Аймақтар • 08 Маусым, 2021

Оралда 5 инвест-жоба талқыланды

312 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында «Қайнар-АКБ» компаниясының жаңа аккумулятор зауыты салынатын болды. Облыс әкімдігінде инвестиция тарту бойынша өткен аймақтық кеңес отырысына жалпы құны 458 млрд теңгені құрайтын бес жоба талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Оралда 5 инвест-жоба талқыланды

«Қайнар-АКБ» ЖШС-ның облыста салғалы отырған жаңа зауытының қуаты жылына 1,2 млн қорғасынды-сілтілі аккумулятор шығаруға жетеді. Компания бұл іске 40 млн АҚШ долларындай қаржы құюды жоспарлаған. Құрылыс жұмысы 2022 жылдың екінші тоқсанында басталып, 2023 жылдың басында зауыт іске қосылмақ.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен өткен инвестициялар тарту, инвестициялық ахуалды жақсарту және экспортты ілгерілету бойынша өңірлік кеңестің кезекті отырысында «Қайнар-АКБ» ЖШС бас директорының орынбасары Тұрар Жолмағамбетов аккумулятор батареяларын өндіретін зауыттың жобасын онлайн таныстырып өтті. Оның айтуынша, бұл зауытта 300 адам тұрақты жұмыс істейтін болады. Зауыт өнімі Еуро Одақ елдеріне, Ресей мен Кавказға экспортталады деп жоспарланған. Мұнда аккумулятордың «Kainar», «Unikum», «Bars», «Nomad», «Вожак» секілді танымал түрлері шығарылмақ. Инвестор жергілікті биліктен Орал қаласы аумағынан темір жол желісі, су, газ, кәріз жүйесі тартылған жер телімін бөлуді сұрап отыр.

45 жылдық тарихы бар, өнімі 15 мемлекетке экспортталып жатқан зауыттың Ақ Жайық өңіріндегі жобасын кеңес мүшелері бір ауыздан қолдады. Оден кейін өңір басшысы мен «Қайнар-АКБ» ЖШС бас директоры Серікбай Әжмағамбетов екі жақты меморандумға қол қойды.

Ал «Dariyn Pro Invest Group» компаниясы Орал қаласындағы ескі спирт зауыты аумағынан өңірдегі кәсіпкерлікті дамыта түсетін өндіріс базасын жасақтауға ниет білдірді. Бұл компания алдағы екі жыл ішінде 500 млн теңге инвестиция тартып, кемінде 40 адамды жұмыспен қамтымақ. Орал қаласынан 5 шақырым жерде орналасқан 9 гектар аумақта 20 мың шаршы метр өндіріс алаңы жасақталып, қоймалар мен сауда орындары, кеңсе ғимараттары келушілерге жалға беріледі деп күтілген. Кәсіпорын өндіріс базасы аумағынан жылыжай салып, онда өсірілген жеміс-жидекті өңдеп, кептіретін орын салуды да жоспарлаған.

Ақжайық ауданындағы Сатимола және Теректі ауданынан қарасты Шалқар кен орындары маңынан калий тыңайтқышын өндіретін зауыт салу жөніндегі инвест жобасын «SRPM Resources Ltd» ЖШС ұсынып отыр. Кәсіпорын бұл жобаға 436 млрд теңге қаржы құймақ. Зауыттың толық қуаты – жылына 4,7 млн тонна калий тыңайтқышын өндіруге жетеді. Әрі онда 1300-ден астам жұмыс орны ашылмақ. Серіктестік инвестициялық жобаны жүзеге асыру үшін екі аудан аумағынан жер телімін сұрап отыр.

Орал қаласынан момология және аллергология бағытында емдейтін «DiVera» медициналық орталығын салу жөнінде жобаны «КДЛ ОЛИМП» ЖШС ұсынып отыр. Мұндай орталық бұған дейін Қарағанды, Атырау, Шымкент, Ақтөбе, Талдықорған қалаларында ашылған. Инвестор Орал қаласындағы «Алтын ғасыр» мейрамханасының ғимаратын медициналық орталыққа айналдыруды жоспарлап та қойған екен. Медициналық орталықта 50 маман жұмыс істейді. Бүгінде жиі кездесетін әйел адамдардағы сүт безі ауруларын ерте анықтауға, аллергиялық дерттерді емдеуге ниет етіп отырған жаңа орталықтың қызметіне сұраныс бар.

Осы отырыста оралдық «Куксов» жеке кәсіпкерлігі Шалқар көлі жағасынан туристік демалыс орынын ашу жобасын ортаға салды. Бұл жобаға 5 жыл ішінде 3 млрд теңге қаражат құйылып, көл жағасында демалыс орындары, киіз үйлер мен заманауи шатырлар орнатылмақ. Сондай-ақ кәсіпкер көлге шабақ жіберіп, балық шаруашылығын да дамытқысы келіп отыр екен.

«Бүгінгі аймақтық кеңес отырысына жалпы құны 458 млрд теңгені құрайтын бес жоба ұсынылды. Бұл инвест жобалар сәтті жүзеге асырылған жағдайда екі мыңнан астам жұмыс орыны ашылатын болады. Ауыл шаруашылығын өркендету, машина жасау саласын жетілдіре түсу, туризмді дамыту, минералды тыңайтқыштар өндіру секілді жобалар біздің өңір үшін өте маңызды. Сондықтан аталған инвестжобалардың барлығын жан-жақты қолдайтын боламыз», дейді Ғали Есқалиев.