Қоғам • 02 Маусым, 2021

Белсенді әйелдер бас қосатын алаң

565 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елордада «Қазақстан әйелдері күштері альянсы» заңды тұлғалар бірлестігі қамқоршылық кеңесінің отырысы өтіп, онда ұйым қызметінің аралық нәтижесі шығарылып, алдағы жоспары жария етілді.

Белсенді әйелдер бас қосатын алаң

Кездесуге Нұрсұлтан Назарбаев Қорының директоры, Қазақстан әйелдері күштері альянсы қамқоршылық кеңесінің төрағасы Дариға Назарбаева қатысты.

Басқосу барысында ауыл әкімдерін сайлауда белсенді әйелдерді қолдаудың қажеттігі мен кадрлық резервті жасақтау, үміткерлерге онлайн тренингтер өткізу және басқа да мәселелер қаралды.

Альянс мүшелері тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың алдын алу жайын да ұмыт қалдырмады. Отырыс қорытындысы бойынша дағдарыс орталықтарының жұмысын жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірленді. Түйіні толық тарқатылмаған түйткілді талқылау үшін барлық үкіметтік емес ұйым мен орталықты бір жерге жинау идеясы ұсынылды.

Қамқоршылық кеңестің отырысынан кейін «Заң шығарушы органдардағы әйел де­путаттардың әлеуметтік маңызды мәселелерді шешу­дегі рөлі» тақырыбында Қазақстан әйел­дері күштері альянсы онлайн конферен­ция өткізді. Оған Парламент Сенаты мен Мәжілісінің және барлық деңгейдегі мәслихаттардың 230-дан астам әйел-депутат қатысты. Іс-шара барысында билік органдарында және басшылық қызметтерде әйел адамдардың санын көбейту жөніндегі тапсырманы іске асыруға ерекше мән берілді. Бұл ретте саяси партия тізімінде әйелдер үлесі 30 пайыздан кем болмауы тиістігі жөнінде былтыр қабылданған квота биылғы Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауында ескеріліп, оң нәтиже бергені атап өтілді.

Нұрсұлтан Назарбаев Қорының директоры, Парламент Мәжілісінің депутаты Дариға Назарбаева әйелдерді әлеуметтік ахуалға белсенді түрде араластырумен қатар, олардың мәселесін шешудің де маңызды екенін баса айтты. «Біздің басты мақсатымыз – өмір сүру сапасын арттыруға барлық күш-жігерді бағыттай отыра, жұдырықтай жұмылып жұмыс істеу. Коронавирус пандемиясы қоғамның көптеген әлеуметтік мәселесін ушықтырды, әсіресе әйелдер құқығының бұзылуына, тұр­мыстағы зорлық-зомбылықтың өршуіне әкелді. Өкінішке қарай, әйелдердің дені бұған төзіп, мойынсұнып келеді», деді Дариға Назарбаева.

Депутат Мәжілісте әлеуметтік және шағын бизнесті дамытуға жаңа мүмкіндік беріп, әр отбасы нәпақасын айыруға болатындай әлеуметтік кәсіпкерлік туралы заң жобасы қаралып жатқанын жеткізді. «Осы заң жобасы қабылданған соң, халықпен тікелей жұмыс істейтін облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттардың  депутаттары  оны өңір тұрғындарына түсіндіруі тиіс», деді Д.Назарбаева.

Жиында балаларды жан-жақты дамыту мәселесі де сөз болды. Конференцияға қатысу­шылар өскелең ұрпаққа ұдайы жаңа жағдай жасау, мектепке дейінгі мекемелердегі және мектептегі балалардың тамақтану сапасын арттыру қажет деген тоқтамға келді.

Д.Назарбаева Қазақстан әйелдері күштері альянсы белсенді әйелдердің басын қосатын, әлеуметтік жобаларды іске асыруда үнемі пікір алысып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін алаңға айналуы керек деген ойын ортаға салды.