Әлем • 08 Маусым, 2021

Шоқан Уәлиханов және ағылшын тілді әлем

1543 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Ұлыбритания­дағы Елшілігі Кембридж университетінің бас­па үйімен бірлесе отырып «Тұңғыш зерт­теуші және Ұлы дала тарихшысы Шоқан Уәли­хановтың таңдамалы еңбектері» кіта­бын жарыққа шы­ғарған болатын. Бұл кітап – Ш.Уәлиханов еңбек­терінің ағылшын тілін­де жарық көрген тұңғыш басы­лымы. Осы­ған байланысты кітапқа редактор болған ше­телдік саяхатшы, британдық жазушы Ник Филдинг аталған еңбектің мән-жайы төңі­ре­гінде бірқатар ойын қағаз бетіне түсіріп, үлкен мақала жазды. Көлемді еңбек­тің газеттік нұс­қасын назарларыңызға ұсынамыз.

Шоқан Уәлиханов және ағылшын тілді әлем

«Орталық Азиядағы орыстар» кітабы 1865 жылы Лондонда жарық көргенін білеміз. Ондағы эсселердің барлығын ағылшын тіліне Корольдік географиялық қоғамның екі мүшесі, ағайынды Джон мен Роберт Мичелл аударған болатын. Кітаптың басқа да артықшылықтарынан бөлек, онда «лейтенант Уәлиханов» деген есімнің ерекше аталғандығы біздің назарымызды бұрғызбай қоймады. Өкінішке қарай, Шоқан Уәлиханов 29 жасында Еуропа жұртшылығына еш танылмастан қазақ даласында құрт ауруынан қайтыс болады.

Біз осынау эссемізде Шоқан шығар­машылығының ағылшын тілінде жарық көрген кітабының шығу себептерін зерттеп, Уәлихановтың негізгі еңбектері­нің ағылшын тіліне аударылуының неге ұзақ­қа созылғанының себебін қарас­тыр­ғымыз келді.

Кітаптың атауы мен шыққан жы­лы­на қарамастан, «Орталық Азиядағы орыстар» Орталық Азиядағы орыс экс­пан­сионизмін айыптап немесе Британ және Ресей империялары арасында­­ғы қарама-қайшылықтың түрлі себебі­не болжам жасамайды. Керісінше, бұл кітап сол кездегі ресейлік зерттеушілер айқындаған Ресейдің Орталық Азияда­ғы әрекетіне деген ерекше көзқарасты көрсетеді. Сонымен қатар кітаптың аудармашылары мен редакторлары «Ұлы ойынды» жақтаушылар арасында көп талқыланған теорияға, яғни Ресейдің бұл аймақтағы кез келген әрекеті Ұлы­британияның ең маңызды отарлық иелігі болып есептелетін Үндістанға ша­буыл бастауының жаршысы дегенге сен­бейтіндіктерін айқын көрсетеді.

Алайда кітаптың редакторлары мен аудармашыларының, әсіресе, ағайынды Мичеллдердің Ресейдің Орталық Азия­ға тізе батыруын қолдағанын анық кө­руге болады. «Жақында Қоқан хан­ды­­ғында болған саяси оқиғалар салда­рынан Орталық Азияға деген үлкен қы­зығушылықтың туындауы және сол алыс аймақтардағы Ресейдің шынайы жағдайына қатысты Англияда басым­дық алған салыстырмалы бейхабарлық бізді осы тақырыпқа қатысты орыс мате­риалдарының ішіндегі ең маңыздысын жинап, оларды ағылшын тілінде көп­шілікке ұсынуға итермеледі», деп жазады олар кітаптың алғысөзінде.

