Әлем • 01 Маусым, 2021

Еуропаның экономикадағы үлесі төмендей ме?

1286 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Экономикалық өсім мәселесінде Еуропа біраз уақыт бойы әлемнің алпауыт мемлекеттері – АҚШ пен Қытайдың соңына ілесе алмай келді. Сондықтан қарт құрлықтың жаһандық экономикадағы салыстырмалы салмағы тез төмендеуіне таңғалудың қажеті жоқ. Ендеше, Еуропалық одақ мұндай қиындыққа қаншалықты төтеп береді және ЕО басшылары қандай қадамға баруы тиіс? 

Еуропаның экономикадағы үлесі төмендей ме?

1989 жылы темір перде тү­рілген кезде қазіргі таңда Еу­ро­­палық одақ құрамына енген мем­­ле­кеттер мен Ұлыбритания жа­һан­дық ішкі жалпы өнім көлемі­нің (сатып алу қабілеті паритеті тұр­ғы­сынан қарағанда) 27,8 пайы­­зын өндірді. АҚШ үшін бұл көр­сеткіш 22,2 пайыз еді. Ал Қытай­да 4 па­йыздан аспайтын әрі ол экономи­калық қуатты ел саналмайтын.

Содан бергі отыз жылда Еуро­палық одақ пен Ұлыбритания әлемдік ішкі жалпы өнімнің 16 пайызын ғана құрап, Америкадан (15 пайыз) сәл ғана алда тұр. Қытайда үлкен өзгеріс болып, Батыстағы әріптестерін шаң қаптырды. Қазір ол жаһандық өнімнің 18,3 пайызын шығарады.

Коронавирус пандемиясы бұл үдерісті жалғастырмақ. Қыс­­қа рецессияға қарамастан, АҚШ дағ­­дарысқа дейінгі өндіріс дең­гейін биылдың өзінде-ақ басып озады. Қытайдың экономикалық өні­мі 2021 жылы 2019 жылмен салыс­тырғанда 10 пайызға жоғары болуы мүмкін. Еуропалық одақ кері­сінше, кемі 2022 жылға дейін пандемияға дейінгі ішкі жалпы өнім деңгейіне оралмайды.

Негізінде, Қытай мен АҚШ эко­номикасының қарқынды қал­пына келуі – Еуропа үшін жақсы жа­ңа­лық. Еуропалық одақтағы өнер­кәсіп, әсіресе Германия әлем­дегі екі ірі экономиканың сұ­ра­ны­­сынан пайда тауып отыр. Осы­ған қарамастан, АҚШ-пен және Қытаймен салыстырғанда эко­но­ми­калық сал­мағының төмен­деуі Еуро­­паның негізгі мүддесін қор­­­ғау­ға, ілгері­летуіне күдік ұялатады.

Қазірдің өзінде көпшілік ЕО елдері қауіпті мәмілеге келуге мәжбүр деген пікірді ұстанады. Мысалы, қытайлық инвесторлар Еуропадағы компанияларды сатып алып жатыр. Тіпті Бельгия, Грекия, Испания секілді елдерде маңыз­ды инфрақұрылымдарды иемде­ніп алды. Германия экономи­ка­лық мүддесін қорғауға тырысып, Қытайдағы адам құқығының бұзылуын айыптауға асықпауы да сынға ұшырады.

Еуропаның АҚШ-қа тәуел­ділігі, әсіресе қауіпсіздік мәсе­лесінде көмек сұрауына айтылар сын аз, әрине. АҚШ-тың бұ­рын­ғы президенті Дональд Трамп айт­қандай, бұл да үлкен тәуе­кел­ге алып келеді. Шынында да, Еу­­ро­паны «стратегиялық авто­но­мияғ­а», яғни сыртқы держава­ларға тә­уел­­ділікті азайтуға шақыру­шы­лар саны кейінгі кезде артып келеді.

Бірақ тәуелділіктің бәрі бір­дей емес. Тек біржақты болып келе­тіндері қауіпті. Осындайда Еуропалық одақтың қандай эко­номикалық тәуелділігі осы санатқа кіретінін анықтау үшін мұқият сараптама жасау қажет.

Ең әуелі, халықаралық саудада импорттаушы экспорттаушыға тәуелді ме, әлде керісінше ме? Шығындары және маржасы жо­ғары тауарлар мен қызметтерге келгенде сатушының нарыққа қол жеткізу тәуелділігі үлкен. Ал маржасы төмен тауарларда аз. Егер тауарлар маңызды әрі оны басқа жерден сатып алу қиын болса, импорттаушылар белгілі бір елден келетін өнімге тәуелді.

