Бұл туралы қала әкімі «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында мәлімдеді.
«Нұр-Сұлтан қаласының дамуы – Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының жіті бақылауында. Жоспар бойынша қала ішінде газдандырылуы тиіс жер үйлері басым 16 елді мекен бар. Оның 10-ы жыл соңына дейін толық газға қосылады.
Газдандыру басталған сәттен тұрмыс жағдайы төмен отбасылардың үйлерін қосу бойынша көмек көрсету мәселесі қарастырылды. Бір жолғы әлеуметтік көмек зейнеткерлерге, мүмкіндігі шектеулі ересектерге, ерекше бала асырап отырған отбасыларға, аз қамтылған көпбалалы отбасыларға беріледі
Қаланың едәуір бөлігін жылумен қамтамасыз етіп отырған 1-ЖЭО және 2-ЖЭО жалпы алғанда 13 қазандықтан тұрады. Былтыр 4 қазандық газға ауыстырылды. Жыл соңына дейін қалған 9 қазандықты газға көшіреміз. Жалпы, шаһарды газдандыру 3 кезеңнен тұрады. Жұмыс кестеге сай жүргізіліп жатыр. Тағы 1 мыңнан астам отбасы үйіне газ қосуға техникалық шарттар алды. Жыл соңына дейін жалпы алғанда 11 558 абонент немесе тағы да 143 мың қала тұрғыны газ қосуға мүмкіндік алады. Сонымен қатар қазіргі таңда қаланың екі аумағында жергілікті, автономды жылыту орталықтарын толық газға отырғызу жоспарымыз бар. Бұл 2023 жылы аяқталады», деді Алтай Көлгінов.