Аймақтар • 11 Маусым, 2021

Түркиялық инвестор Атырауға 10 млн доллар инвестиция салуы мүмкін

388 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Атырауда түркиялық инвестордың қаржыландыруымен 10 млн доллардың жобасы іске асырылуы мүмкін, деп хабарлайды Egemen.kz.

Түркиялық инвестор Атырауға 10 млн доллар инвестиция салуы мүмкін

Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов түркиялық «BRIMSTONE Sulphur Provider Company» компаниясының негізін қалаушы Эфе Мунип Нурдоғдумен кездесіп, химия өнеркәсібі саласына қатысты  жобаларды талқылады.

Облыс әкімінің айтуына қарағанда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында атап көрсеткендей, еліміздің батыстағы өңірлері мұнай-химия кешенін салып, жоғары деңгейдегі қайта өңдеу ісінің жаңа өндірістік циклдарын құруға ерекше назар аударып отыр. Осы орайда Атырау облысында да бірқатар ауқымды жоба қолға алынып, инвестиция тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Түркия инвесторы Атырау облысында күкірт бетонитін өндіретін өндіріс орнын ашуға ниетті болып отыр. Инвестиция көлемі шамамен 10 млн АҚШ долларын құрайтын жобада 50-ге жуық адам тұрақты жұмыс істемек.

«Қазақстанда күкірттің жеткілікті қоры бар. Алайда, біз үшін де, жалпы ел үшін де шикізатты терең өңдеуді ұйымдастыру, дайын өнімді күкірт бентониті түрінде шығарып, шетел нарығына экспорттау әлдеқайда тиімді. Логистикалық тұрғыдан алғанда, Атырау облысы – бұл жобаны жүзеге асыру үшін өте ыңғайлы инвестициялық алаң. Осы облыстан  Қытай, Еуропа мен Ресей нарығына шығудың тиімді тұсы көп», дейді Мунип Нурдоғду.

Оның айтуынша, Түркияның Измир қаласындағы зауыт күкірт пен ілеспе өнімдерін Еуропа елдеріне шығарады. Түркиялық компанияның өнімдері ауыл шаруашылығы саласында әсіресе, сортаң әрі тұзды жерге табиғи тыңайтқыш ретінде қолданылады.   

Сондай-ақ Түркия инвесторы «Теңізшевройл» ЖШС-нің өкілдерімен шикізатпен қамтамасыз ету мәселесіне қатысты келіссөздер жүргізді.