Ағайынды Мичеллдер Қоқанның әр түрлі шағын қаласын Ресейдің жаулап алуы мен олардың әскери бекіністерді салуға және жаңадан тыныштандырылған аймақтарды Түркістан деп атау туралы қабылданған шешімге байланысты Ұлыбританияда алаңдаушылықтың кү­­ше­йіп келе жатқанын атап өтеді. Англия­да көптеген адам бұл оқиғаларды Ре­­сей­дің британдық Үндістанға деген дұш­пандығының дәлелі ретінде қарастырды, дегенмен ағайынды Мичеллдердің бұ­ған көзқарастары басқаша еді. Олар Ресейдің бұл аймақтарға енуін Ресей мен оған ба­ғынышты болуға келіскен көшпелі қазақ­тардың арасындағы келісімдер сал­дары, нақты айтқанда Қоқан мен Хиуа хандары мен олардың әскерлерінің рейдтері мен қарақшылық экспедицияларынан Ресейдің оларға көмек қолын созуынан туындаған территориялық шо­­ғырландыру деп түсіндірді. «Демек тер­­риториялық пайда табу емес, тыныш иелік ету мақсатында байланыстың бе­рік орнауы мен билікті шоғырландыру Орталық Азия хандарының иелігіне жуыр­дағы Ресейдің шабуыл жасауына түрт­кі болды», деп түсіндіреді олар.

Мичеллдер жалпы Бұхарадағы, Хиуа­дағы және Қоқандағы хандықтардың бәрі орыстардың қол астына өтіп, олардың им­перияға сіңісіп кетуі тек уақыт мәсе­лесі деп дұрыс болжайды. Бірақ олар жаз­ғандай, кітап «мұндай жаулап алудың онсыз да тым үлкен әрі басқарылуы қиын, орталығында халық тығыздығы төмен аймақта қайта құрылып келе жатқан Ре­сей империясы үшін пайдасыз екені­не» бірнеше дәлел келтіреді. Олардың айтуын­ша, хандықтарды тұтқындау орыстарға нақты әскери артықшылық бермейді. Шын мәнінде, «Британдық Үндістанға шабуыл жасау жоспарлары Каспийдегі күшпен де, Бұхарадағы әскер көмегімен де орындалуы әбден мүмкін». Екі жағдайда да, шабуылдаушы бөлімшелер Ауғанстанға жеткенге дейін шамамен бірдей қашықтықты өтуге мәжбүр болады.

Мичеллдердің талдауы Лондондағы үкіметтің қақ ортасында отырған Британ империясының кейбір стратегтерінен мүлде өзгеше болатын. «Ұлы ойын» тео­­риясының жақтаушылары осы тақы­рыптағы қоғамдық пікірталастарда жиі басым болды, бірақ олардың пікірлері ақырында жаңсақ болып шықты.

Мичеллдер кітаптың алғы сөзін әрі қарай Ресейдің Орталық Азияға қарай тамыр жаюы ақыр соңында Ұлыбрита­ния­ға пайда әкеледі деп, осы ойды әрі қарай өрбіте түседі: «Түркістанның ұлан­ғайыр кең сахарасындағы тыныштық өркендеуге жалғасқан жағдайда, қазір жоқтың қасы болып тұрған ағылшын өндірушілері мен олардың құралдарына деген сұраныс та арта түседі». Олар ресейліктердің бұл аз зерттелген аймаққа жарық түсіруге тырысқанына ағылшын қоғамы түсіністікпен қарайды деп сенді.

Мичеллдердің бұл көзқарастарын «Орталық Азиядағы орыстар» кітабына кіріспе жазған Корольдік географиялық қоғам хатшысының бұрынғы орынбасары Хьюм Гринфилд мырза да қол­да­ды. Алайда ол Ауғанстандағы Герат – «Үн­діс­танға кіретін кілт» дейтін әңгі­мелер адамның күлкісін келтіреді деп жазды. Себебі 17 000 футқа дейін көтерілген Гиндукуш пен Кунлун таулары қандай да әскери іс-әрекет үшін өтпес кедергі болатын. «Негізінде», – деді Гринфилд, – «ғылым мен адамзаттың мүддесі үшін Ұлыбритания еуропалық өркениеттің кез келген түрі Гималайдың солтүстігінде жатқан ұлан-ғайыр жабайы жерлерге еніп жатқанына қуануы керек».

