Осыған орай академия базасында енді киберқылмыспен күресетін мамандар даярлана бастады. Ендігі кезекте полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіптің күзетшілері ғана емес, бағдарламашы қызметіне кірісіп, хакерлермен күрестің амал-айласын меңгермек.
Алматы академиясы бастығының орынбасары Жанат Ділбарханова технология күн сайын өзгеріп жатқан заманда киберқылмыспен күресу өте маңызды, дейді. Оның айтуынша, киберқылмыспен күрес мамандығына осы саладан тәжірибесі бар кадрлар таңдап алынған. Интернеттің дамуымен зиянкестер қазір әртүрлі мессенджерлердің, әлеуметтік желілердің, тіптен қол телефонның көмегімен азаматтарды алдаудың жаңа әдісіне көшкен. Ал киберқылмыспен күресудің әліппесін меңгеруге кірісіп кеткен болашақ мамандар үшін ақпараттық технологиялардың озық әдістерін жіті меңгеруге тура келеді. Бұл өз кезегінде онлайн-саладағы қылмыстарды ауыздықтауға мүмкіндік береді. Ал олардың дайындығына басқа да ұйымдар мен мекемелердің мамандары тартылып отыр. Заманауи технологиялар күн сайын жаңарып отырған кезеңде бұл мәселеде кәсіпқойлардың қатысқаны тиімді. Олардың көмегімен Академиядағы орталықтың ақпараттық базасы толықтырылып, оқу үрдісін жетілдірудегі мүмкіндіктері пайдаланылады.
Оқыту бағдарламасы негізінен тәжірибеге негізделген. Оқу барысының шамамен 70 пайызы практикалық сабақтардан тұрады. Оның барысында киберқылмыстарды ашудың, дәлелдемелерді табу мен белгілеудің, IT-технологиялардың, телефон байланысының көмегімен жасалатын құқық бұзушылықтарды тергеудің заманауи әдістері үйретіледі.
АЛМАТЫ