Бизнес • 07 Маусым, 2021

«Бизнеске арналған үкімет» жобасы кәсіпкерліктегі кедергілерді жоюға көмектеседі

456 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Елімізде онлайн форматта сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша кәсіпкерлердің V республикалық форумы өтті. Оның барысында цифрландыруды ілгерілету және жемқорлық тәуекелдерін төмендету бағытында атқарылған жұмыстар сараланды.

«Бизнеске арналған үкімет» жобасы кәсіпкерліктегі кедергілерді жоюға көмектеседі

Күрделі мәселе күш біріккенде шешіледі

Форум жұмысына Қазақстан кәсіп­керлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов, «Атамекен» ҰКП төралқасының төрағасы Ти­мур Құлыбаев, сондай-ақ Үкі­мет мүшелері, Парламент депутат­тары және үкіметтік емес ұйым­дар­дың өкілдері қатысты. Еліміздің аймақ­тары форумға бейнеконференция байланысы арқылы қосылды.

– Сыбайлас жемқорлық әлеу­мет­тік-экономикалық дамуға, нарық­тық эко­номиканың қалыптасуы­на теріс әсер етеді. Ел болашағына қау­пі зор. Сондықтан сыбайлас жем­қорлықпен күресу – ортақ па­рыз. Бұл бағытта ауқымды іс-ша­ралар атқарылып жатыр. Бү­гін­гі бірлескен форум осы іс-шара­лардың бір бағыты ғана, – деді форумды ашқан Р.Жүрсінов.

Алқалы жиынға қатысқан Сы­байлас жемқорлыққа қарсы іс-қи­мыл агенттігінің төрағасы М.Ах­метжанов кәсіпкерлердің рес­пуб­ликалық форумы – отандық биз­­нестің түрлі мәселелерін тал­қы­лайтын дәстүрлі алаң екенін ал­ға тартты. Оның айтуынша, фо­­рум­ның ұсыныстары негізінде заң­­наманы өзгертіп, мемлекеттік дең­гейде шешімдер қабылдауға мүм­кіндік пайда болады. Бұл рет­­те М.Ахметжанов Сыбайлас жем­­­қорлыққа қарсы іс-қимыл агент­­тігі «Атамекен» палатасымен жұ­мысты барынша жүйелеп, қа­рым-қатынасты нығайтқанын жеткізді.

– Табысты бизнес – елдің тірегі. Кә­сіпкерлік дамыса, экономикамыз кү­шейе­ді. Сондықтан мемлекеттің басты міндеті – бизнестің дамуына қолайлы жағдай жасау. Бірақ бүгінде сыбайлас жемқорлық бұл талаптарға кедергі келтіріп отыр. Бұл індетпен күрес біздің органның ғана емес, тұтас қоғамның ортақ жұмысы. Халқымыз «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді. Сон­дықтан күш-жігерімізді бірік­тірсек, кез келген күрделі мәселені шешуге болады деп санаймыз, – деді М.Ахметжанов.

Бүгінде еліміздегі мемлекеттік қызмет­тердің 90%-ы электрон­ды фор­матқа көшірілген. Алайда әртүрлі ведом­ство­лар­дың арасын­дағы интеграцияның әлсіз болуы­ның салдарынан талап еті­ле­тін қызметтердің 10%-ы еленбей қа­лады. Сондықтан барлық мем­ле­кет­тік қыз­мет пен бизнесті қол­дау шаралары «таза парақтан бас­тап реттеу» мен жаңа ере­желер не­гі­зінде цифрландырылуы тиіс. Бұл ұсынысты «Атамекен» ҰКП төрал­қа­сы­ның төрағасы Тимур Құлыбаев жасады.

