Аймақтар • 07 Маусым, 2021

Қыз үшін жанжалдасқандар ауруханаға түсті

191 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанайдағы түнгі клубтардың бірінде туындаған жанжалдың соңы төбелеске ұласты. Бірінің жағы сынып, екіншісінің кеудесі көгеріп, үшіншісі пышақ жарақатын алған үш жәбірленуші облыстық ауруханада жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қыз үшін жанжалдасқандар ауруханаға түсті

Оқиға болған маңайда тұратын қала тұрғындары таңғы тәтті ұйқыдан Бородин дүкенінің артынан атылған оқтың даусынан оянғандарын айтады. 

«6 маусым күні таңғы сағат 6:00-де Бородин дүкенінің артындағы Гоголь 98 мекенжайынан шақырту түсті. Мекенжайға 3 бригада барды. Оқиға орнында үш адам жарақат алған. Бір бригада бөксесінен пышақ жарақатын алған адамды алып кетті. Екінші жедел жәрдем көлігіне кеуде тұсы көгеріп кеткен жәбірленуші мінді. Бұл – травматикалық қару қолдану нәтижесінде түскен із болуы мүмкін. Ал үшінші адамның жағы, тістері сынған. Оны ауруханаға үшінші бригада жеткізді», деп мәлімдеді облыстық денсаулық сақтау басқармасы.

Полиция аталмыш оқиғаға қатысты сотқа дейінгі тергеу шаралары басталғанын хабарлады.

«6 маусымда сағат таңғы 6-лар шамасында Гоголь көшесінде бірнеше адамның төбелесіп жатқаны туралы мәлімет келіп түсті. Оқиға орнына жедел тергеу тобы мен жергілікті полиция қызметінің жасақтары жетіп, жанжалды тоқтатты. Оқиғаға қатысқан адамдар мен куәгерлерден полиция бөлімшесінде жауап алынды. Нәтижесінде, жанжалдың қызға таласқан екі жас жігіттің арасында туындағаны анықталды. Одан кейін жанжалға екі жақтың да таныстары араласып, оның арты төбелеске ұласқан.

Оқыс оқиға туралы полицияға хабарлаған адам оқ даусына ұқсайтын дауыс естігенін айтқан болатын. Сондықтан қазір сотқа дейінгі тергеу шаралары аясында бұл мәліметтің рас-өтірік екендігі тексеріліп жатыр. Алайда ауруханаға түскендердің ішінде оқ жарақатын алған ешкім жоқ», деп мәлімдеді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі. 

 

Қостанай облысы