Гринфилд Орталық Азияға қатысты нақты мәселе деп білімнің жеткіліксіздігін атап өтті. Кітап кіріспесінде ол сол кездегі Батыс Түркістан деп аталған жерге, оның ішіндегі географиялық орасан зор тер­риторияға, сондай-ақ әртүрлі хандардың иеліктеріне егжей-тегжейлі сипаттама береді. Оның көптеген оқырманы үшін бұл жаңа ақпарат еді. Ол сондай-ақ Қаш­қария, Жаркент және Хотанның маңыз­дылығын түсіндіре отырып, шығыс немесе қытайлық Түркістанға да дәл осындай толық сипаттама береді.

Бұл Шоқан Уәлихановтың ағылшын тіліндегі алғашқы жазбалары жариялан­ған кітаптың контексі еді. Уәлиханов­тан басқа, «Орталық Азиядағы орыстар» кітабында Е.Кюлевейннің 26 жастағы жас генерал Николай Игнатьев бастаған Хиуа мен Бұхара хандықтарына 1858 жылғы шағын орыс дипломатиялық миссиясы туралы эссесі де бар. Кюлевейн Хиуаның саяси және әлеуметтік құрылымын баяндаумен бірге, қазақтар, хиуалықтар, сарттар, түрікмендер, қоңыраттар және басқа да халықтар арасындағы жекпе-жектер мен саяси шиеленістердің кейбіреулеріне түсініктеме береді.

Шоқан Уәлихановтың «Орталық Азия­­дағы орыстар» кітабына «Жоң­ғар очерк­тері» және ең бастысы, «Алтышар­дың немесе Қытайдың Нан-Лу (Кіші Бұхара) провинциясының шығыстағы алты қаласының 1858-1859 жылдардағы жайы туралы» атты шығармалары енген. Осы очерктердің барлығы жоғарыда қойылған сұрақтарға, әсіресе Шығыс Түркістанға қатысты сұрақтарға жауап береді. Оларды орыс тілінде 1860 жы­лы пайда болғаннан кейін көп ұзамай ағылшын тілінде жариялау туралы шешім қабылдай отырып, ағылшын редакторлары олардың басты қызығушылығы тек ақпарат болғандығын көрсетті.

Атап айтқанда, Уәлихановтың Қаш­қарияға жасаған экспедициясы, оның сауда керуеннің мүшесі ретінде бүр­ке­меленіп жүрген кезіндегі есебі, сырттан кел­гендер үшін көп жаңалық боларлық ақпараттар әкелді. Қашқария мен Шы­ғыс Түркістан қалаларының көп бөлігі ұзақ жыл бойы өзге адамдар үшін жабық болды және Уәлихановтың жасырын миссиясы әскери жоспарлаушылар мен азаматтық әкімшілерге пайдалы болатын материал жинауға арналған алғашқы маңызды әрекет болды. Ресей Қытай жағындағы Шығыс Түркістанды жаулап алуды жоспарламады, бірақ біраз толқулар орын алған шекараның арғы жағындағы пікірлер туралы білгісі келді.

«Орталық Азиядағы орыстар» кіта­бы өзінің ағылшын оқырмандарына Ре­сей­дің Орталық Азиядағы мақсаттары Үндістанға қарсы келе жатқан науқанмен емес, олардың территориялық экспансиясын тежеу және нығайту күштерімен байланысты екендігіне сендіру мақсатында басылып шығарылды. Мұндай мақсаттар өз кезегінде бытыраңқы әмірлер мен хандар тудырған тұрақсыздыққа және олардың Ресей қорғауына ие болған қа­зақ­тар мен басқа халықтарды талан-та­раж­ға салуына байланысты болды.

Кітаптың жалғасы неге жазылмады де­ген заңды сұрақ тууы мүмкін. Оның се­бептері қарапайым: бірінші кезекте, атап өткендей, Уәлиханов 1865 жылы, кі­тап шыққан жылы қайтыс болды. Егер ол әрі қарай өмір сүрген болса, оның бе­де­лі бұл жұмысты әрі қарай ілгерілетер еді. Өкінішке қарай, оның құнды жазбалары жинақталып, каталогқа енуі және жазған шығармаларының бірінші басылымы Ресейде басылып шығуы үшін 30 жылдан астам уақыт қажет болды. Ол кез­де Орталық Азиядағы негізгі мәсе­лелер, тіпті Ш.Уәлихановтың өзі де, еуро­па­лықтардың көпшілігі арасында ұзақ уақыт ұмытылып кетті. Жаңа заманға де­йін белгісіз болып келген осы кең аймақ, атап айтқанда, Азияның шығыс бөлі­гі туралы ақпарат аз болды. Тек кей­бір ғалым ғана оған қызығушылық танытт­ы және олардың көпшілігі оның жаз­ба­ларын түпнұсқа орыс тілінде ғана оқи алды.