– Біз бизнеске қойылатын бар­лық талапты есептеп көрдік және 30 мыңға жеткенде тоқтадық. Бір биз­нестің өзіне қатысты 200-ге жуық заң бар (алдын ала дерек­тер бойынша 182). Мұндай жағ­дайда кәсіпкер, әсіресе, шағын биз­нес қалай жұмыс істеуі керек? Дамыған елдердің тәжірибесі не­гізінде жаңа реттеуші сая­сатта «ойын ережелері» өзгереді, бизнеске қатысты өзекті емес, артық, қай­та­ланатын талаптар алынып тас­талады, – деді Т.Құлыбаев.

Оның айтуынша, осылайша бар­лық талап бірыңғай тізілімге жи­нақталып, цифрландырылады. Яғни бизнес үшін талаптар мен шарт­тардың толық жиынтығы бар бір­ыңғай құқықтық базаға айналады.

– Мұндай жұмыс – бір реттік акция емес. Біз тиімді реттеудің тұ­рақты жұмыс істейтін тетігін құр­­ғымыз келеді. Таза парақтан бас­­тап реттеу – «Бизнеске арнал­ған үкі­мет» құрудың бастапқы нүк­­тесі. Қазір 20-ға жуық ұйым (Даму, Бәйтерек, Е-гов және т.б.) биз­неске 570-тен аса мемлекеттік қыз­­мет пен мемлекеттік қолдау ша­ра­сын ұсынады. Олардың ара­сын­да бірізділік, ортақ және жүйелі коо­перация жоқ. Ол үшін біз бар қыз­меттерді цифрландырып қана қой­май, барлық мемлекеттік қыз­мет пен қолдау шараларына то­лық ревизия, оңтайландыру және ре­ин­жиниринг жасағымыз ке­леді. Мемлекеттік қызметтерді цифр­ландырудың үйреншікті ныса­нын өзгерту керек, ол кезде элек­тронды форматқа тек өтінім беру ғана ауыстырылады, ал бүкіл процесс «қолма-қол» орындалатын бо­лып қалады, – деді Т.Құлыбаев.

 

«Адам факторынан» арылу қажет

Тимур Құлыбаев цифрланды­ру өтінімнен бастап дайын құжат­тар­ды беруге дейінгі бүкіл процес­ке қа­тысты болуы және «адам фак­то­рының» әсері барлық сатыда жо­йылуы тиіс екенін атап өтті. «Сон­дықтан жаңа реттеуді негізге ала отырып, алдымен бизнес-про­­­цес­терді құрып, содан кейін цифр­­­ландырумен айналысу керек. Мем­­лекет басшысы атап өткен мем­­лекет пен халықтың өзара іс-қи­­мы­­лының сервистік моделін құ­ру үшін заңнама мен бизнес-про­цес­терді талдау бойынша осындай жұ­мыс «Азаматтарға арналған үкі­мет» аясында жүргізілуі мүмкін деп сен­еміз», деді ол. Сондай-ақ «Ата­мекен» ҰКП төралқа төр­аға­сы биз­неске қатысты салықтық әкім­шілендіру мәселесіне баса назар аударды.

– Жаңа реттеуді енгізу кезінде са­лықтық әкімшілендіру туралы ұмытпау керек. Егер негізгі салық төлеушілерге қарайтын болсақ, онда олар – 2,4 мың ірі және 6 мың орта кәсіпорын. Өз кезегінде, 1 миллионға жуық микро және шағын бизнес субъектісі салық төлеуден жалтарады, өйткені олар күрделі әкімшілендіруді түсінбейді және қорқады. Сондықтан микро және шағын бизнес үшін ең төменгі және қарапайым салықтар қажет. Салық салу олардың қалыпты өмі­ріне кәдімгі ұялы байланыс немесе коммуналдық қызметтер үшін төлем секілді енгізілуі керек, – деді Т.Құлыбаев.

