Елорда • 07 Маусым, 2021

«Астана Опера» ашық аспан астында тегін концерт өткізеді

276 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің көмегімен «Астана Опера» театрының труппасы ашық аспан астында 10-ға жуық тегін концерт бермек, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Астана Опера» ашық аспан астында тегін концерт өткізеді

Елорда тұрғындары мен қонақтары қала алаңдары – Мәмбетов көшесіндегі Аффари БО алды мен Орталық қалалық саябақтағы амфитеатр сахнасында асқақ өнермен қауыша алады.

«Шығармашылық ұжымымыз алғаш рет ашық алаңда өнер көрсеткелі тұрған жоқ. Жыл сайын Дж.Вердидің «Аида» операсы сынды ғаламат спектакльдерді ашық аспан астында орындап жүрміз. Осындай жобалар ағартушылық сипатта жасалып, қазақстандықтарды асқақ өнерге тартуға бағдарланған. Жанға жайлы әрі мерекелік көңіл-күй сыйлаймыз деген сенімдеміз. Бірқатар тосынсый әзірледік, олардың бірі – Италия, Швейцария, Жапония, Ресей мен Чехиядан келген шетелдік әртістердің өнер көрсетуі», деді «Астана Опера» театрының директоры Ғалым Ахмедьяров.

Концерттердің бағдарламасы ересектерге де, балалар аудиториясына да қызықты болатындай етіп ойластырылған. Сөйтіп, жас көрермендерді 13 және 19 маусым күндері сағат 12:00-де Аффари сахнасында өтетін «Балалар сыйға тартқан өнер» атты концерт күтуде. Әр күндері балаларға жарқын балеттік және хор нөмірлері ұсынылады. Балалар театрлық студиясының жетекшісі – Алтынғаным Ахметова.

13 маусым сағат 20:00-де Аффари сахнасында өтетін «Вокалдық музыка жауһарлары» концерті жексенбілік кештің романтикалық әсерін арттыра түспек. Көпшілік назарына опералардың белгілі ариялары мен дуэттері, танымал халық әндері мен романстар, аспаптық пьесалар ұсынылады. Музыкалық жауһарлар «Астана Опера» театрының опера солистері мен оркестр әртістерінің орындауында тыңдарманға жол тартады.