Белгілі себептерге байланысты бұл аймақтарды тарихи зерттеуде ХХ ғасыр­дың көп бөлігінде Орталық Азиядағы оқиғаларды кеңестік идеологияның приз­­масы арқылы түсіндірген орыс ға­лым­дары басым болды. Бүгінде заман өзгерген. Ғылыми зерттеулер алға жылжып, Орталық Азия қазірде тарихы мен этнографиясынан әлдеқайда маңызды рөл атқарады. Дегенмен уақыт өткен сайын Шоқан Уәлихановтың жазбалары бұрынғыдан да маңызды бола түседі, өйткені тарихшылар және басқа ғалымдар тарихи жазбалардағы көптеген бос орындарды осы құнды деректермен толтыруға тырысады. Ол осы аймақтың барлық зерт­теушісінің ішіндегі ең мұқият, ең білімді және ең адамгершілігі мол тұлғасы болып қала береді. Оның қазақтардың әлеу­меттік құрылымы, хандарының тарихы, бақ­сылық, дала соты үрдістері туралы жазған еңбектері, жинаған халық ертегілері мен ән мәтіндерінің жинақтары – теңдессіз ақпарат қазынасы болып табылады.

Осы себеппен Уәлиханов жазбала­ры­ның ағылшынша басылымын шыға­руды жөн көрдім. Қазақстанның Ұлы­британиядағы Елшілігі, Алматыдағы Ш.Уә­лиханов атындағы Тарих және эт­но­логия институты және Кембридж уни­­­верситетінің баспасымен толық ын­ты­­мақтастық арқасында біз «Шоқан Уәли­­ха­новтың таңдамалы шығармалары: Ұлы даланың ізашар зерттеушісі және та­рих­шысы» атты кітабын жарияладық. Ш.Уәлихановты зерттеушілер мен жазу­шылардың жаңа буындарының алдында таныту оның шығармаларына деген қызығушылықты арттырады және оны ұлы ғалым және өз халқының қорғау­шысы ретінде дәріптейтініне осы кітап мүмкіндік береді деп сенемін.

Институттағы ең талантты ғалым­дар­дың бірі болғанына қарамастан, Уәли­хановты қазақ ретінде «инородец» – орыс емес, православиелік емес, өзге адам деп санап, оған оқуды бітіруге және соңғы курс­тық жұмысын жүргізуге рұқсат бер­меді.

1854 жылы Уәлиханов орыс әскери офицері К.Гутковскиймен бірге Жоң­ғар Алатауының бөктеріндегі Қапалға дейін барды және 1856 жылы мамырда өзінің алғашқы әскери миссиясына қа­зіргі Шығыс Қазақстан арқылы Тарба­ға­тай тауларына, Жоңғар Алатауына, одан әрі қарай қазіргі Қырғызстандағы Ыс­тықкөлге дейін барды. Экспедицияның мақсаты қырғыздың бұғы руынан адалдық антын алу және Ыстықкөл аймағы туралы топографиялық ақпарат жинау бол­ды. Осы экспедиция аяқталғаннан кейін, 1857 жылы ақпанда оған Орыс географиялық қоғамына толық есеп беру үшін Санкт-Петербургке бару ұсынылды. Семеновтің ұсынысының негізінде ол Қоғам мүшелігіне сайланды.