«Атамекен» ҰКП басшысы­ның айтуынша, қазір әрбір жалда­малы жұмыскер үшін бизнес са­лық агенті ретінде 5 төлем (ЖТС, әлеу­­меттік салық, БЖЗҚ, МӘСҚ, ӘМСҚ жарналары) төлейді, ал жал­­пы жүктеме 34%-ды құрайды. «Бұл ЭЫДҰ бойынша орташа деңгейде (2020 жылы 34,6%) болады. Біздің бағалауымыз бойынша 8,8 млн жұмыспен қамтылған халықтың 4 миллион адамға дейіні өз табысынан тұрақты салықтар мен төлемдерді төлемейтін бейресми жұмыспен қамтылғандар­ға жатқызылуы мүмкін. Көпшілігі қай­та несие алған, коллекторлар мен сот орындаушылары­ның ке­сірінен ресми жұмыс істегісі кел­мейді», деді Т.Құлыбаев. Осыған орай, «Атамекен» ҰКП олар үшін бірыңғай төлем енгізуді жә­не жүк­темені 20%-ға дейін төмен­детуді ұсынады.

– Бұл оларды көлеңкеден шы­ғуға ын­таландырады, яғни олар есепке тұрады ­және оларға мем­лекеттің барлық әлеуметтік қыз­ме­тін пайдалануға кепілдік беріледі. Өздеріңіз білетіндей, мемлекеттік жос­парлаудың жаңа жүйесі аясында Үкімет кәсіпкерлікті да­мытудың 2025 жылға дейінгі жаңа тұжырымдамасын әзірлеп жатыр. Біз жаңа реттеушілік сая­сатты жүргізуге, салықтарға, биз­несті қолдауға байланысты бар­лық ұсынысымызды жаңа тұжы­рым­дамада жүйелеуге тырысамыз. Бұл мәселеде Агенттіктің қолдауына үміттенеміз, – деді Т.Құлыбаев.

«Атамекен» ҰКП басқарма төр­ағасының орынбасары Шыңғыс Темір кәсіпкерлер сыбайлас жем­қорлық факторларына тап болмауы үшін жүйені цифрландыруды жеделдету керектігін жеткізді.

– Сыбайлас жемқорлық бо­йын­ша арнайы шолу аясында жүр­гізілген зерттеулер сыбайлас жем­қорлық жағдайына мына салалар тап болды:

– жер қатынастары саласында – әрбір екінші кәсіпкер;

– көлік, құрылыс, кеден салаларында – әрбір үшінші кәсіпкер;

– салық және сатып алу салаларында – әрбір бесінші кәсіпкер. Мұндай мәселенің бар екенін кө­леңкелі экономика бойынша зерттеулер де растайды, – деді Ш.Темір.

Ол жалпы бизнестегі «адам фак­торын» жою, қайталанатын, керексіз талаптарды алып тастау үшін Палата «Бизнеске арналған үкімет» бірыңғай сервисін құра отырып, бизнеске арналған кешен­ді қызметтерді ұсынды. «Мыса­лы, бизнесті тіркеу қызметі. Қазір ол үшін құрылтай құжаттарын дайындау, компанияны тіркеуге өтінім беру, банкте шот ашу, са­лық режімін таңдау және т. б. сияқ­ты бірқатар рәсімді орындау қажет. Бұл қалай болады? Бір өтінім беру жеткілікті. Жоғарыда аталған барлық рәсім автоматты режімде жасалып, өңделетін болады, ал өтінім беруші бір кешенді қызметті алады», деді ол. Сондай-ақ Ш.Темір жер учаскесін беру және коммуникацияларға қосылу бойынша сервистер, мемлекеттік қолдау шараларын іздеу, салықтар, биз­нес-тізілім, тәуекелдер профилі, тексерулер­ге қатысты цифрландыру тәртібін түсіндірді.

