Аймақтар • 11 Маусым, 2021

Атырауда өтініштерді қарау тәртібі түсіндірілді

405 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР Президентінің көмекшісі – ҚР Президенті Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі Тамара Дүйсенова бастаған ақпараттық-түсіндіру тобы Атырауда тұрғындардан түскен өтініштерді қарау тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Атырауда өтініштерді қарау тәртібі түсіндірілді

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Айдарбековтің төрағалығымен өткен жиынға әкімдіктегі жауапты сала мамандары, департаменттер, құқық қорғау органдары, басқарма және тиісті мекеме басшылары, аудан әкімдері, сондай-ақ селекторлық режимде ауылдық округ әкімдері қатысты. Онда осы жылдың 1 шілдесінде күшіне енетін ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекске сәйкес, өтініштерді қарауды жетілдіру мақсатында жаңа форматқа көшу мәселесі қаралды.

«Қазір Атырау қаласы мен барлық ауданда сервистік әкімдік жұмыс істеуде. Сонымен қатар кодекс талаптарын түсіндіру бойынша барлық мемлекеттік қызметші оқудан өтіп, тиісті сертификаттарын алды. «Е-Өтініш» ақпараттық жүйесіне 213 мемлекеттік мекеме қосылып, өтініштерді өңдеу жұмыстары ұйымдастырылуда. Жалпы азаматтардың құқықтарын қорғау бағытында қабылданған реформалардың маңыздылығын ескере отырып, алдағы уақытта бұл жұмыстар әкімдіктің тікелей бақылауында болады», деді Серік Айдарбеков.

Оның айтуынша, тұрғындардан түскен өзекті өтініштер негізінен жер және тұрғын үй, жұмыспен қамту, әлеуметтік көмек көрсету, білім беру мен денсаулық сақтау мәселелері бойынша тіркелген.

Ал, ҚР Президенті Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі Тамара Дүйсенова ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне сай өтініштерді жаңаша қарау тәртібін жан-жақты түсіндіріп берді.

«Бірінші тоқсанда Президент Әкімшілігіне 449 мыңнан астам арыз түскен. Мұның ішінде 50 пайызы жергілікті атқарушы органның үлесіне тиесілі» дейді Тамара Дүйсенова.

Оның мәліметінше, кодекс талаптарына сай, бұрын арыз 30 күн ішінде қаралатын болса, енді 15 күнде қаралатынын және әр түскен арызға әкімшілік іс ашылады. Ал, облыста жыл басынан бері жергілікті атқарушы органдарға 16 мыңға жуық өтініш түсіп, оның 20 пайызы қанағаттандырылған. Өтініштердің қалғанына заңға сәйкес түсініктеме берілген.