1858 жылы маусымда Уәлиханов өзі­нің беделін арттыратын экспедицияға ат­танды. Ташкенттік көпестің атын жа­мы­­лып, ол Тянь-Шань тауларының арғы бе­тін­дегі Шығыс Түркістандағы сырт­тан кел­гендерге белгісіз қала – Қаш­қар­ға бет алған 43 адам, 101 түйе және 65 жыл­­қыдан құралған керуенге қо­сылды. Ре­­сей­­лік шенеуніктер Шығыс Түркіс­тан­­­да болып жатқан көтеріліс туралы ха­­­бар­­­ларға алаңдаушылық білдірді және Қы­­­тай­дың оны басудағы әлсіздігі Ресей экс­­­пан­сиясының мүмкіндігі бола ала ма, жоқ па деген мәселені белсенді түрде қа­рас­­тырды. Іле өзенінің аңғары бойымен мың­­даған қазақтар үнемі өз отарларымен Қы­­­тайдың бақылауындағы аймақтарға ба­­­рып-келіп отырды және орыстар олар­дың пікір­лері туралы көбірек білгісі келді.

Уәлихановтың ерекше дағдыларын және оны қазақ тайпалары мен кең дала­ның басқа тұрғындары туралы өмір­лік маңызды ақпараттарды жинауға пай­да­ла­нуға болатындығын бірінші болып Семенов таныды. Ол жас қазақ және оның Қашқарияға саяхаты туралы былай деп жазды:

«Уәлиханов сол кездегі генерал-губернатор штатындағы ең қабілетті жалғыз офицер болды. Қашқарға қазақ ұлт­тық киімінде жіберілген ол жетілуі мен да­рын­дылығы арқасында тек Қашқар­дың ғана емес, бүкіл Алтышардың қазіргі жағ­дайы туралы Ресей үшін құнды ақ­парат жинап, сол кездегі Шығыс Түр­кіс­тан­да болған тәртіпсіздіктердің себеп­терін анық­тауға мүмкіндік берді».

Бұл, демек Орыс географиялық қоға­мы, Соғыс және Сыртқы істер минис­тр­ліктері қолдаған саяхатқа негіз болды. 1858 жылы маусымда Жетісудан кетіп, Уәлиханов өзін Ташкенттен келген көпес «Әлімбайға» айналдырды. Ке­руен сол жылы қазан айында Қашқарға келді. Уәлихановтың күнделік жазбала­рында ол кездескен адамдардың, сөйлейтін тіл­дердің, олардың әдет-ғұрыптарының сипаттамалары, сондай-ақ егжей-тегжей­лі карталар келтірілген. Қалада болған кез­­де ол аймақтағы ежелгі будда ескерткіш­тері туралы жазбалар жасады. Ол соны­мен бірге одан бір жыл бұрын сол қалада жо­ға­лып кеткен неміс ботанигі және зерттеушісі Адольф Шлагинтвейттің өмірін зерттеді.

Шлагинтвейт Мюнхенде туған бес аға­йындының екіншісі болды. Ол ағайынды Герман және Робертпен бірге 1854 жылы Альпінің географиясы мен геологиясы туралы зерттеу жариялады. Сол жылы Шығыс Үндістан компаниясы Александр фон Гумбольдттың ұсынысы бойынша ағайындыларға ғылыми зерттеулер жүргізуді, әсіресе Үндістандағы және оның солтүстік биік тауларындағы жердің магнит өрісін зерттеуді тапсыр­ды. Олар 1854 жылы қазан айында Саутгемптоннан Үндістанға келді және Деканнан өткеннен кейін үш жыл бойы Тибетпен шекаралас Гималай, Қара­қорым және Куньлунь тауларын зерттеді.

Үндістан мен Гималайдың етектерін 17 000 мильден асып өткен көптеген саяхаттардан кейін, үш ағайынды 1856 жылдың қазанында Кашмирдің Сринагар қаласында соңғы рет кездесті. Роберт пен Герман Еуропаға теңіз арқылы оралуды шешіп, келесі жылдың маусым айында үйге келді. Көп ұзамай олар өздерінің төрт томдық «Үндістанға және Жоғары Азия­ға ғылыми миссиясының нәтижелері» еңбегін жариялады (Лейпциг, 1860-1866). Алайда Адольф тауға саяхаттау­ды жалғастыруға шешім қабылдады. 1857 жылдың жазында оны қытайлар­ға қар­сы бас көтерген Қашқар билеуші­сі Уали ханның әскерлері тұтқындады. 1857 жылы 26 тамызда хан сарайының аула­сында Қытайдың барлаушысы деген күдік­пен Шлагинтвейттің басы кесілді.