Еуропалық одақ (Ұлыбри­тания­ны есептемегенде) 2020 жылы Қытайдан 383 миллиард еуро (468 миллиард доллар) тауар импорттады. Бұл басқа елдерге қара­ғанда көп. Қытайға құны 203 мил­лиард еуро болатын тауарлар экс­порттады. Біз қандай серіктес жо­ғары маржа табатынын немесе им­порттық тауарларды оңай алмас­тыра алатынын білмейміз. Бірақ екі бағыттағы сауданың көлемі өзара тәуелділіктің бар екенін көрсетеді. Бұл агрессивті сауда саясатын жүргізуден сәл де болса қорғайды.

АҚШ-пен қарым-қатынас та дәл солай. Трамп Американың тауарлар саудасының екіжақты дефицитін жою үшін ЕО тауарларына баж салығын енгіземін деп қорқытқанда, еуропалықтар АҚШ-та қызмет көрсету және негізгі кірістерінде осындай мөлшерде профицит болғанын көрсетті (мысалы, лицензиялаудан). Осы бағыттағы АҚШ экспорты жоғары маржаларға ие. АҚШ компаниялары еуропалық нарыққа қатты тәуелді болғандықтан, АҚШ қарт құрлықпен сауда соғысында жеңіске жете алған жоқ. Бұл, бәлкім, Трамптың сәтсіздігінің басты себебі болса керек.

Тәуелділік трансшекаралық инвестициялардан да туындауы мүмкін. Бірақ мұнда да қай жағына тиімді екенін анықтау қиынға соғуы ықтимал.

Жалпы алғанда, еуропалық компаниялар қатаң ережелерге қарамастан, Қытайға көп инвес­тиция салады. Ал қытайлық ком­паниялардың Еуропаға құйған қаржысы аз. Осы орайда, қытайлық компаниялардың Еуропаға салатын инвестиция түрлеріне қатысты мәселе туындауы мүмкін.

Егер қытайлық инвесторлар еуропалық порт компаниясын сатып алса, еуропалықтар Қытайға тәуелді бола ма? Міндетті емес. Керісінше, порт құрылыстарының өмірлік маңызын ескеріп, егер операторлар оны дұрыс пайдалану жөніндегі міндеттерін бұзды деп есептелсе, ел билігі оларды өз бақылауына алуы, тіпті экспроприациялауы салыстырмалы түрде оңай шаруа.

Технологиялық тәуелділікке кел­генде сұрақ туындайды. Мы­­салы, қытайлық компа­ния­лар­дың 5G желілері секіл­ді теле­коммуникациялық инфрақұ­ры­лым­ды құруға қатысуы Еуропа­лық одақ үшін үлкен қауіп пе? Тағы да нақты жауап беру қиын. Өйткені бұған саяси ықпал секілді әсер ететін факторлар бар, сондықтан анық емес әрі бақылау күрделі.

Шектен тыс тәуелділік тәуе­кел­ге әкелетіні сөзсіз. Ендеше, Еу­ро­­палық одақ, негізінен, өзі­нің стра­тегиялық автономиясын ны­ғайтуға құқылы. Бірақ қарапайым болжамдарға сүйенудің орнына, экономикалық байланыстар мен өзара қарым-қатынасқа тәуел­ділікке жан-жақты талдау жүр­гізіліп, олардың қайсысын азайту керегі анықталуы тиіс.

Сонымен қатар ЕО іс-әре­кетін мұқият ойластыруы керек. Қарым-қатынасты азайту тиім­ді шешім болмауы мүмкін. Іс жү­зінде Еуропа байланыстарды тереңдету арқылы таразы басын теңестіріп, тіпті өз пайдасына шешуі мүмкін. Мысалы, Қытай инвестицияларын Еуропаға тарту арқылы аталған елдегі еуропалық инвесторлардың кемшілігін то­лықтыруға көмектеседі. Әрі ықпал ету тетігіне айналады.

Еуропаның жаһандық эконо­микадағы үлесі төмендеуі мүмкін, бірақ ЕО әлеммен байланысы бар ірі экономикалық держава бо­лып қала береді. Егер оның стра­те­гиялық автономияға ұмты­луы про­текционизмге немесе тіп­ті автар­кияға итермелесе, онда бұл мәр­тебені жоғалту қаупі бар. Мұн­дай жағдайда Еуропа әлсірей түседі.

 

Клеменс ФУЕСТ, 

Ифо институтының президенті, Мюнхен университетінің экономика профессоры

Copyright: Project Syndicate, 2021.

www.project-syndicate.org