Аймақтар • 05 Маусым, 2021

Атырау тұрғындарынан 132 қару тәркіленді

855 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Атырауда тиісті талапты бұзған тұрғындардан 132 қару тәркіленді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Атырау тұрғындарынан 132 қару тәркіленді

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек,  17 мамырдан бері «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр.

«Іс-шараны өткізудегі мақсат – атыс қаруын, жарылғыш заттарды қолдану арқылы жасалатын қылмыстарды ашу және алдын алу, сондай-ақ, қару иелерінің қаруды пайдалану, ұстау және сақтау талаптарын орындауын тексеру.  Полиция қызметкерлері Атырау қаласы аумағындағы 79 қыстақ пен  тұрғылықты мекен-жайы бойынша 2 641 қару иесін тексерді. Осы кезге дейін  222 құқық бұзушылық анықталып, 132 қару тәркіленді. Оның ішінде 120  тегіс ұңғылы аңшылық, 5 иір ойықты қару мен 7 газ тапаншасы бар. Қаруды заңсыз сақтағаны үшін 6 азамат қылмыстық жауапкершілікке тартылды», деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Сонымен бірге, 191 азаматқа қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 484-бабымен (Азаматтық, қызметтік, марапаттық, коллекциялық қаруды, оның патрондарын иелену, беру, есепке алу, сақтау, пайдалану, тасымалдау, Қазақстан Республикасының аумағына әкелу, Қазақстан Республикасының аумағынан әкету және ҚР аумағы арқылы транзитпен өткізу тәртібін бұзу), 31 азаматқа қатысты аталған Кодекстің 486-бабымен  (Азаматтық, қызметтiк, марапаттық, коллекциялық қаруды тiркеу (қайта тiркеу) не оны есепке қою тәртібін бұзу) әкімшілік хаттама толтырылды.