Әлем • 02 Маусым, 2021

Ереванда қазақстандық балалардың сурет көрмесі өтті

465 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ереванда М. Измирлян атындағы балалар үйінде Халықаралық балаларды қорғау күні және Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған іс-шаралар аясында Армения Президентінің жұбайы Нуне Саркисянның қамқоршылығымен ерекше қажеттіліктері бар қазақстандықтардың «Әлем балалар көзімен» атты суреттер көрмесі өтті, деп хабарлайды Egemen.kz СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ереванда қазақстандық балалардың сурет көрмесі өтті

Оны Қазақстанның Армениядағы Елшілігі, Арменияның Еңбек және әлеуметтік мәселелер министрлігі, қазақстандық «Аялаған алақан» қоғамдық қайырылымдылық қоры және Еревандағы  М. Измирлян атындағы ерекше қажеттіліктері бар жандарға арналған балалар үйі ұйымдастырды.

Көрменің ашылу салтанатына Армения Еңбек және әлеуметтік мәселелер министрінің бірінші орынбасары Татевик Степанян, аталған балалар үйінің директоры  Тамара Мнацаканян, мемлекеттік, қоғамдық және гуманитарлық ұйымдардың басшылары, Ереванда аккредиттелген дипломатиялық миссиялар мен халықаралық ұйымдардың басшылары қатысты.

Елдің бірінші ханымы өзінің құттықтау сөзінде екі елдің балалары арасында өзара түсіністікке жол ашатын осындай бастамалардың маңыздылығы мен өзектілігін атап өтті. Қазақстан Елшісі Болат Иманбаев көрменің екіжақты мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту үшін елеулі маңызын атап өтті.

Көрме барысында қатысушылар Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы саяси және әлеуметтік-экономикалық дамудағы жетістіктерімен, елде жүзеге асырылып жатқан реформалармен, оның ішінде балалар мен мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтарын қорғау саласындағыларымен, танысты. Іс-шара аясында Елшіліктің және ҚР Құрметті консулдығының атынан М. Измирлян атындағы балалар үйіне спорт жабдықтары мен басқа да сыйлықтар табысталды.

1 маусымда білім алуда ерекше қажеттіліктері бар қазақстандық балалардың еңбектері «Ереван – менің махаббатым» қайырымдылық қорының концертінде көрсетіліп, қоғам арасында шынайы қызығушылық тудырған болатын.