көшесіндегі автобус аялдамасында белгісіз ер адам сегіз жастағы қызының қолынан телефонын жұлып алып қашып кеткен.
«Қылмыс туралы хабар алған жедел басқару орталығының қызметкері дереу патрульдік полиция экипажын жіберді. Оқиға орнына бірнеше минут ішінде жеткен полицейлер жедел-іздестіру шараларын өткізу кезінде күдіктінің ізіне түсіп, ұрланған телефонды сатуға тырысқан ер адамды дүкенде ұстады», деді полиция өкілі.
34 жастағы қарақшы ұсталып, аумақтық полиция басқармасына жеткізілген. Ер адам кінәсін толықтай мойындады. Телефон қыздың әкесіне қайтарылды.
Полиция «Тонау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғап, оның бұрын жасалған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтап жатыр.