– Біз өз пайымымызды жеке мысалдар арқылы ғана ұсын­дық. Көптеген қызмет ұсынылады жә­не әртүрлі IT-шешім арасында бә­се­келестік болады. Біз үшін, кә­­­сіп­керлік үшін барлық бизнес-үде­­рісті түзету және барынша оңай ету, оларды бірыңғай базаға ин­­те­г­рациялау өте ма­ңызды. Бар­лық қызмет толығымен авто­мат­­тан­дырылуы керек. Бұл «Биз­нес­ке арналған үкімет» жобасын ілге­рілетудегі нақты қадам бол­мақ. Барлық мемлекеттік қызмет пен қол­дау шараларын «бір тере­зеде» шо­ғырландыру бизнесті жүр­гізу шарттарын айтарлықтай жеңіл­детеді. Мұндай шаралар сыбайлас жемқорлық көріністері­нің мүм­кіндіктерін түбегейлі қыс­қар­туға мүмкіндік береді, – деді Ш.Темір.

 

Арнайы ведомство-аралық топ құрылады

Осылайша, форум барысында Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Агенттік ара­сындағы ынты­мақ­­тастық туралы келісімді іске асы­ру бойынша 2020 жылғы Жол кар­тасының қорытындысы шы­ға­рылды, сондай-ақ сыбайлас жем­­қорлыққа қарсы іс-қимыл мәсе­лелері жөніндегі бірқатар бастама ұсынылады.

– Қаражатты бөлу кезеңінен игеруге дейін сүйемелдеуді енгізу орынды. Бірақ бұл бір қақпаға ғана доп соғатын ойын болмауы керек. Бизнес те әділ ойын ереже­лерін қабылдауы тиіс – мемлекет және бюджет ақшасымен жұмыс істегің келсе, ашық саясатқа да­йын бол. Міне – адалдық деген осы. Біз ҰКП-мен кезекті картаны әзір­ледік және тәсілді өзгертіп жа­тырмыз. Біз кәсіпкерлер үшін маңызды салаларды таңдадық жә­не интеграцияланған талдауды қол­дана отырып, әр салада егжей-тегжей жұмыс істейтін боламыз. Ол үшін құқыққорғау органдары мен ҰКП қызметкерлерін, қоғам өкілдерін тарта отырып, арнайы ведомствоаралық топ құрылатын болады. Нәтижесінде тәуекелдер жойылып, нақты заңнамалық түзе­тулер қажет болуы мүмкін, – деді М.Ахметжанов.

Ұлттық кәсіпкерлер палата­сының ма­мандары жемқорлық мә­се­лелерін шешу үшін цифрлық жү­йе қажет деп есеп­тейді. Ол бар­лық процеске – өтінім бер­геннен бас­тап құжат алғанға дейін қа­­тысты болу керек. «Адам факторы» то­лық жойылу керек немесе айтар­лықтай шектелуі керек. Ол үшін Цифрлық даму, ин­новация­лар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қатысуымен Цифр­лық трансформация орталығы құ­рылды. Ол мемлекет және мемлекет, мемлекет және бизнес, мемлекет және тұрғындар атты үш бағыт бойынша жұмыс істейді.

– Мемлекеттің бизнеспен қа­рым-қа­тынасы бағыты бойын­ша біздің негізгі серіктестеріміз – «Ата­­мекен» Ұлттық кә­­сіпкерлер па­­ла­тасы. Ол мемлекеттік про­цес­тер­ге бизнес-көзқарасты қа­лып­тас­­тырады. Ал Сыбайлас жем­қор­лық­қа қарсы іс-қимыл агенттігі сы­байлас жем­қорлық факторла­рын көр­сетеді. Біз биз­нес-процестер­ді қайта қарағаннан кейін бәрін цифр­ландыруға тиіспіз, – деді Цифр­­лық даму, инновациялар және аэро­ғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.

«Атамекен» ҰКП мәліметінше, бү­гінде мемлекеттік қызметтердің 90%-ы цифрландырылған, алайда көптеген ақ­параттық жүйе мен портал арасындағы интеграцияны реттеудің маңызы зор. «Атамекен» өкілдері бірыңғай стандарттар мен бизнеске ашық АРІ арқылы мәселені шешуге болатынын алға тартты. Осылайша, форум жұмысы барысында орамды ойлар ортаға салынып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы ортақ күрес жүргізудің маңызды қадамдары айқын­далды.