Қайғылы оғиға 16 мамыр күні сағат 23:00-де Орал-Атырау тас жолының 75 шақырымында болған. Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ВАЗ-21113 автокөлігі екі жылқымен соқтығысты. Апат салдарынан жеңіл автокөліктің 54 жастағы жүргізушісі, оның 85 жастағы әкесі мен 13 жастағы баласы алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды.
Қазіргі таңда жол фактісі бойынша полицейлер ҚР ҚК 345-бабы «Жол қозғалысы ережелерін бұзу» бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.
«Түнгі уақытта, әсіресе, қараусыз қалған малдарға қатысты келеңсіз жайттар азаймай отыр. Осыған байланысты мал жаю ережелерін бұзғаны үшін 916 мал иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Осы секілді жайттардың алдын алу мақсатында «Электронды бақташы» жүйесі қолға алынды. Сол арқылы олардың орналасқан жерін анықтауға болады. Алайда көбіне-көп мал иелері аталған міндеттемерді орындамай, айыппұл төлеп жатады», дейді облыстық ПД басшысының орынбасары Жанболат Жаншин.
Еске сала кетейік, биыл Ақжайық ауданының маңында 17 жол көлік оқиғасы болып, 20 адам қайтыс болған еді. Олардың 40-ы түрлі дәрежедегі жарақат алып, ауруханаға жеткізілген еді.
Бұған дейін облыс әкімі Ғали Есқалиев аудан әкімдеріне үй жануарларының қатысуымен болатын ЖКО-ға жол бермеу бойынша шаралар қабылдау қажеттігі туралы ескерткен-ді.
«Республикалық трассалардың бойында орналасқан аудан әкімдеріне үй жануарларының қатысуымен болатын ЖКО-ға жол бермеу жөнінде шаралар қабылдау қажеттігі туралы ескерткен едім. Бұл аудан әкімдерінің тікелей міндеті, осыған байланысты Ақжайық ауданының әкіміне сөгіс жариялаймын. Екі айдан кейін тағы қарастырамыз. Сондай-ақ ветеринария басқармасының жұмысы нашар екенін атап өткім келеді. 2020 жылы малдың қатысуымен болған 49 апаттың 43-інде мал иелері анықталмаған. Ветеринария басқармасының басшысына қатысты қызметтік тергеу жүргізілетін болады», деп мәлімдеді Ғали Есқалиев.
Айта кетейік, ресми деректерге сәйкес биыл облыс жолдарында 99 апат болып, 43 адам көз жұмды. Тағы 157 адам түрлі дәрежедегі жарақат алды. 99 апаттың екі жағдайында жол-көлік оқиғасының себептері үй жануарлары болған. Төрт адам қаза тауып, тағы екеуі жарақат алды.