Шлагинтвейтпен болған жағдайды дәл тапқан Уәлиханов болды және кейбір деректер бойынша ол ғалымның басымен Омбыға сәтті оралды. Шлагинвейттің дәп­тері біраз уақыттан кейін Қашқардағы темекі сататын дүкенде пайда болды, оны парсы саудагері сатып алып, Үндістанға әкелді.

Уәлиханов 1859 жылдың сәуірінде ғана Қашқардан оралып, қайтадан Санкт-Петербургке шақырылды. Ол жерде қо­ғамдық өмірдің ортасында болып, пат­ша Александр II-ден марапат алып, ка­питан дәрежесіне көтерілді және 500 рубль сыйақыға ие болды. Оның «Қы­тай империясының батыс өлкесі туралы» және «Кұлжа мен Шәуешектегі сау­да туралы» маңызды мақалалары тек әс­кери орталарда таратылып, 1962 жыл­ы ғана жарияланды. Оған Сырт­қы істер министрлігінің Азия департа­мен­тінде жаңа жұмыс берілді, бірақ 1861 жылы көктемде туберкулез ауруы Уәлихановты Санкт-Петербургтен кетуге мәжбүр етті.

1862 жылы ол Атбасар сыртқы окру­гінің аға сұлтаны лауазымына сайлан­ды, бірақ жергілікті шенеуніктер ықпалы бұл лауазымға орналасуына жол бермеді. Бұл Уәлиханов үшін ауыр соққы болды. 1864 жылы, осы сәтсіз сайлау әрекетінен екі жылдан кейін, Уәлиханов генерал Михаил Григорьевич Черняев­тің басқаруымен Оңтүстік Қазақстан­ға әс­кери экспедицияға қосылды. Гене­рал­дың Әулие-Атада (Жамбылда) жергі­лік­ті халыққа жасаған қатал әрекеті жас қазақты және бірқатар жанашыр орыс офицерін қатты алаңдатты, олар өз лауазымдарын босатып, әскери операциялар орнынан тез арада кетуге ше­шім қабылдады. Уәлиханов содан ке­йін ешқашан Ресей мемлекетіне жұмыс істемеді.

 Ол қайтыс болған кезде Орыс геогра­фиялық қоғамы оның Қашқарға саяхаты «Марко Поло кезінен бергі ең керемет географиялық жетістік болды» деп мәлімдеме жасады.

Уәлиханов өзінің қазақ болғандығы­на және православ христиан емес екен­дігі­не байланысты орыстар ұғымында әрдайым «инородец» болғанымен, олар­ға көшпелі қоғамның құрылысы туралы ең жақсы түсінік ұсынған адам болып шықты. Ол Ресей губернаторлары мен саясаткерлеріне дала көшпенділерінің заң және тарихи дәстүрлерін құрметтеу туралы өтініштер жасады, бірақ оның ешқайсысына құлақ аспады. Орыс географтары, картографтары, ботаниктері мен биологтары кең, жаңадан иемден­ген Орталық Азия территорияларын кар­то­гра­фиялап, жіктей алса да, аймақ­тағы ха­лықты сондай айқындықпен еш­кім тү­сі­не алмады. Уәлиханов қайтыс бол­­ған­нан кейін Достоевский оған келген бір адам­ға өзінің ескі досы туралы жылы сөз­­дерін арнады: «Сіз анау палисандр сан­­дық­шаны көріп тұрсыз ба? Бұл – менің сібір­лік досым Шоқан Уәлихановтың сый­лығы. Мен үшін өте қымбат. Онда мен өз қол­жазбаларымды, хаттарымды және өзі­ме қымбат заттарымды сақтай­мын».

Уәлихановтың ағылшын тіліндегі шы­­ғар­малар жинағының жаңа басылымы осы таңғажайып адамның өмірі мен шығармашылығына деген қызығушылық пен зерттеуді одан әрі ынталандырады деп үміттенемін.

 

Ник Филдинг